01.08.2022
  101


Автор: Айсырға Қилыбаева

ФӘНИ – БАҚИҒА БАРАР ЖОЛ

Барады қайда асығып бұл адамдар?!
Тұрмайды құздан асып құлағандар.
Тұрағын көктен емес, жерден тапқан
Жер жарған ысқырығы ғұламалар.
Әсемдік бояу іздеп төңіректен,
Әркімнің арман қуып өмірі өткен.
Артына тастап асыл қазынасын,
Алып пен сақилардың көбі кеткен.
Қанаттар қалықтайды биіктерде,
Олар да жығылады жетіп жерге.
Алады жер қойнына шешіндіріп,
Тонның да, керегі жоқ бөріктің де.
Бұл жалған жоқты бармен күрестірген,
Тоқты да жығады арық кем ішкенмен.
Тіршілік ала-құла.
Бақи ғұмыр
Байды да, кедейді де теңестірген.
Тірлікте шабысамыз, оқтасамыз,
Бақиға жеткеннен соң тоқ басамыз.
Біреуден артық ішіп, тартып ішіп,
Бірде мұз, бірде күйіп, шоқ басамыз.
Біреуді жек көреміз, кектенеміз,
Біреудің жер басқанын көп көреміз.
Біреуді «Сопақсың» деп мазақ етіп,
Тапалға «Аласасың» деп күлеміз.
Ғұмыр-ай, шуылдаған, дуылдаған,
Тіршілік – кең дастархан жиылмаған.
Көктемде қаулап өскен жапырақтың
Күз келсе, бірі қалмас жұлынбаған.
Тұратын жамандықтан, жақсылықтан,
Молдықтан, жаратылған тапшылықтан.
Күн жарық, түн қараңғы, аспан ашық,
Әлем кең, дүние тар – қайшылықтан.
«Біздерден бұрын өткен тектілерім –
Тұлғасы ғасырының» деп білемін.
Солардың армандары арқасында
Бұл күнге көшіп-қонып жетті елім.





Пікір жазу