МЕН – ҚАЗАҚПЫН!
Атам – Қазақ, сал-сері үкі таққан,
Көкпар тартып, бәйгеге ат жаратқан.
Атам – Қазақ, батыры жорықтарда
Сойыл, шоқпар, найзамен жауға шапқан.
Атам – Қазақ ұлдарын ерке өсірген,
Құдаласып алыспен, кең көсілген.
Қонақ келсе, кең жайып дастарханын,
Таңдап сояр марқа мен серкесінен.
Сол Қазақты «топалаң» қалжыратты,
Үш анаға бөлшектеп, ажыратты.
Қара бұлттай шүйілген бұршақ төгіп,
Жоңғар қырып ауылын, зар жылатты.
Жау құйылды Сібірден, Қытай жақтан,
Үш ордалы ел халін қиындатқан.
Сыртқы жаудан тазартқан кең даласын,
Намыс туы Қазақтың – Абылай хан.
Қазақ туды Абайды ақылы артық,
Жарық жұлдыз – Шоқанды жарқыратып.
Қазақ туды Исатай, Махамбетті,
Көк найзасын ойнатқан жарқылдатып.
Қазақ туды Құрманды күңірентіп,
Ыбырайды, Ақанды сері етіп.
Қазақ туды Біржан сал, Балуанды,
Қазақ туды Сарасын еңіретіп.
Сол Қазақты түнектер тұншықтырды,
Ыза-кегін теңсіздік ушықтырды.
Меңіреулік, топастық тұтқынында
Жапа шеккен көзден жас ыршып тұрды.
Қазақ бүгін – көзі мол берекенің,
Халқы жампоз, пейілді, кең мекенім.
Әлем білді дәстүрін, әдет-ғұрпын,
Өзі де, жері жомарт ел екенін.