ӨНЕГЕЛІ ӨМІР
Өмірден озған адам жайында естелік жазғанда көп нәрсені, әрине, жақсы жағынан айтқың келгенмен, қолға қалам алғанда, қапелімде «Япырмай, нені айтсам екен?!» деп, тосыласың екен. Әрине, Саламат Мұқашев қай жағынан алсаң да, ауыз толтырып айтарлықтай көпке танымал, Алашқа аға болған айтарлықтай азамат екендігін ешкім де жоққа шығара алмас. «Тек оның алдындағы інілік те шәкірттік парызымызды өтей алсақ жарар еді» деген көңілдегі күмәнді сейілте алсақ, болғаны да.
Мен Саламат ағаны жүзбе-жүз 1980 жылы Маңғышлақ облыстық партия комитетіне бірінші хатшылыққа сайланғасын, ауыл шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы болып қызмет істеп жүріп, еңбек демалысынан келгесін, екі күннен кейін көрдім. Бөлім бастығымыз Ш.Сұлтанов орнында болмай, шақырғасын, кабинетіне жүрексіне кіргенім есімде. Берген сәлемімді қабылдаған соң, жарты сағат шамасында әңгімелесіп, ел мен жер жағдайында жан-жақты сұрақтар қойды. Бірқатар басшы кадрлар жөнінде менің пікірімді білді.
Шақырғандағы басты мәселесі – бір топ ауыл шаруашылығында қызмет жасап жүрген азаматтарды мемлекеттік наградамен марапаттауға байланысты, олардың көрсеткіштеріне қосымша әртүрлі мәліметтерді сұрастырды, ең бастысы – олар жөнінде менің жеке өзімнің көзқарасымды білгісі келетінін
жасырған жоқ. Тек бір адамды ғана аз білетіндігімді айтып, ол кісінің кандидатурасын Бейнеу аудандық партия комитеті ұсынғанын және облыстық партия комитетіндегілер мақұлдағанын айтқанымда, Сәкең: «Шырағым, мен сенің жеке пікіріңді сұрап отырмын. Әр кезде өз пікірің болсын, білмесең – оныңды айт», - деген болатын. Міне, сол әңгіме осы кезге дейін есімде және ол қай қызметте жүрсе де, соңынан зейнеткерлікке шыққасын да, екі жақты қарым-қатынасымызда мен әрқашанда білсем – білетінімді, білмесем – жете білмейтінімді ашық айтушы едім әрі оның соны іштей құптайтынын сезетінмін.
Бірнеше кездесуден кейін мені облыстық партия комитеті аппаратының бастауыш партия ұйымының секретары қылып сайлау жөнінде ұсыныс енгізді. Егер аппаратта 4 цехтық ұйым болса, бастауыш ұйым солардың үстінен қарайтын және обкомның 4 секретары әрқайсысында есепте тұратын. Бұған дейінгі қалыптасқан үрдісте секретарьлыққа бөлім меңгерушісі ғана сайланатын және нұсқаушылар партиялық қызмет сатысында олардан төмен болатын. Кейін Саламат Мұқашұлы өзі айтқандай, сол кезден бастап мені жан- жақты партиялық жұмысқа жегіп, үйретіп және сынап көрген екен ғой.
Көп ұзамай 3 жылдай нұсқаушы болып, өзімше «Біршама нәрседен хабарым бар-ay» деп жүргенімде, маған өзіне көмекші болуымды ұсынды. Шындығында, бұл жағдай соншама ұнай қоймаса да, келісімімді бердім. Сонда:
«Сақыпжан, «Қосшы бола білген – басшы да бола біледі» деген, көп бастықтың оқсайтын жері – кезінде дұрыс қосшылықты көрмейді, содан дұрыс басшы бола да алмайды. «Балам балалы болғанда білерсің» деген, кейін бастық болып жатсаң, менің осы сөзім есіңде жүрсін», - деп, бұл әңгіменің нүктесін қойған еді.
