01.08.2022
  113


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТАУЫҚ-ТІРЛІК

Ауламызға түлкі келді айлалы,
Елдің ішін үміт, күдік жайлады.
Ұстағандар бұлаңдатып құйрығын
Айрылып қап, бармақтарын шайнады.
Түлкі кірді індігешке тығылып,
Адамдардан аулақтаған, шығынып.
Індігештің аузында тышқан тұр,
Жылт-жылт көзі, арты інге сұғынып.
Қоқиланып тауықтар жүр паң басқан,
Қарғыларын мойнына байласқан.
Түлкі, тышқан, тауықтардың дәурені –
Қан-жыны бір, ым-жымдары жарасқан.
Жілікке емес, жікке бөліп нарықты,
Өтірікпен семіртіп жүр арықты.
Өз жеріне өгей етіп түлігін,
Қарық қылды тышқан менен тауықты.
Күзет қойып қақпасына тышқаннан,
«Су жұқпас» деп, күйген маймен ысталған;
Қу түлкінің жіліншігі ұзарып,
Артын жабар құйрық біраз қысқарған.
Тауықтар жүр өрісі кең, жайылып,
Жайылымда іздегені табылып.
Бота боздап, маңырайды қошақан,
Қарыны аш, мамаларын сағынып.
Жер талғамас тары жатса шашылып,
Шоқи берер араны кең ашылып.
Түлкі күтер семіргенін тауықтың,
Өңешіне өткізуге асығып.
Қошақан мен ботақандар байланды,
Кең өрісі тар қуысқа айналды.
Иіс сезгіш, аң қоректі жәндіктер –
Түлкі, тышқан тұмсықтары майланды.
Тауықтар жүр, бұғағы өскен қоқиып,
Нарық дәні тамағына жұтылып.
Жатыр бүгін бота, құлын, қозыға
Тауық, тышқан, түлкі тілі оқылып.





Пікір жазу