БОС ҚАЛБЫР
Қазір бәрі жатса-дағы табылып,
Біреулердің қалтасы жүр қағылып.
Кеңіп кеткен құлқындары жебірдің
Пейілдері кеткенімен тарылып.
Түспеймін деп ойлайтындай тақтылар,
Перза жолын пешка байлап, мат қылар.
Көмейі кең болғанымен, пейілі тар,
Өңештен қыл өтпейтін де шақ туар.
Қонақ келсе, төрден орын береміз,
Бірақ, бірақ осы күні неге біз
Қонақ күту салтын биік көтеріп,
Баба рухын төмендетіп келеміз?!
«Құдайы» деп, мол дастархан жаямыз,
Сыйлау үшін керегін де табамыз.
Кетеді олар.
Күңірсіген ыдыс пен
Бос қалбырға ие болып қаламыз.
Осы сұрақ мазалайды күні-түн,
Қалай ғана өз қағымнан үріктім?!
Бабаларым намыс үшін тірессе,
Мен басымды намыссызға иіппін.
Жетер енді! Оянатын кез келді,
Жер-Ана да, «Ел аға» да өзгерді.
Президент «Ел сенімін ақтаймын,
Халқым – менің бақытым» деп сөз берді.
Бодан емес халық дүрдей жетілді,
Сөзің, ісің болсын бірдей өтімді.
Олай-былай былғаламай басыңды,
Заманыңа анық көрсет бетіңді!
Төтеп берген түрлі дәуір тезіне,
Өз ұрпағы өгей емес өзіне.
Үш жүз алпыс әулиелер жебеген
Бұл өлкеде жатыр біздің шежіре.
Жасыл байрақ желбірейді көгімде,
Егемендік алуымыз тегін бе?!
Өміріме желі тартып қазығым,
Қағулы тұр туып-өскен жерімде.
Төбесін күн, теңіз шайған етегін,
Мынау дала – менің атамекенім.
Ей, жас ұрпақ!
Ата рухын ұлықтап,
Көк байрақты биігірек көтерің!
Жүйрік уақыт баса алмайды ентігін,
Қыран бүркіт өзі табар жемтігін.
Абыздық пен қаһармандық байрағы,
Түпкі тегім – Тоныкөк пен Күлтегін.