01.08.2022
  137


Автор: Айсырға Қилыбаева

БҰЛ КҮНДЕ

Бұл күнде мал жайлауы ала тақыр,
Қансыздар құлтемір боп бара жатыр.
Ұлысы кім, ұрысы кім, көре алмайсың,
Бәрінің бүркенгені – қара шатыр.
Айыр өркеш аңқаулар алданып жүр,
Құйрығына қоңырау байланып жүр.
Аң патшасы арыстан жалын қырқып,
Бұлаң құйрық түлкіге айналып жүр.
Азайып бара жатыр шыншыл адам,
Көбейді артық пайда, пұл сұраған.
Күзеткен қожайынын төбеттер жүр,
Қасына қаншық ертіп қыңсылаған.
Сенбейсің семізге де, арыққа да,
Аллаға жалынасың тарыққанда.
Құныңның қаншалығын сезінесің,
Құлекең «тамбайыңды» танытқанда.
Дүние өтіп жатыр алақұйын,
Кигені – жыртық-тыртық, ырым-жырым.
Әлеміш бояулардың бәрі қымбат,
Бояусыз сенің құның – бір-ақ тиын.
Топырақ әулиелі, киесі бар,
Ұрпақтың топырақта үлесі бар.
Күшіңнің қаншалығын білгің келсе,
Бел жазып, қарсыласпен күресіп ал.
Құламау үшін үйге белдеу керек,
Уық пен шаңырақты жөндеу керек.
Жылуы от басына жетпей жүрген
НӘН бастар бере алады кімге көмек?!





Пікір жазу