26.07.2022
  1422


Автор: Сақып Керелбаев

МАҢҒЫСТАУЛЫҚ МӘТЖАН БИ

Маңғыстау қазақтарының көне дәуірдегі ата-бабадан басталатын, қай уақыттан болсын, ұзақ тарихи даму жолында жасалған дәстүрі, салты, жөн- жосығы бар, мінез-құлық ережелері қалыптасқан, затты, құбылысты түсінуінде өз мәнері болған.
Аумалы-төкпелі, алмағайып заманды бастан кешкен қазақ халқының өзіндік басқару жүйесі қалыптасты: ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, жағдайын ойлаған шешендері, білімпаз билері болды. Біз сөз еткелі отырған Мәтжан бидің атамекені Маңғыстауда Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірде аға сұлтандар атымен болған жоқ. Саяси басшылық елге би, болыстар арқылы жүргізілді. Олардың үстемдігі басқа жерлердегі хан-сұлтандар билігінен кем түспеген. Билер ірі және уақ болып бөлінген. Кейбір ірі билердің үкімі бүкіл адай руына түгелге жақын жүрді. 1870 жылы Бәйімбет бөлімінде – 33, Тобышта – 23, Жаулыда – 16, Түрікменадайда – 9, Жеменейде 5 би болған.
Билер жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді таразылаған. Мал дауы мен жан дауы, ар дауы мен намыс дауына кесім айтқан. Сараңдықты әжуалаған, бата беріп, тілек тілеген. Азалы қазаны естіртіп, көңіл білдірген, жұбатқан және тоқтам айтқан. Билердің ауытқып, бұра тартқан тұстары болса, олар бірін-бірі тоқтатып, әділетке шақырған. Табиғатынан қуақы, ақжарқын, қалжыңын қанжығасына байлап жүретін Маңғыстау билері қағытпа сөзге, көңіл көтерер әзіл әңгімеге кетәрі болмаған. XIX ғасырдың ортасында Маңғыстауда осындай кесікті сөзін ірі турайтын, ел мойындаған, сөздеріне қалтқысыз тоқтап, шешімдерін мүлтіксіз орындаған шоқтығы биік, аса ірі 6 би болған.
Сол алтылықтың ішіндегі бізге айтқан сөзі мен билігі көбірек жеткен, көрнекті билердің бірі әрі бірегейі – Мәтжан би. Мәтжан Тілеумағанбетұлы 1841 жылы Атырау облысының Жылыой, Мақат аудандарының маңында туып, 1929 жылы Құлсарының жоғарғы жағында «Адай мола» деген жерге жерленген. Оның сөзге шешендігі, білгірлігі мен алғырлығы, тауып айтар билігі жайлы ел аузында қалған әңгіме аз емес. Біз солардың ішінен Мәтжан бидің ұрпағы, марқұм Өмірбай Малаевтың жазбалары мен бидің шөбересі Сағынғали Нұрағановта сақталған ескі дәптердегі кейбір мәліметтерді және өзіміздің алдыңғы буын ақсақалдардың аузынан естіп, құлағымызда қалған бірқатар естіміш әңгімелерді келтіре отырып, ел ішіндегі ескі сөздерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Мәтжан бидің нағашысы – Тобыштың Шегемі Дүкенұлы Көбен би. Ол туралы «Адайға 3 рет олжа салды» деген мадақ сөз қалған. Бұл негізінен Хиуа ханымен арадағы дауда ел мүддесін қорғап жеңіске жетуіне байланысты айтылса керек. Көбен би көптеген адай билеріне кезінде үлгі-өнеге болған, соның ішінде жиені Мәтжан биге батасын берген. Өзінің зираты Ақтау әуежайының түбінде, беріректе басына марқұм Кенжебек Төлешов бастаған ұрпақтары сәулетті күмбез тұрғызып, ас берілгенінің куәсі де болғанбыз.
