01.08.2022
107
ҚЫРАН-ДАЛА
Таулар қалды көк жиек беткейінде,
Гүлдер қалды майысып көктемінде.
Далам мені көтеріп келе жатыр
Армандардың аунатып көк беліне.
Дидарына шуақты мөлдіретіп,
Боз жусанын үкідей желбіретіп;
Шабыттана шалқыған ақын дала
Самалымен сипайды еркелетіп.
Төбесіне күн нұрын дамылдатқан,
Қыста бұрқап, жазында жауындатқан.
Менің туған ауылым – моп-момақан,
Түнгі аспаны моншақты лағыл таққан.
Мекен болған сұңқарға, құландарға,
Мекен болған сұлуға, қылаңдарға;
Күн астында қанатың кең жайылды,
Атың әлем таныған Қыран-Дала!