01.08.2022
  117


Автор: Айсырға Қилыбаева

Жан дүниемді жалаңаштап көрсетпеймін ешкімге...

Жан дүниемді жалаңаштап көрсетпеймін ешкімге,
Жанған өртті тайсалмастан жалаңаяқ кештім де.
Мен ауылда маңдайалды қыз болдым,
Болып көрдім мүсәпір де, міскін де.
Тәттіні де, ащыны да жұтып көрдім жеріп мен,
Қатып қалған қара көнді көз жасыммен еріткем.
Өмірдегі қиқымды да, сиқырды да арбаушы
Көзбен емес, көріп келем, көріп келем жүрекпен.
Ішкенің де, кигенің де бір-ақ сәтке жетеді,
Қимастық та, жолдастық та – қызметтің өтеуі.
Құлқын, бақ та, жылтыр тақ та – сырғанақ,
Боран соғып, күн суытса, мұзға айналып кетеді.
Бәрі бекер, бәрі де өтер, қайғы менен қуаныш,
Өмір дейтін – тоқтамайтын тулап жатқан бір ағыс.
Біз келеміз ай мен күнді төбемізге көтеріп,
Қатарына жете алмаймыз – олар бізден тым алыс.
Жас күнің де, кекселік те өз үлесін алады,
Өз әніңді өзге әнші сенен де әсем салады.
Бір кездегі жүйрік атың қалса кейін бәйгеден,
Қасыңда тек перзентің мен жан серігің қалады.
Құрсағымды жарып шыққан бөбектерім – аласармас мұратым,
Биік болсын ақбас таулар солар өрлеп шығатын.
Ажарымды, қажарымды қатал уақыт үгеді,
Аласарсам, балаларым мені арқалап тұратын.
Тірлігімнің таянышы, тарқамайтын базары,
Қайнап жатсын оттан түспей қараша үйдің қазаны.
Мен кеткенде анау жаққа аттанып,
Әулиедей көрінеді тек оларға анасының мазары.
Өз перзентін сүйе білу – ата-ананың міндеті,
Өсіп-өшу, өзгерумен жаңарады жер беті.
Барлық пенде – бір Алланың құлдары,
Бар мұсылман – ғалейссалам Мұхаммедтің үмбеті





Пікір жазу