Мәтжан жастайынан алғыр, зеректігімен қатарынан оқшау шығып, үлкендердің жақсы әңгімелерін, өткен-кеткен ел тарихын, белгілі билердің сөздерін жадына тоқып, өзі де билік айтуға ниеттенген оймен үлкен нағашысы Көбен биге барып, бата сұраған. Сонда Көбен би: «Құтты болсын, қарағым, Маңғыстау деген мекенің, ел тірегі бол, шырағым, ұлы болғайсың әкенің. Бірақ тіліңнің ұшы ащы, соған сақ болғайсың. Әуелі бас-аяғың аман болсын, Жаратқан Аллаңа бірінші тобаң болсын, талабың тасып, басыңа бақ қонсын! Еліңе сыйлы, қатарыңа қадірлі бол, қамалаған халқың көп болсын. Жалғыз жүрме, жаманшылық көрме, іздегенің алдыңнан табылсын. Басыңнан бақ, үйіңнен қонақ арылмасын, ошағыңның үш бұты тақ болсын! Жүзің нұрлы, адамға қарағанда жылылық болсын. Өзің айбарлы, қолың қайырлы, тілің жорға, жақсымен жолдас болсаң – ақтан дорбаң болсын, Мәтжан деген атың халықтың аузында болсын. Халқыңа қайырлы, өзің сабырлы бол. Әңгіме сұрағандарға сөзің тыңдағандай тартымды болсын. Сөз білушіден тыңдауға жалықпа, қайырыла жүр артыңдағы қарапайым халыққа. Арыстан мен жолбарыстай ұлды бол, қытайы қырмызыдай қызды бол. Жазда сазды жерге қонба, бозды жерге қон. Жау мен дауға барсаң, асып-таспай, берік бол. Қораң толы қой, көкірегің толы ой болсын. Үстіңе сыпайы, сыйымды асылды ки, көптің ортасында жүрме, алдында жүр, жұрттың көзі бұрын түседі. Досың алтау болса, дұшпаның одан көп болады, содан сақтана жүр. Қарғыс алсаң – көктемейсің, алғысын көптің тек демессің. Жаман ағайынның малы үшін жақсының жағасынан алма, шақырып құрмет көрсетпесе, қыдырып жат үйіне барма. Өзі ұнатып, сый- сыбаға бермесе, «бимін» деп кісі мүлкін алма, «Қонақ бол» деп шақырса, сылтауратып бармай қалма. Біреуді «Өзімнен төмен» деп, менсінбестік көрсетпе. Ат мінсең, арымайтын алысқа жалдысынан мін. «Көбен бидің жиені едім» деп, жүрген жеріңде көтеріліп көп сөз айтпа. Көп қыдыр, көп жүр, ел көр, жер көр – барлығы өзіңнің үлгі алуыңа әсер етеді. Ащыны татқан біледі, жолды жортқан көреді, дос-жолдасың көп болса, қатардан қалмассың. Ұрыншақтық бірде болмаса, бірде орынсыз сөз естіртеді, тіліңді тарта сөйлеп, сақ болмасаң»,
- деп батасын берген екен.
Мәтекеңнің руын таратып айтар болсақ, Адай-Келімберді-Мұңал-Жаулы- Жары-Назар-Құдайберген. Ел ішінде айтылатын атақты «Үш Назар» – Қожаназар, Саназар, Қыдыр көрген Назар болып келеді. Міне, «Жігіт жақсы болса – нағашысын сұра» десек те, өз тұқымын алсақ та, Мәтжанның осал болатын жері жоқтығына көз жеткізуге болады.
Жас күнінде болыс болған, кезінде «Адайдың Мәтжаны», «Алшынның Мәтжан биі» атанған абзал ақсақал Кеңес дәуіріндегі қудалауға ілінген. Оны тергеуге алғанмен, ел ішіндегі үлкен абырой-беделіне және сырқаттығына байланысты қамауға алмаған. Сөйтіп жүргенде, өз ажалынан қайтқан оны асығыс әрі дабырасыз жерлей сала, балалары Маңғыстаудың ойына қаша құлап кеткен. Кейініректе Жаңаөзеннің ақ тасынан келісті там салынған екен, 2010 жылдың күзінде Бекет Атаның Ақмешіттегі өткен 260 жылдық асында арнайы басына барып, ел азаматтары болып дұғамызды оқыдық.