Міне, содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті, азды-көпті басшылық қызметте болдық, қандай іс тындырғанымызға баға беретін – халық қой, тек айтайын дегенім: әлі пісіп-жетілмеген кадрге деген ол кісінің сенімі мен сезімі көп басшыдан ілгері тұратын. Жағымпаздық пен жасандылыққа жаны қас болатын, кадрлерді шыншылдыққа тәрбиелейтін.
«1980-83 жылдары облыстық партия комитетінде Саламат Мұқашұлының қарамағында қызмет жасаған мезгіл кез келген алдыңғы қатарлы оқу орнында алатын дәрістен артық болмаса, кем болған жоқ» деп, сеніммен айта аламын. Сөзім дәлелді болу үшін кейбір мысалдар келтіре кетейін.
Ол кезде партиялық өмірде «Іс тетігін кадрлар ғана шешеді» деген қағида болатын. Бірақ оны көп басшы ауызша ғана айтып, іс жүзінде басқаша қимыл жасаса, Сәкең бүкіл өнегелі де салауатты өмірінің әр кезінде де осы принциптен айнымастан кетті ғой деймін. Қызметте жоғарылайтын кадрларға берілген ұсыныстарды алған соң, аталған кандидатураны жан-жақты сұрастырып зерттейтін, сосын барып бір шешімге келетін. Аудан басшылары ұсынған кадрлардың бәрі бірдей өте бермейтін. Басқаны қойғанда, жоғарылайтын адамдармен қарапайым амандық-саулықтан басталатын әңгіме кезінде олар жөнінде өзі түйген пікірі көбінесе қателіктерге ұрындырмайтыны – Саламат Мұқашұлының ерекше қасиеттерінің бірі болатын.
Жай әңгіменің өзінде сұхбаттасып отырған адамы өзі де байқамай, көп мәлімет беріп қоятын. Жаңаөзен қаласында 1981-82 жылдың қысында дұрыс
жылу болмай, сол кездегі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Бекбосынов Нұрлыханның өзі бас болып істеген ерен еңбек нәтижесін беріп, жылу мәселесі бірқалыпты ретке келіп, Нұрекең бірінші хатшыға телефон шалып, жағдайдың түзелгенін баяндап болған соң, Сәкең: «Осы пәленінші шағын ауданыңның ана үйін, түгенінші ауданыңның тұна үйін тағы да адам жібертіп, тексертіп алшы, жылу бар ма екен?» - деген-ді. Тексере келгенде, шынында жылу жоқ, не шала болып шықты. Ақтауда отырып, Жаңаөзеннің жағдайын ол көріпкелдікпен емес, алдыңғы күні жеке қабылдауына келген 1 қауқылдақ шал мен 1 сампылдақ кемпірден әңгіме арасында білген ғой. «Осы Сіздерде жылу қалай?» - десе, аналар ойында ештеме жоқ: «Ой, жалпы жақсарып келеді. Дегенмен, ана жердегі, мына жердегі тумалас- жекжаттарымызда әлі жоқ», - демей ме?!.
Немесе тікелей совхоз директорларымен телефонмен сөйлесіп, жағдайға қанығып алып, аудан басшыларымен хабарласқанында, бірқатар ретте нақты жағдайды білмей қалғандар да кездесетін. Ондайда Сәкең ұрыспай-ақ, қатты ұялтатын. Артынан олар: «Жағдай шынында да солай екен», - деп кешірім сұрап, жік-жапар болып жатқанда, «Неғыласың кешірім сұрап? Одан да 2-3 айлық қыс қиындығына шыдап, қызмет ұйымдастырсаңшы. Сосын да демаласыңдар ғой. Қандай көмек облыс тарапынан керек, тездетіп соны айтыңдар», - деуші еді.
1984 жылдың 18-19 қазанында Ералиев ауданының Қарақұдық, Ералиев атындағы кеңшарларында күзде желдетіп жауған жаңбырдан қыруар мал шығын болғанда, бірде-бір адам жазаланбай кетуі де Саламат Мұқашұлының салиқалы да парасатты басшы екендігін көрсетпей ме?!.
