01.08.2022
  107


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖЕР – ДӨҢГЕЛЕК

Биік шыңға шығып мен,
Қарап едім төменге:
Құмырсқалар жыбырлап,
Өрмелеген өмірге.
Жер бедерлі дөңгелек
Жалғыз күн тұр төбемде.
Асты – түнек, үсті – өмір
Топырақтан жаралдық.
Атауы бар әртүрлі
Тіршілік боп таралдық.
Жарық дейтін әлемде
Жанып-сөніп тұрады.
Жаңару мен ескіру
Өмір сәнін құрады.
Бір мұңайып, бір күліп,
Бұл фәниден өтеміз.
Жер дөңгелек.
Зырғанап,
Бәріміз де кетеміз.
Бір-ақ тұтам тірлікте
Өтірік те, шын да бар.
Ездік пенен ерлік те,
Қуаныш та, мұң да бар.
Аз да болса тілекшің,
Біреулерге керексің.
Аз өмірді өксітпей
Өткізгенге не жетсін?!.





Пікір жазу