Хиуа хандығы мен Адай елі арасында елшілікте, руаралық дау-жанжалды мәмілегерлікпен әділ шешуде, халықтың арасында жүргенде «Мәтжан айтыпты» деген әңгімелер әр жерде шашыраңқылау айтылып, аз-мұз жазыла тұрса да, жас ұрпақ жадына ұсынғандай көлемді шығарма болған жоқ. Оның себебі де түсінікті. Тек қана Мәтжанның ғана емес, сонымен бірге Есен Сейіт, Сынабай, Шенен, Бердалы, Көбен, Ерменбет, Қалбы, Тілеген, Иса, Өсербай, Ораз, Бәйменбет, Қожық, Доспамбет, Сасықбай, Құлыш, т.б. әр рудың нелер айтқыш, тапқыр, суырыпсалма білгіш билерінің сөзі қағазға түспей, ауызша тарағандықтан, ұмытылған. Осы олқылықтың орнын ішінара болса да толтыру мақсатында қолға қалам алып, үлкендерден естіген әңгімелерімізді көппен ортақтасқанды жөн көрдік.
Мәтжанның 15-16 жас шамасындағы кезі болса керек. Ол Маңғыстауға белгілі билердің қасында әңгіме тыңдап, ел аралап, атқосшы болып жүретін көрінеді. Сол шақта Маяның ұлы Бәйменбет бидің орыс оқуында жүрген, болашағынан үміт күтетін Бақа деген ұлы аяқ астынан қаза болады. Жаманат хабарды естіртуге билері мен ақсақалдары аралас 7-8 адам Бәйменбеттің ауылына келсе, ол көрші ауылға қыдырып кетулі. Үйіндегілер «Көп кідірмей, ауылға қайтып келетін болып кеткен» дегесін, бұлар өзара ақылдасып, «Қой, «Ауылға қашан келеді?» деп, босына жатқанымыз жарамас. Жақын жер ғой, сол ауылға барайық. Егер жолда кездессе, тіпті жақсы, неде болса, әйтеуір далада естіртерміз» деген есеппен, әлгі ауылды сілтетіп алып, жүріп кетеді. Іштерінде атқосшы бала Мәтжан да болады.
Біраз уақыттан кейін, қасында 4-5 аттылы жолдасы бар Бәйменбеттің ауылына қайтып келе жатқанында кездесіп, амандасады. Би оларға «Неғып жүрсіңдер?» - деп сұрақ қоймайды, қасында келе жатқандарға айтып келе жатқан әңгімесін жалғастырады. Қарсы жолыққандар да оның сөзін бөліп, жаманат хабарды естіртуге батылдары жетпей, «Бидің әңгімесі аяқталғасын-ақ айтармыз» деген есеппен бұларға еріп, Бәйменбеттің ауылына кері бұрылады. Бәйменбет бидің бір мінезі – өз сөзін бөлген адамды бет-жүзің бар демей, жасының үлкен-кішілігіне қарамастан, сөгіп тастайды екен. Әлгілер сол мінезінен қаймықса керек. Биде әңгіме жетпесін бе, сөйтіп келе жатқанда, ауылға да жақындап қалады. Енді «Қазаны естіртеміз» деп шыққан «шырақтар» сасқалақтап, бір-біріне «Сен айт», «Сен айт» деп түрткілесіп, бірақ ешқайсысы да жаманат хабарды жеткізуге бата алмайды. Әңгіме әлі аяқталар түрі жоқ, соны сезген Мәтжан оларға:

дейді.

- Сендер айта алмасаңдар, маған рұқсат беріңдер, мен-ақ естіртейін, -

Оны баласынған, өздері тұрғанда жаманат хабарды Мәтжанның

жеткізгенін өз атақтарына намыссынған үлкендер:
- Саған қалған сөз жоқ, жөніңе жүр. Өзіміз айтамыз, - деп, онымен өздері де айта алмай, кібіртіктеп келе жатқанда, ауыл да көрінеді. Олар енді шынымен қысылады. Ақыры амалдары таусылып, Мәтжанға қарап:
- Айта алсаң, сен жеткіз, - дегендей, белгі беруге мәжбүр болады.