Мұндай жағдайлар айта берсек, тіпті көп-ақ. 1969 жылы Маңғыстау ауданының 12 колхозы іріленген 6 совхозға айналғанда, алапат қатты қыс болып, 110 мыңның үстінде қой шығынға ұшырады. Сонда аупарткомнің бірінші хатшысы болған Оңайбай Көшеков ағамыз «жазалану» орнына жоғарылап, Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы, яғни екінші басшы болып, сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашевтың қасынан бір-ақ шықты. Оңкең өз облысын абыроймен басқарып, талантты да талапты мемлекеттік қайраткер екендігін дәлелдеген жоқ па еді?! Мұндай кадрды тани білу, оған деген қамқорлық екінің бірінің қолынан келе де бермейді.
Дәл осындай жағдай 1984-85 жылдың қысында Маңғыстау ауданында болды. Жаздан мал қыстаққа арық күйде түсті, жерде келісті жайылыста болмады, жем-шөп тасылып беріліп, әр отарға 4-5 қосымша адам күші, техника бөлінсе де, қолға қараған мал жүдей келе, басқақ ауруына ұшырады, қойдан шығын бола бастады. Сол кезде Сәкең бізге әлденеше рет келіп, ақылымен де, практикалық жәрдемімен де малды сол апатты жағдайдан аман алып шығуға көмектесіп еді. Күніне 2 рет телефон шалатын. Кейде мен болмай қалғанда, телефон құлағын ұстаған ауданның басшы азаматтары: «Сәкеңмен сөйлесу, жағдайды баяндау өте қиын, біз одан да шаруаның ішінде болайықшы», - дейтін.
Ол малшы ауылдарды аралағанда да бәрімізге өнеге болатын. Адамның, малдың жағдайын тәптіштеп сұрап, көзімен көретін, келеңсіз көрініс болса, ашу шақырып қорқытпай-ақ, жайлап ескертетін. Бірақ сол ескерту құрғырының өзі қайсыбір ашу шақыратын айқайдан өтімді болатын. Октябрьдің 50 жылдығы атындағы кеңшардың шаруасын аралап жүргенімізде, қойды шағылыстыратын пункттің жанындағы қызыл матаға жазған ұран мен төбесіндегі қызыл жалауды кешке қоналқыға келіп отырғанда, дым білмеген адам құсап: «Манағы пунктте солай болмаса, немене, қой дұрыс шағылыса алмай ма?!» - дегенде, не айтарымызды білмедік. Одан кейін ондай ұрандар ілу үрдістен шығып та қалды.
Жалпы, Саламат Мұқашұлының сыртқы қалпы көрмеге сұстылау болатын. Бір нәрсеге ренжулі болса, қасында бірге жүрген Горшенин В.Д., Савченко В.Г., Қасиев М.Қ., Брагин И.Н., т.б. облыс басшылары: «Көңіл күйі төмендеу сияқты-ау» дегенді естісе, «Бір айналып соғармыз», - деп, жылыстай бастайтын.
Обкомның бюро отырыстарында шыбынның ызыңы естілетінін ел біледі. Сонда ол қатты сөйлеп, не біреуге жекірмейтін. Қаншама жыл жүргенде, бір рет боқтық сөз айтқанын естімеппін. Жайлап айтқаны өтіп жатса, жанын қинап не істесін?! Мәселелер мейлінше әділ шешілетін. Піспеген болса, кейін талқыға салынатын. Жеке партиялық ісі қаралғандарға да барынша сергек қарайтын. Қаншама қатаң жазаланып, ісі сотты болатын адамдарға көмектескенін кім санап шықты дейсіз?!.
