01.08.2022
105
ОЙ ТҰНЫҒЫ
Адам біткен Аллаға сыйынады,
Тартып пенде тегіне туылады.
Жаратылыс заңынан беймәлімдеу
Өз заманы әкелер ұлыларды.
Ұлылықтың ұйығы – ой тұнығы,
Жалбарыну, жалыну – құл қылығы,
Жүре алмайсың ұлылар қатарында
Тыя алмасаң нәпсіңді, құлқыныңды.
«Алла – ұлы құдірет дара тұрған,
Әмірімен тіршілік жаратылған»
Деп жатады білімпаз ғұламалар,
Дәріс беріп Пайғамбар шариатынан.
Ұлыларды ұқсатам Пайғамбарға,
Жөн көрсетер жолынан тайғандарға.
Жанып, сөніп жатады шырақтарың
Мәңгі байтақ құшағын жайған дала.
Шапағаты маңына шашыраған
Жасайды өз ғұмырын ғасыр-адам.
Жердегі тас, аспан-көз жарқ еткізіп,
Бейнесін өшпестей ғып басып алған.
Өмірді ажал шіркін мұқатады,
«Тірлікті өшірем» деп, оқ атады.
Мың ғасырлық өмірі жас еменді
Темір балта бір күнде құлатады.