01.08.2022
  118


Автор: Айсырға Қилыбаева

МАҢҒЫСТАУ – ӘУЛИЕЛЕР ТАБЫСҚАН ЖЕР

Құм, тасы күн астында қақталған жер,
Байлығы жер астында сақталған жер.
Өтпелі, қиын-қыстау күн туғанда
Құрсақтан несібесін ақтарған жер.
Тау-тасы құпиясын жасырған жер,
Жолатпай, жын-ойнақты қашырған жер.
Ырысы бар халыққа шашылған жер,
Дабысын жеті қырдан асырған жер.
Маңғыстау – әулиелер табысқан жер,
Адайға жеті жұрттан ауысқан жер.
Жер даулап, жесір даулап, барымталап,
Дұшпанмен тайсалмастан қағысқан жер.
Маңғыстау – шөбі шүйгін, жантақты жер,
Қой өріп, түйе аунаған шаңдақты жер.
Дария, өзен, көлі жоқ болса да,
500-дей құдығы бар аумақты жер.
Бұл жермен Асанқайғы жүріп өткен,
Қашаған, Ақтан, Нұрым жырын төккен.
Сыпыра, Абылдардан бері қарай
Сөйлетіп бес ғасырды Мұрын жеткен.
Бұл жерді «Жеті қайқы» сайран еткен,
Сақилар мыңдап жылқы айдап өткен.
Сақтауға жер кіндігін, ел бірлігін
Батырлар бес қаруын сайлап өткен.
Бұл дала – құлан, бөкен жорытқан жер,
Мағұрып Машайыққа жолыққан жер.
Әлемнің тең жартысын жаулап алған
Ескендір жақындауға қорыққан жер.
Отманы – ұран оты жағылған жер,
Шотандар жаудың бетін қайырған жер.
Пір Бекет, 360 әулиелі
Қасиет, киесіне ел табынған жер.
Келін ап, қыз ұзатып, тойлаған жер,
Ақсүйек, алтыбақан ойнаған жер.
Жүрсе де біреу даттап, біреу мақтап,
Ежелгі салт-дәстүрін жоймаған жер.
Бөбекті әнші Қайып ұнатқан жер,
Айырып қос ғашықты, жылатқан жер.
Жеткізбей мұратына, биік құздан
Ақшора, Белтұранды құлатқан жер.
Каспийдің толқынымен шайылған жер,
Қазығы Адайлардың қағылған жер.
Ғалымдар маңдайына шырақ жағып,
Бойынан талай қазына табылған жер…





Пікір жазу