01.08.2022
  83


Автор: Айсырға Қилыбаева

КЕРЕГІН…

Керегін әркім келіп алып жатыр,
Босатқан қалбырлары қалып жатыр.
Қуатты құрал тауып Адам-батыр,
Әртүрлі қиғылықты салып жатыр.
Біреуі теңіз түбін сүзіп жатыр,
Желкесін «тілсіздердің» үзіп жатыр.
Денесі шұрық тесік қайран дала
Біріне сес көрсетпей, төзіп жатыр.
Жерім бай, елім бірақ ала-құла,
Би-шешен елді аузына қаратуда.
«Мырзалар» қамқор боп жүр мұқтаждарға,
Бес-алты тиын беріп ара-тұра.
Тау, таста даналардың сөзі жатыр,
Халықтың көшіп-қонған ізі жатыр.
Дүрбелең, атыс-шабыс сапырылысқан,
Тарих та өз керегін тізіп жатыр.





Пікір жазу