ҚАСИЕТТІ ӨЛКЕНІҢ ӨТЕГЕНІ
Өлгендер қайтып келмейді. Бірақ елге еңбегін сіңіріп, артына өлмес- өшпес мұра, өнегелі өмір, аталы сөз, баталы іс қалдырып кеткен адамның қашанда орны ерекше. Оны «өлді» деуге қимайсың да. Атын жаңғыртып отыру, жақсы қасиеттерін арттағыларға үлгі қылу – жер басып жүрген тірілердің мойнындағы парызы.
Дегенмен, өмірі бай, естігені мен көргені көп, елге тигізген шапағаты мол адамдар туралы жазу қиын. Ондай кісінің бойындағы барлық жақсы қасиет пен мінездің қайсысын даралап аларыңды білмейсің. Ал Өтеген Салманов – шындығында да, сондай ерекше жаратылған тамаша жандардың санатынан.
Әуелден кедей шаруа отбасында дүниеге келген баланың әкесі жас кезінде-ақ қайтыс болса, асыраушы анасы қалтаң-құлтаң, сол кездегі қыры кеткен колхоз шаруасының күйкі тірлігімен өмір сүрсе, жартылай жетім Өтеген мен өзінен кіші бауырлары Жібек пен Сүйегеннің жағдайының қандай болғанын көз алдыңызға елестетуіңізге әбден болады. Сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр жағдайда бойы бекіп, бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің оқи жүре еңбек етіп, жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз болғандығы бәрімізге мәлім. Сол кезден ел басына түскен ауыртпалықты аш-жалаңаш жүріп үлкендермен бірдей көтеріп, соғысқа аттанған жауынгерлердің орнын жоқтатпай, шынығып өскен Өтекеңнің өнегелі өмірі басталған екен ғой.
Осындай қиындықтарға қарамастан, Шахта орта мектебін бітірген соң, Алматының зооветинститутына түсіп, туып-өскен Маңғыстауына алғашқы жоғары білім алған мамандар қатарында оралды. Келген бойда «1-Май» колхозында білікті басшы Құбышев Мединаның қарамағында бас зоотехник болып қызметін бастады. Көп ұзамай біздің үйдің тұңғышы, апамыз Айданмен тұрмыс құрды. Міне, сол кезден басталған туыстық ара-қатынасымыз қашан өзі өмірден озғанынша тұрақты ағалық-жезделік, достық-сырластық, екеуара кезектесіп басшылық-қосшылық пен сыйластық бағытында өтті.
Мектептегі балалық шағымнан бастап, есейген азаматтық кездерімді қосқанда, 4 рет Өтекеңнің үйінде оқып немесе жұмыс істей жүре жатқан екенмін. Әкеміз құрылысшы болғандықтан, қысқы 3-4 айдан басқа мезгілде үйіміз орталықта болмайтын. Осылай мен 4-сыныптан бастап оны біліп өстім. Институтта оқып жүргенімде ол «Чапаев» колхозының төрағасы болатын және каникул кездерінде үнемі барып, сәлемдесіп, үйіне жатып, аунап-қунап қайтатынмын. Оқу бітіргесін, мен Октябрьдің 50 жылдығы, Куйбышев атындағы кеншарларда жұмыс істеген кезде тағы да Өтекеңнің дәм-тұзын бөлісіп, қызметтес қолқанат болдым. Ал мен облысқа қызметке ауысқанымда, ол Ақтаудағы облыстық асыл тұқымды мал бірлестігінің директоры болатын. Міне, осылайша оны қасынан әрі жан-жақты бір кісідей білуіме тағдырдың өзі сыйлық жасапты.