Сонда Мәтжан астындағы тайын тебініңкіреп жіберіп, топтан озып шығады да, Бәйменбеттің алдын орап тұра қалады.
- Бәйеке! - дейді даусы саңқ етіп.
Мына көргенсіз «неменің» өзінің әңгімесін бөлгеніне жарылып кете жаздаған бидің көзі «бошалаған түйеше» шатынап, жас жігітке қарап ақырып жібереді:
- Ой, жағы қарысқыр, «Бәйеке» деп, не айтпақшы едің?
- Сізге қояр сұрағым, айтар сөзім бар.
- Ал сұра, айт сөзіңді!
- Бәйеке, осы дүниеде кім күшті?
- Құдайтағала күшті-дағы.
- Кімнің ісі тура, кім әділ?
- Құдайдан тура, одан әділ кім болушы еді?!
- Ендеше, күшті күштілігін жасап, тура жолымен теңдігін алды, - дейді Мәтжан, атақты биге тіке қараған күйі қаймықпастан.
Жас жігіттің мына сөзі санасын осып өткен, сөз төркінінен жаманшылық сезіп қалған би:
- Ойпырмай, Бақажан аман болса жарар еді, - дейді абдырап. Сонда жас жігіт нық дауыспен:
- Е, Бәйеке, қайдан қауіп ойласаң – қатер содан, - деулі.
Мына сөзді естіген би атының шылбырын тартып, сұлқ тұрып қалады. Көзінің алды тұманданып, басы айналып, есеңгіреген жандай біразырақ кідіріп барып, көкірегі қарс айырыла:
- Мен Бақамнан айырылған екенмін ғой, - деп барып, қайтадан қимылсыз қатып қалады.
Сол жерде биді жан-жағынан қаумалай қоршаған үлкендер Бәйменбеттің зердесіне баласының өлімі туралы жаманат хабардың жеткенін сезіп, жан- жақтан жұбату сөздерін айта бастайды...
Осы оқиғадан кейін-ақ Мәтжан қандай ортада болса да бұрынғыдай жалтақтамай, үлкендерге қарайламай, өз ойын іркілмей еркін айта беретін болса, ел де оны «би» деп танып, билік сөздерін айта жүретін болыпты...
Жастайынан терең ақылымен, салиқалы билігімен көзге түскен Мәтжан 18 жасында болыс болып сайланыпты. 4-5 жыл болыс болған ол өз еркімен кейін қызметінен сұранып, босаныпты. Бұл ісіне түсінбеген Ерменбет, Тілеген, Иса тәрізді аралас-құралас жүрген билер:
- Ау, Мәтжан, мынауың немене? Жұрт өлісін салып, барын шығындап, болыс бола алмай жүр емес пе? – десе, Мәтжан:

- «Елге пайдам тие ме» деген оймен болыстыққа түсіп едім. Олай болмай шықты. Қарғамен жолдас болсаң – шұқығаның боқ болар, бүркітпен жолдас болсаң – тамағың тоқ болар, аққумен жолдас болсаң – жан-дүниең мен денең пәк болар. Ұлықтардың ортасынан аққу таба алмадым, - деген екен...
Старшын болып сайланған бір адам Мәтжан биге:
- Мен старшын болып сайландым. Қарауымдағы елге не айтсам екен? - деп ақыл сұраулы. Сонда Мәтекең:
- Сен аузыңа не келсе, соны оттай бер, қолыңда мөр тұрғанда, бәрібір сенікі жөн болады, - деулі...
Мәтжан өмір бойы көп билердің ішінен Ерменбет биді айрықша қатты құрметтеп өтулі. Көпшілік жиналған алқалы отырыстарда, сөз бастар алдында әуелі:
- Ерменбет би айтқан екен, - деп, бір-екі ауыз сөзбен беташар жасап, сосын барып қаралып отырған мәселеге ауысады екен. Ол:
- Менің көже-қарнымды тойдырған бір жер бар, ол – Бесқаланың ойы, Әмударияның бойы; көңіл қарнымды тойғызған бір адам бар, ол – тіл-дарияның көзі, Ерменбет бидің өзі, - дейді екен.