Жарықтық, біреудің соңына шам алып түспейтін. Нағыз риза болмағанда, ол адамды қолынан келетін басқа қызметке ауыстыртып жіберетін. Ал сай себеппен қызметінен босаған кадрлардың бұрынғысындай қызметке қайта жоғарылауына өзі бастап мұрындық болатын. «Жұмысынан орынсыз босаған кімді білесің?» - дегенде, 4-5 адамды атап, әрқайсысына мінездеме бергенім есімде. Солардан бұрынғы кеңшар директорлары Әбдірахманов Сисен, Нұрлаев Жомарт қайтадан директор болды. Сүлейменов Кұлыбекті Республиканың Ауыл шаруашылық министрі Моторико: «Автоклуб меңгерушісі болып жүрген адамды директор қылуға мен келіскенмен, Орталық Комитет көнбейді ғой», - деп, келісімін бермеді. Содан оны өз совхозына бас зоотехникке тағайындаттырған еді. Бұрынғы партком секретары Қуанбаев Аралбайды аудандық оқу бөлімін басқаруға жіберді. Сол азаматтардың барлығы да шын мәнінде қолынан іс келетіндігін дәлелдеп шықты да.
Маңғыстаулық талантты ақын, абзал азамат Уәйіс Қайралапов сәлдекендей нәрсеге шаталып, 9 жылға бас бостандығынан айырылып, 3 жылдан кейін облысқа жаңа ғана бірінші хатшылыққа сайланған Сәкеңе өлеңмен хат жазды. Көп ұзамай, Одақ Советінің депутаттық мандатын орынды пайдаланған хатшының арқасында ұстаудан босап шығып, тағы да рахметін өлеңмен білдіріп жіберген хаты да Саламат ағамыздың үйіндегі жеке мұрағатында сақталған болуы керек. Себебі, Сәкеңнің қағазына қағаз қосылмаса, жоғалмайтыны анық.
Түбектің табиғи жағдайының қиындығы, осындай жағдайда қызмет жасайтын адамдарының да ауыр жұмысын әр уақытта естен шығармайтын ол:
«Қолдан келсе, маңғыстаулық малшылардан Еңбек Ерін шығарайықшы», - деп, өлкемізге танымал Табылғанов Ержігіт, Ауданбаев Бисенбай, Өрісбаев Тілеген, т.б. малшылардың алдына Ленин орденін алып беруге жұмыстанса да, соңынан өзі басқа қызметке ауысып, ақыры Еңбек Ерін шығара алмаған болатынбыз. Себебі, ауыл шаруашылығында әуелі медаль, сосын «Құрмет Белгісі» не
«Еңбек Қызыл Ту», одан әрі «Октябрьдің 50 жылдығы», не болмаса «Ленин» орденін алғанда ғана Еңбек Ері атағын беретін әрі мемлекеттік марапаттаудың арасы 5 жыл болатын. Бұған ұзақ уақыт керек екендігін оқушымыз өзі де түсінетін шығар.
Саламат Мұқашұлы бірден көп шешіліп сөйлемейтін біртоға, көбінесе мысалдап, тұспалдап, ойын, ақылын айтып жеткізетін, соншама салқын қанды, адамдармен қарым-қатынасында барынша қарапайым болатын. Көмекшісі болған кезімде астаналардағы түрлі жиналыстарға барған басқа облыс хатшыларының көмекшілері діңкелері құрып, қаншама чемодан, коробкалармен жағаласып жүргенде, бізде екеуара бір жеңіл чемодан ғана қолымызда болушы еді. Ондайда Мария жеңгемізді көбінесе ауылда қалдыратын.
Сәкеңді «көп сөйлемейді екен» десең, көңілі түссе, сәл езу тартып қойып әңгіме айтып, алдындағы тыңдаушысын әңгімешіге шебер айналдыра да қоятын. Елдің өткенін оймен шолып, атақты адамдарын, белгілі жер атауларын, ескерткіш, жәдігер болса, қазбалап сұрап, біреудің дәл айта алмағанын екіншісі арқылы нақтылап, ақыры біліп алатын. Қатарластарының арасында Төлеген Қағазовқа деген ықыласы ерекше болатын. Маған: «Ақтауға жиналысқа келсең, ана Қағазовтарыңды қалдырма», - дегенде, «Сәке-ау, кейбір жиналысқа қатысуға Төкеңнің қызмет жағдайы келмейді ғой», - десем: «Оны білмейтін кім бар?! Тіпті әйелдердің жиналысы болса да, келе берсін. Өткен-кеткенді еске түсіріп, Төкеңмен амандық сұрап, сөйлескеннің өзі неге тұрады?!» - дейтін.
