01.08.2022
109
Өзіне «құдірет, күш» еншілеген...
Өзіне «құдірет, күш» еншілеген,
Көбейді осы күнде емші деген.
Жатса да ем-дауасы теріс кетіп,
Ұялып, маңдайлары тершімеген.
Көздері теңге көрсе жайнап кетер,
Тілдері буыны жоқ сайрап кетер.
Көрсетсең көзіңдегі теріскенді,
Басыңа тауып берер басқа қатер.
Сөйлесіп «әруақпен» ара-тұра,
Көрініп қасиетті, дара тұлға;
Жаралған жан сияқты көрінеді
Алланың шапағатын таратуға.
Тыңдасаң, жаза алмайтын науқасы жоқ,
Сондықтан әрқашанда қалтасы тоқ.
Сырт көзге емші менен емделуші –
Көрінер соқырлардың саудасы боп.