Бозашы түбегіндегі Ерменбет биге салынған кесенеге Мәтекеңнің осы сөзін ойып жаздырған оның оқып- тоқығаны көп ұрпақтары да, меніңше, сол арқылы Мәтжанға деген құрметтерін білдіргені болар.
Сол айтылып отырған Есен Ерменбет естігенін есте сақтағыш, жәй сөйлейтін, әңгімені майын тамызып айтатын, есімі ел аузында қалған, аса қадірлі адам болыпты. Оның нағашысы – Жарының Дәулеталысы екен. Содан да болар, нағашылы-жиенді болып, Мәтжанмен екеуі көп әзілдесетін көрінеді.
«Ерменбет ел аралап келді» деген әңгімені естіген Мәтжан «Жасы үлкенге сәлем берейін әрі жаңалық хабар сұрайын» деген оймен оның ауылына іздеп барады. Амандық-саулықтан кейін Мәтжан:
- Ереке, ел арасы тыныш па екен, не көріп, не білдің? - дегенде, Ерменбет:
- Жалпы аманшылық, мына Бозашы бетіндегі өзіміздің Жеменей, Жарыларға барып келдім. Саған естігенімді айтайын ба, жоқ көргенімді айтайын ба? - депті.
Мәтжан:
- Естіген көп қой, көргеніңді айтсаңшы, - дейді. Сонда Ерменбет:
- Қатқыл түбекте шөлде отырған Бектемісті, қайырсыз қара Тоқтамысты көрдім, аш Базарды, бай Назарды да көргенім бар. «Тобыштың ішінде келімсек көп» деп өзің айтушы едің, бір Тастемірде кірме алты шаңырақты көрдім және бір жігітті көрдім, қолында шиден садағы бар, екіншісінің жыңғылдан садағы бар. «Кімсіңдер?» - деп сұрағанымда, алғашқысы: «Жетімекпін», соңғысы:
«Дәулеталымын», - деді. Өзі әбден шөлдеген, түйе қараған Мұрат деген ауылдың адамын және сиырына шошала тиіп, құмда қуалап жүрген Метені көрдім. Жаңағы садақ ұстаған Жетімек пен Дәулеталы бірі: «Мен – батырмын», екіншісі: «Жоқ, мен – батырмын» деп, дауласып отыр екен. Олардың арасында билік айтып отырған Мәтжанды көрдім. «Көргеніңді айт» дегендегі көргенім осы, - депті.
Шындығында, арғы аталары көрген түсінде «Батыр туған Дәулеталыны көрдім, қайыспас қара Тоқтамысты көрдім, нар мая сауған Бектемісті көрдім, байлығы мол Базарды көрдім, қыдыр қонған Назарды көрдім» деген ғой. Ерекең жиендікпен әдейі Мәтжанды сөйлетейін деп, бұрып айтқан сияқты.
Мәтжан:
- Ереке, көргенің рас шығар, Бозашының соры мен құмынан соқыр көзіңізбен осының бәрін қалай көргенсіз? – деп сұрақ қояды.
Ерменбет:
- Мәтжан-ау, жұртта екі көз болса, менде көз үшеу ғой, сен білмейтін бе едің? Маңдайымдағы көзім біреу болса, ойымдағы – екіншісі, сезгіштігім – үшіншісі, - деп жауап береді.
Сонда Мәтжан:
- Көргенің рас шығар. Бірақ солардың арасынан Есеннің есірігін, арам ет жеген Бәйбішені, дауын шешпей, әліге дейін сен әрі, мен бері болып жүрген Қожантай мен Бегімбеттен бір жан кездеспегені қиын екен, - депті.