Байқағанда, Саламат ағамыз Ахтанов Халекес, Алшымбаев Өтежан, Сармурзин Оңайжан, Шухмахер Михаил Яковлевич, Әбдірахманов Сисен, Нұрлаев Жомарт тәрізді азаматтарды мысалға келтіріп, ыстық ықыласпен айтып отыратын.
Маңғыстаулық кадрлардың жаппай қызмет бабында өсіп, барлық аудандар мен қалаларда, облыстық деңгейдегі басқармаларда, ірі өндірістік кәсіпорындарда басшылыққа келуі де негізінен Саламат Мұқашұлының кезінде болды. Бұл ретте қазір аттары көпшілікке мәлім Марабаев Н.А., Бекбосынов Н.Ө., Айдарханов Т., Бозжігітов Б., Әбішев С., Меңдібаев Т., Қырымқұлов С.Е., Ережепов Х.Ж., Қоңырбаев Ж., Қиынов Л.К., Алшымбаев З.Ө., Күмісқалиев Е., Карин Ғ.М., Салихов М.Х., Сейілханов Қ., Қартбаев А.Ж., Келжанов Қ.К., т.т. атауға болады.
1983 жылғы 12 қыркүйекте Маңғыстау аудандық партия комитетінің ұйымдық мәселе қараған пленумында ол сөз түсінетін адамға тура 1 сағаттық сөзінде көп мәселені айтқанда, ішінде: «Адайлар, өздеріңнен басшыларың шығып жатыр ғой, «Бірауызды болып, бірге жұмыс істейді» деп сенемін», - деген-ді. Міне, содан бері қаншама кадрлар өсіп, ұрпақтар ауысып жатыр. Сол жағдай бүгінгі күні де өзінің маңызын жоғалтқан жоқ қой деймін. Өзі бастатқан
істерінің оңға басқанына, тәуелсіздік алған елінің табыстарына марқұмның ендігі жерде әруағы риза шығар.
Кез келген мәселенің түйінін шешу көп ретте мемлекеттік көзқарасқа қоса, сол мәселені қоюшы мен шешуші басшылардың арасындағы екі жақты адами қарым-қатынасына да байланысты. Бұл ретте, әрине, әркімнің өзінше қарекет қылатыны да түсінікті. Сәкең Алматы мен Москваға барған әр сапарында облыс өміріне әсер ететін бір немесе екі күрделі мәселе бойынша тиісті республикалық, не Одақтық орындарға хат дайындап ала баратын және ол құжаттар жан-жақты сарапталып, сол саланың білгір мамандарының сұрыптауынан өткен соң, қағазға «аяқ бітіру» шаруасымен жеке өзі айналысатын, қажеттілікке қарай соңынан басқа жауапты адамдар барып, шаруаларды бітіріп қайтатын.
Осы ретте Сәкеңнің сол кездегі Одақтық Орта машина жасау министрі, 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері, айтулы Е.П.Славскиймен сыйластығы адам айтқысыз болатын. Жылына бір рет өзіне бағынышты кәсіпорындарын аралайтын Е.Славскийдің келуіне қатты дайындық жүргізілетін және мен көрген жерде С.Мұқашев басқарған облыстық партия комитеті қойған мәселелерден шешілмей қалғаны болған да емес.
