01.08.2022
  151


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТҰРАН-ДАЛА

Шежіреге толып тұр батпан дала,
Таулар сырын жасырған қатпарлана.
Басың кірсе, аяқпен шыға алмайсың,
Геродоттың сандығын ақтарғанда.
Мінезіміз қашалған табиғаттан,
Дауылдатқан, бұлт көшкен, жауындатқан.
Ұл – аулаға өсірген жеміс ағаш,
Қыз – жаттікі асқанда балиғаттан.
Қанаттарын қомдаған қыран қайда?
Қыранынан айрылған Тұран-Дала.
Құрт-құмырсқа аулаған тірлік үшін
Қоқиланып күйкентай жүр ауламда.
Ер қанаты кешегі тұлпар қайда,
Бүгінгілер бәрінен құр қалған ба?!
Тұлпар мінген батырдың мойны үзілген,
Түлкі-уақыт жалт беріп, бұлтарғанда.
Жатқа айналған туыс та, жақының да,
Өз балаңа керексіз ақылың да.
Адамдықтан ақшаның құны басым,
Ел-жер, бәрі, себебі, сатылуда.





Пікір жазу