01.08.2022
  211


Автор: Айсырға Қилыбаева

«Тәуекел» дейтін тектенбіз...

«Тәуекел» дейтін тектенбіз,
«Әкелден» азап шеккенбіз.
Алпауыт салған құрықтан
Жуасып бүгін кеткенбіз.
Қасқырдың сүтін емгенбіз,
Көк Түрік дейтін елденбіз.
Мысырды билеп үш ғасыр,
Тағына мініп көргенбіз.
Төгілтіп көйлек кигенбіз,
Салтанат құрып жүргенбіз.
Ер-тұрман салып, ырғалып,
Сәйгүліктер де мінгенбіз.
Қайқының ізін жалғаппыз,
Қашаған болып сайраппыз.
Намысын жатқа бермеген,
Атадан қалған ұрпақпыз.
Рух бар да, өрлік бар,
Қайрат бар да, ерлік бар.
Тағдыр тапшы бірақ та,
Алып басқа бөрік тар.
Нағыз ерлік байқалар
Қарбаласта, сынақта.
Жеңілістер болса да,
Рухыңды құлатпа!
Қарсыласпен алыспай,
Қашып жүру – масқара!
Жыртылса да, бөркіңді
Жау қолына тастама!
Биікке ұмтыл, жас өркен,
Қанатын қаққан қырандай.
Безбүйрек болма елеусіз,
Сортаңда қалған сораңдай.





Пікір жазу