01.08.2022
  118


Автор: Айсырға Қилыбаева

МЕНІҢ АЛЛАМ

Көзден сіңіп, жүрегімде ұйыған
Құдайыма күндіз-түні сыйынам.
Өміріме қуат алып келемін
Жаратқанның жарқыратқан нұрынан.
Біреу мені «бақсыз» дейді бал ашып,
Жүрмеген соң атқа, таққа таласып.
Бірде жеңіл, бірде ауыр артатын
Тағдырыммен келе жатам жарасып.
Менің Аллам – жүрегімде, қанымда,
Аллам барда – кірлемейді арым да.
Менің Аллам ақ сақалды қарт емес,
Отыратын күннің арғы жағында.
Менің Аллам – алған әрбір тынысым,
Менің Аллам – бақ пен дәулет, ырысым.
Адастырмай жолға салып келеді,
Мен Аллама ризамын сол үшін!
Бірде жалқы, біде қалың орманмын,
Аш жүрсем де, біреулерге қорғанмын.
Аспандағы ұшақтардың ішінде,
Жаяулардың қатарында «мен» бармын.
«Мені» жоқтар – құл болудан қашпайды,
«Мені» жоқты – ит те, құс та жасқайды.
«Мені» барға – қаптаған жау қайғы емес,
«Мені» жоққа – қалтаң-құлтаң бас қайғы.
«Мені» бардың – бәрінде бар Алласы,
«Мені» барлар – тіршіліктің жалғасы.
Жоғалтпайды Алла сүйген достарын
Тарихта қалады өшпей таңбасы.
«Мен» емессің – өз Аллаңмен қалмасаң,
Ағыстарға қарсы жүзе алмасаң.
Өз Аллаңды қорғау үшін жауыңа
Бес қаруды белге байлап бармасаң.
Ұлы Пірім, табынатын Аллам бар,
Солар жебеп, жетелейді армандар.
Менен озып кете алмайды сондықтан
Қажы болып Меккеге де барғандар.
Бай, бақсының жалап-жұқтап қалдығын,
Деп жүргендер «Қатарының алдымын»
Бірдей әкеп, бірдей алып кететін
Орындайды Жаратқанның жарлығын.
«Мені» барлар – айнымайтын жақтасым,
«Мені» жоқтар маған бояу жақпасын!
«Мені» бардың қара шәйі болса да,
«Мені» жоқтың тәттісінен сақтасын!..





Пікір жазу