01.08.2022
  126


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚУЛЫҚ ПЕН СҰМДЫҚ

Қулық пен сұмдық мәреге жетті жетіліп,
Іштегі дертің шығады болып кекірік.
Дайын асқа қасығын ала жүгіріп,
Шегірткелер жүр секіріп.
Атамыз ойлау, анамыз бізге сөз берген,
Ой менен сөзді жұқартып жүр-ау кез-келген.
Қолтығына кез-келген жанның тығылып,
Тініміз тарқап, тіліміз мың сан өзгерген.
Тарихымызда дана қарттарым күрсінген,
Санасына тарғыл тұман мен түн сіңген.
Келіп жатыр шашырап жатқан қалың жұрт,
Боз маядай ботасын көріп, исінген.
Қаратауым сілкінбей жатыр бірақ та,
Теңізі тулап, қашып кеткендей жыраққа.
«Елім-айдың» алыстап кеткен сарыны
Жақынырақ естіліп жатыр құлаққа.





Пікір жазу