28.07.2022
  82


Автор: Байбота Қошым-Ноғай

Дала

Да-а-ла-а-а!
Омырауыңа гүл қадап алып,
шығардың қардан көктемдi сүйреп.
Жыр жазушы едiм жылғаға барып,
шабытты шақ та кеткен-дi сиреп.
Кемерден қарғын асып ағатын
көкпектi қырды сағындым ендi.
Шақырса сәуiр,
асығады ақын
қызғалдақ өрген сағымды белге.
Уа, дала!
Дала!
Домбыра далам,
келдiм мен орап жанымды жырға.
Тағы да шабыт қонды ма маған,
қайталап жатыр әнiмдi жылға.
Жазғытұрымның жыршы күндерi
бағбанның сұлу бағын ықтапты.
…Өрiктiң титтей бүршiгiндегi
көктемнiң иiсiн сағынып қаппын!..





Пікір жазу