Алдын-ала дайындалған құжаттарға министр қол қойып болғасын, арты құрметті қонаққа арналған банкетпен аяқталатын. Сондай қонақасылардың бірі шілдеде теңіз жағасындағы демалыс орнында болып, онда қазіргі облысқа танымал мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұқанов алғаш рет Ақтауда қазақтың киіз үйін қосарлап тігіп, қос-қостан салқындатқыш орнатып берілген қонақасында Саламат Мұқашұлы да, Ефим Павлович те ерекше бір көңілді отырыс жасап, өз өмірлерінен біраз қызғылықты мағлұматтар бергені жадымызда. Бұл ретте ПГМК директоры Кузнецов Сәкеңді ерекше құрмет тұтқанын және жәй өтініштерін де риясыз көңілмен шешіп отырғанының куәсі
- бұрынғы басшылықта болған, бүгінгі ардагер ағаларымыз. «ПГМК-ның облыс басшылығын нағыз мойындаған кезі – обкомды Саламат Мұқашұлы басқарған кездер» деп нық сеніммен айта аламыз.
Ал Одақтық мұнай мен газ қожалары Мальцев пен Оруджевтер көбінесе танауын шүйіріп келетін. Алайда, Саламат Мұқашұлы олармен де тіл табысып кетіп еді. Ол күндердің белгісі – ақшаңқан Ақтаудағы пластмасса зауыты, МАЭК-тің қосымша қондырғылары, «ШУМ», «Мәңгі алау», Тарас Шевченконың ескерткіші, көрнекті өндірістік, мәдени құрылыс кешендері мен жаңадан бой көтерген шағын аудандар, Жаңаөзен қаласы мен Жетібай поселкесі, аудан орталықтарында салынған клуб, кинотеатр, мектеп, емхана, дүкендер, байланыс жүйелері, ауылдық жерлердегі осындай құрылыстар, елді мекендер арасындағы тас жолдар, типтік жобадағы малшы үйлері мен мал қоралары.
Сол кезде Мұнайлы ауданы құрылып, Отан байлығына қомақты үлес қосқанын, Қаламқас пен Қаражанбастағы вахталық поселкелердің құрылысы салынып, мұнайшылардың өнімді еңбек етіп, көңілді демалуына қандай жағдайлар туғызылғанын, қаланың ауылға айтып жеткісіз шефтік көмек
көрсеткенін айтар болсақ, осындай жарқын істердің басты ұйымдастырушысы Сәкең болғанын қалай естен шығарамыз?!
Әсіресе, сол жылдары мәдениетке аса қатты назар аударылып, мәдени ескерткіштерді есепке алу және қорғау, бұзылғандарын қалпына келтіру, маңғыстаулық ақын-жыраулардың, күйшілердің шығармаларын жинақтап шығару бағытында, жалпы елдің тұрмыстық-мәдени жағдайын көтеруге байланысты облыстық партия, совет атқару комитеттерінің арнаулы шешімдері алынып, қыруар жұмыстар тындырылды.
Республикалық Жоғарғы Кеңестің төрағасы кезінде де Сәкең «Мен Маңғыстаудан кеттім ғой» деген жоқ, кез-келген мәселеде көмектесіп, ақылын айтып, болып жатқан жайларға жанашырлықпен қарады. Оның тек қана жұмыс жасап жүрген жеріне, не туған еліне тартпайтындығының талай рет куәсі болдық. Алматыға жолымыз түсіп бара қалғанда, үнемі қалыптасқан жағдайға баға беріп, жөн сілтеп отыратын. Сондықтан да Саламат Мұқашұлын біздің түбек тұрғындары «Тумысы атыраулық болғанмен, тұрғысы – маңғыстаулық» деп, қатты сыйлап өтті.
Зейнеткерлікке шыққан соң да Сәкең Маңғыстауға жыл сайын 1-2 рет ат ізін салатын, айтулы оқиғалардың көбіне шын риясыз көңілмен келетін. Жасандылыққа жаны қас, қарапайым адам болғандығынан болар, оған құрмет көрсеткенде де шектен шығартпайтын. Пенсияда жүрсе де, ол біз үшін ұлағатты ұстаз болды және сол сыйласуымен өмірден өтті.
Сәкеңнің 70 жылдығына Алматыға, 75 жылдығына Атырауға, қайтыс болғанынында және жыл садақасына облыс делегациясын бастап барғанда, шын мәнінде оның мемлекет қайраткері екендігіне, оған деген елдің терең сүйіспеншілігіне көзім жетті.