Бұл жердегі «арам ет» деп отырғаны, ертеректе Бәйбіше ауылының бір жарлылау жігіті жоғалған түйесін іздейді. Бірнеше күн сабылып іздеген жоғы сорға үйелеп, өліп жатқанының үстінен шығады. Күздің қара суық кезі болса керек. Әлгі жігіт: «Адал жануарым, жеті күн іздеп тапқан қайран жануарым, сенің өлгенің бүгін, менің де көргенім бүгін», - деп, өліп жатқан түйені қамшысымен жеті рет ұрып, «адалдап» сойып, етін ауылға алып келіп, ағайындарына үлестіріп беріпті. Айнала отырған ел бұл оқиғадан хабардар болып, осыдан кейін нағашылы-жиенді ойнайтындар Бәйбіше ауылының адамдарына «Арам ет жеген Бәйбіше» деп әзілдейтін болған. Екінші, «Әліге дейін сен әрі, мен бері болып жүрген Қожантай мен Бегімбет» деп отырғаны да
– бір лақтың дауынан 13 адам өліп, екі жақты шабысқан ағайындардың келеңсіз жағдайын бетке басқаны.
Сол кезде Ерменбет үйде әбден қартайып отырған шешесінен:
- Шеке, менің көзім неден соқыр болды? - деп сұрапты. Сонда шешесі:
- Сен кішкентай күніңде ойнауға пышақ сұрап, «Бермедің» деп жылап қоймағасын, беріп едім, жазымы сол «құрғырдан» болды ғой, - дегенде, Ерменбет:
- Ай, шеке-ай, сол күні пышақты маған бермегенде, көп болса, бір күн жылайтын едім. Енді мына Мәтжан маған «Соқырсың» деп, күнде жылатты ғой, - деген көрінеді.
«Ерменбет соншама тапқыр, әңгімені тыңдай да, тыңдата да білген, артық-кем айтылған сөзге апшымайтын, өнбес дауды қумайтын, өмірімен өзгелерге өнеге болған жан еді» дейтін әңгіме де сол өмірден өткен үлкендерден бізге қалған...
«Көп адам кеңес құрып отырған бір отырыста жақын ағайындары Мәтжаннан:

- Сізді бүкіл ел сыйлайды. Халық арасындағы беделіңіз қандай деп ойлайсыз? - деп сұрапты. Сонда ол:
- Адайға – Қаратаудың биік шоқысы Отпандаймын, Жарыға – Қаратаудың өзіндеймін, өзіміздің Құдайбергенге – қолдан үйген үйіктеймін, ал сендерге – аяқ астындағы алдатөмпектеймін, - депті» деген сөз бар...
Мәтекең үлкейіп, қатты ауырып жатқанда, қасына көңіл сұрап келіп отырған, өздерінше «сөз білеміз» дейтін екі бисымақ:
- Мәтеке, «Жаман айтпай – жақсы жоқ», о дүниелік болып кетсеңіз, бізге ақыл-өсиет айтпай кетесіз бе? - депті.
Сонда оларға өзі әрең сөйлеп жатқан Мәтжан би:
- Ақылдарың болса, маған айтыңдар, көрмеген жерге барам, танымайтын елге барам, қараңғы көрге барам, - деп жауап беріпті. Ана екеуі не дерін білмей қалыпты...
Бірде Хиуа ханы үлкен той жасап, әр елдің игі жақсыларымен бірге Мәтжан да шақырылады. Ол тойға інісі Есет палуанды жүйрік қарагер атымен ала барады. Есет палуан күресінде жығып, бәйге алады. Қарагер аты озып келеді. Сол кезде тойдың салтанатына мастанған хан Мәтжанға:
- Қазақта «ас-мас», «ат-мат», «жігіт-мігіт» деген қосарлы сөздер көп көрінеді, солардың мәнісі не? - деп сұрайды.
Мәтекең оған былай деп жауап қайырады:
- Бізде той жасағанда жұртқа қой сойып, құйрық-бауыр, жылқы сойып, қазы-қарта тартады. Сусынға қымыз бен шұбат береді. Соны «ас» дейді. Ал мынадай тастабаққа салып тартқан шөп-шалам мен сусынға берген көк шайды
«мас» дейді. Озып келген жүйрікті «ат» дейді, қалып қойған тұғырды «мат» дейді. Алқа топтың алдында палуан жарысқа түсіп, алып ұрған Есеттерді
«жігіт» дейді, жер қауып жығылған еркекті «мігіт» дейді. Қазақтың «ас-мас»,
«жігіт-мігіт», «ат-мат» дейтін қосарлы сөздерінің мәнісі осы, хан ием...
