ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҮМБЕТІ
Көкірегіне көктемнің гүлін еккен,
Адалдықты бойына үйір еткен;
Ар алдында жауапты адам ғана
Ала жіптен аттамай жүріп өткен.
Алла жебеп жүреді осыларды ,
Шапағатын, сыйлығын ұсынады.
Пайғамбар да атаған «үмбетім» деп,
Бай, кедей деп, бөлмеген мұсылманды.
Сауатсызы, сауатты, сопысы да
Бес уақыт намазын оқыса да;
Басын шұлғып оң, солға зікір салып,
Алла аты аузында отырса да,
Жақын емес Аллаға – тазармаса,
Іші күпір, сырты үтір адам қанша!
«Зәрулерден бой тартып жүремін» деп,
Аллаға жететін жол таба алмаса.
Әруақтар біреудің түсіне енді,
Құранды әркім өзінше түсінеді.
«Күнәдән пәк пенде» деп айта алмаймын
Құран ұстап жүрген кей кісілерді.
Өмір – өрнек, ақ-қара кестеленген,
Нақыл қалған пайымды естілерден:
Аңқауларға «Алпауыз молдалардың
Қылығы емес, айтқанын істе!» деген.
Байлар жүр «Көмейімді бітесем» деп,
Пайдасы тапқанынан екі есе көп.
Кей қулар Мекке жаққа барып та жүр,
«Алланы алам ба, - деп, - жекешелеп».
Қазір молда көбейді Құран ашқан,
Аңдысып, бірін-бірі кінәласқан.
Бағынбай жеке меншік құзырына,
Алла хақ, тағында отыр құламастан.