01.08.2022
  284


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚАЗАҚСТАН – ҚҰТ МЕКЕН

Сақ жайлаған жерімде,
Менің арғы тегім бе?!
Тағылық бар, мәрттік бар
Қазақ дейтін елімде.
Қиын-қыстау күн кешкен
Тарихы – тағлым бүгінде.
Сұңқары қалқып көгінде,
Тұлпары жетті төріне.
Алтын, күміс Алтайым,
Сарыарқада – сары мыс.
Қарағанды, Теміртау –
Көмір, темір мол ырыс.
Байлық толы қойнауың,
Қостанай мен Торғайым.
Заманында әкелген
Батыр, ақын ұлдарын.
Астығы мол Ақмола,
Астанамыз – бақ-қала.
Әсемдігін суреттеп,
Көрсетеміз мақтана.
Көкшетаудың көркі бар,
Кеудеңді ашып, желпіп ал!
Ем-дом алып қайтады,
Таза ауадан дерті бар.
Оқжетпес пен Жұмбақтас,
Ақ бураның артында
Ұйықтап жатыр бір батыр
Дулығалы бөркі бар.
Манғыстауым – жәннатым,
Қалықтасын қанатың!
Шет елдің де құтысың,
Іздегенін табатын.
Жердің абыз киесі –
Құран оқып баратын;
Оғыландыдағы Пір Бекет,
Үстірттегі Манатым.
Даласына өң берген
Каспий толқып, тербелген,
Бес ауылдың еркесі,
Көзінен моншақ төгілген,
Ашық-шашық Маңғыстау,
Қонақ кетпей төріңнен;
Уылдырық, мұнайың
Несібе болып себілген.
Әулиелер қорымы
Әшекей тастан өрілген.
Мінәжат етем Аллаға,
Бекет ата піріммен.
Қасиетті Маңғыстау,
Күн кетпесін көгіңнен,
Бақ кетпесін еліңнен,
Тақ кетпесін еріңнен,
Құт кетпесін жеріңнен!





Пікір жазу