Маңғыстау жағдайындағы мал шаруашылығының қиындығы елге мәлім. Шаруа жағдайы үнемі бірқалыпты болмайды. Бірде жайылыс жетпесе, бірде шабындық жетпей жатады. Малшылар тұрақты көшіп жүруге мәжбүр. Колхоз бен совхоздың қай кезде де кем-кетігі көп, үнемі қол жаюға тура келеді. Жоқтан бар жасау да оңай шаруа емес. Осындай кезде негізгі салмақ бірінші басшыға немесе бас зоотехникке түсетіні сөзсіз. Өтекең бас зоотехник, колхоздың бастығы, совхоз директоры болып Маңғыстаудың ойында, Үстірттің бойында қызмет атқарғанында қай жерде де абыройлы жұмыс жасады. Өтекеңнің Куйбышев атындағы совхозда директор болып жүрген кезінде 1971 және 1972 жылдары қатарынан қуаңшылық салдарынан, Алматы мен Гурьев облыстарынан өте қиын жағдайда, қысқа мерзім ішінде мал азығын өз күшімен дайындап, елге темір жол арқылы жетістіріп алуға тура келді. Ала жаздай алыстағы пішеншілер қостарында жұмыс ұйымдастыру, адамдар мен техникаларға қажеттіліктерді өтеу, вагон сұрап алу өте қиын шаруа еді. Ол кезде қазіргідей дұрыс телефон байланысы да болған жоқ. Соған қарамастан, 7000 тоннадай пішен шабылып, тасылып алынды. Сөйтіп, қоғамдық малдың қытымыр қыстан аман шығуына жағдай жасалды. Облыстық көлемдегі қызметке ауысса да, ол шаруадағы елден кол үзбеген-ді. Қаншама рет маусымдық шараларға уәкіл болып қатынасып, шаруашылықтардағы азаматтарға ақыл-кеңесін бергені ұмытылмайды да. Өмірде бәрін білу, тиісті шешім қабылдау оңай емес. Ол қатардағы мамандармен де, тәжірибелі малшылармен де үнемі ақылдасып, санасатын еді. Табиғи қарапайымдылығы – тіптен де қарабайырлық емес-ті. Сөзде де, істе де тосыннан тапқырлықпен жол тауып кету – Өтекеңе тән қасиет болатын. Бұған белгілі дәрежеде табиғи жаратылысына қоса, өзінің үнемі ізденісінің де әсері болды-ау деймін. Себебі, көп оқитын, ал білім жетілдіру бағытында оқыған курстар мен семинарлардан алған диплом, куәліктері бір чемодан болған екен. Өмірінің соңғы 20 жылында мал тұқымын асылдандыратын бірлестіктің директоры болуы – оның тек қана шаруашылықтың өндірістік маманы болып қана қалмай, ғылыми бағытта да абыройлы қызмет атқарғанының бір көрінісі.
Басшы бар іске жауапты болса ғана шаруа тынады. Ол «Көре жатармыз, ертең хабарласшы» дейтін екіұдай әңгімені білмейтін, нақты уәде мен істің
адамы болды. Халық – сыншы, уақыт – төреші ғой. «Өтеген өтірік айтты» дегенді өз басым естімеппін.
Әлсіз ұжымдық шаруашылықтар 1969 жылы кеңшарларға айналғасын, әсіресе 1973 жылы Маңғыстауда облыс өз алдына отау тіккеннен кейін түбектің ауыл шаруашылығының бағы жанып, көзі ашылды. Төрт түліктің тек басы ғана өсіп қоймай, сапалық көрсеткіштер артып, ауыл шаруашылық өндірісінің пайдалылығы жоғарылады. Елді мекендер шын мәнінде ыңғайлы өмір сүру орталықтарына айналды, яғни басынан бейнеті арылмаған Маңғыстау өлкесі бұл күнде тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты дамып, көркейген, алдыңғы қатарлы аймақтарының қатарынан біржолата орын тепті. Бұл – көпшіліктің еңбегінің жемісі. Олай болса, сол көпшіліктің жуан ортасында Өтекеңнің де ойып алар орны бар деп ойлаймын.
Басшылық қызметте үзбестен 40 жыл жұмыс жасаған Салманов Өтеген көзі тірісінде-ақ өзінің ел ағасы болғанын танытып кетті. Басқасын қойғанда, Маңғыстау өлкесіне басшылық жасаған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Саламат Мұқашев, Сағидолла Құбашев, Оңайбай Көшеков, Тұтқабай Әшімбаев, Жәрдем Кейкин, тағы басқаларына жеке басы белгілі әрі сыйлы болды. Талай басқа да aт жалын тартып мінген абзал азаматтармен аралас-құралас болғанының куәсіміз. Оның дастарханы басшыға да, қосшыға да риясыз көңілмен, алаланбай жайылатын. Уытты әзіл мен қолма-қол ұтымды жауапқа шебер болатын. «Састырмаса, саппас та ақыры бірдеме айтпас па?!» дегендей емес, шын мәнінде оның қалжыңдарына көңіл көтерілетін-ді.
Марқұм түбектің қай тұсын да, қай жері мен елін де жақсы білетін әрі өте жершіл болатын. Әрине, ел мен жерді көп аралаған соң, түрлі аңыз бен әпсана, өлкенің тарихы, атақты адамдар туралы, өткен-кеткен жөніндегі әңгімелерді, әзіл-оспақтарды, шешендік сөздерді, рулық жіктерді білуімен ерекшеленетін.
Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын Алланың оған берген басты ырысы – өміріне адалдықтан айнымастан өтті. Есті адамның өмірдегі өткелектері, бастан кешулері, алған тәлімі мен көрген өнегесі бар болмысын шыңдап, мінез-құлқын қалыптастыратыны сөзсіз. Үнемі жүзінен жылылық таймайтын Өтекеңнің адамды өзіне тарта білетіні, бауырмалдығы, кішіпейілдігі, ашық- жарқындылығы, шыншылдығы ерекше көзге түсетін-ді. «Жақсыға ісің түссе – үзігіңді жалғайды, жаманға ісің түссе – бүтініңді жалмайды» демекші, қашанда адам баласынан жақсылығын, ықыласын аямайтын. Жақын-жуық, жолдас, әріптестерінің қуанышты тойларына, қабырғаны қайыстырар қазаларына да шамасы келсе жібермей қатысып, бірге атқарысып, көңілін білдіруге әрдайым әзір болатын. Алдына келушілерге қашанда ақыл-кеңесін беріп, жөн сілтеп, қолдап отырудан еш жалықпайтын. Кез келген елдік шаруаға бел шешіп кірісіп кететін. «Сыйлы болып, төрге шықсаң, босағадағыларды да қарай отыр» дегендей, оның менмендігі жоқ-тұғын.
Алматыда Өтекеңдердің арқасында қаншама маңғыстаулық жастар ондағы Ақболат, Орынбасар, Қанипа, Мылтықбай, Естөре, Шайқы, Нысанбай тәрізді азаматтардың төрінде жатып, дастархандарынан дәм татып, ел мен астананың арасындағы ағайыншылықтың арқауын жалғағаны да көпшіліктің есінде шығар. Сондықтан әрдайым адамгершілікті бәрінен биік қоятын
Өтекеңнің қалдырып кеткен игі істері мен өнегесі, жағымды адами қылықтары талайлардың жадында жаңғырып тұратын да болар.
Әркімнің ата-анасы – өзіне әулие ғой. Сөйтсе де, марқұмның біздің отбасымызбен араласы әуелден ерекше қалыптасты. Өмірден өткенінше ол құдды бір шаңырағымыздағы балалардың үлкені іспеттес болуымен кетті. Әке- шешеміз де оған күйеубалалықтан гөрі, өздерімен сырлас, таяныш, ақылшы, тұңғыш перзенті есебінде қараса, оның да көзқарасы дәл сондай бола-тұғын. Тумаласты Сайын, Сақып, Асылхан, Айжан – бәріміз де оның жезде екенін сыйлап, ал ағалығының басымдығын сезініп өстік. Баршамыз жанұялы болсақ та, бала-шағаларымыз түгілі, немерелеріміз үшін де ол – Үлкен Папа. Сондай- ақ, Өтекеңнің ұрпақтарына біз де дәл сондай туыс аға, апа болып кеттік. Бір- біріміздің қуанышымыз бен жұбанышымыз осылайша қамшының өріміндей бірге өріліп келеді. Меніңше, бұл – тағдырдың бізге өмірден кейінгі өлшеусіз берген екінші сыйы.
Апамыз Айдан да Өтекеңнің отбасында адал жар, аяулы ана бола білді және үйінің ырыс-берекесін келтірді. Екеуі домбыраның қос ішегіндей бір- біріне үйлесіп тұратын. Апамыз жездеміздің барлық істерінде, жетістіктері мен табыстарында дем берушісі, тірегі, қолдаушысы болды. Олар бірін-бірі өмірде жақсы толықтыратын еді. Бауырларынан өрбіген балалары тегіс жоғары білім алып, бас-басына семья құрды, немере-шөберелер дүниеге келді.
Әрине, ата-ана бақыты – бала болса, баланың да ата-анасын мақтан тұтуы заңды. Отбасының үлгілі болып қалыптасуында әкенің де, шешенің де айтарлықтай өз орны бар. Осы ретте марқұмның соңында калған үрім- бұтақтары оны әспеттеп, құрмет тұтып, мақтан етері даусыз.
Өтекеңнің жарық жалғанда әнебір қасы болған жоқ деп есептеймін. Өйткені, ол туралы сөз болса, кім-кім де тек мақтау сөз айтады. Бұл – қасиет! Ерекше атап айтуға тұратын, екінің бірінің қолынан келе бермес қасиет!
Өмірінен тәлім алар, бұл пәниде сыйласып өткен, ғазиз жанды, әз аға Өтеке, ниетімізге рухыңыз риза болғай, нұрыңыз пейіште шалқығай, бәрімізді желеп-жебеп жатқайсыз!