28.07.2022
  85


Автор: Байбота Қошым-Ноғай

Жыртылды беттер күнтiзбедегi

Жыртылды беттер күнтiзбедегi,
ғұмыры бiтiп бiр күнгi.
Жыртылды Айдың iлкi iз,
бедерi,
сөзжұмбақтар да жыртылды.
Қайраткерге де,
жыршыға дағы
бас идiк бiр күн құрметпен.
Смаханұлы шымшымалары
жыртылды қоса бiр бетпен.
Жыртылды күндер жылымық,
тымық,
айналды “ертең” “бүгiнге”.
Бiр ғана тәулiк iлiнiп тұрып,
жыртылды туған күнiм де.
Жыртылды жұмыс күндерi талай,
жыртылды сенбi,
жексенбi.
Асықтық тағы iлгерi қарай,
ертеңге бiр дем жетсе ендi!..
Үзiлiп сарғыш жапырақтары
үстiмiздегi ғасырдың,
жапырақтардай ақыраптағы
желге ұшып,
жерге шашылды…





Пікір жазу