Қасында отырған жолдастары Мәтекеңе:
- Осы «Ұлы Жүзді – қолына таяқ бер де, малға қой, Орта Жүзді – қолына қалам бер де, дауға қой, Кіші Жүзді – қолына найза бер де, жауға қой» деген әңгіме қалай шыққан? - деп сұрақ қойыпты.
Мәтжан би мынадай деп жауап беріпті:
- Үш жүзді туғанда анасы үш түрлі нәрсеге жерік болыпты. Ұлы Жүзді көтергенде, мал етіне жерігулі. Орта Жүзді көтергенде, балға аңсары ауыпты. Кіші Жүзді көкжал бөрінің бауырына талғапты. Қалғанын өздерің де шығарып аласыңдар ғой...
Маңғыстаудың болыс-билері Ерменбет, Тілеген, Иса, Мәтжан, Қожық ояз бастығының шақыруымен Форт-Александровск қаласына келе жатып, жолдағы Мая би жерленген қауымға келгенде:
- Бәйменбет пен Маяға бет сипайық, - деп, жолдан бұрылыпты. Мәтжан оларға қосылмай, теріс қарап тұрыпты. Сонда аналар:
- Саған не болды, әлде Бәйменбетке өкпең бар ма еді? - десе:
- Өкпем жоқ, бірақ жазатайым Бәйменбет көрден шыға келіп: «Кешегі күні мені «Босқа қырылғанша, орысқа көнелік» дегенім үшін өлтіріп едіңдер,

енді тымақтарың жалпылдап қайда барасыңдар?» десе, не жауап берем деп басым қатып тұр, - деген екен...
Бір жерде қонақта отырған кезде ет турап отырған жігіт еттің майлылау жерін өз алдына көбірек қалдырғанын көрген сыбаға иесі Мәтекең:
- Атты әкеліңдер, жүремін, - деулі. Сасып қалған үй иесі:
- Ойпырмай, Мәтеке, не болды? - десе, жарықтық Мәтекең:
- Көп алысқа бармаймын, табақтың арғы шетіне барып қалайын дегенім ғой, - деп, жұбатушылық әңгімесін айтыпты...
Үйінде демалып жатқан Мәтжанға бір алыстау ағайын болып келетін інісі
келіп:
- Мәтеке, бәрібір үйде қарап жатырсыз ғой. Сізді ел сыйлайды. Біз
құсаған інілеріңізді ертіп барып, бір үйден мал сойғызып, тойғызсаңызшы, - деп, базыналық жасапты.
Мәтекең жалма-жан атын алдырып, ерттетіп, жаңағы жігітті ертіп алып, таяқ тастам жердегі әлгі інісінің есігінің алдына келгенде:
- Ал, шырағым, бұйырған несібені осы үйден көрейік, - демей ме?
Сонда амалы құрыған тамақ іздеуші шіркін бидің атының шылбырынан ұстап түсіріп алып, ағасына қонақасы беріп құтылыпты.
«Мәтекең кетерінде:
- Шырағым, мал сақтағанша – ар сақта, - деген аталы сөзін айтыпты» деп үлкен шалдар әңгіме айтатын...
Хиуаға барған бір сапарында сол жердің атақты байы маңғыстаулық қонақтарына жақсылап тұрып палау пісіріп, ортаға қойып:
- Мәтеке, мынау – біздің елдің ең құрметті адамдарға пісіретін «Жеті әулие» деген дәмі, алып отырыңыз, - дейді.
Сонда Мәтжан:
- Ассалаумағалейкум, «Жеті әулие», Төбесінде – азғана ет-«әулие».
Бетіндегісін сыпырып алып кетсем,
Қараңдаршы, қалғанының несі әулие? – деп, нән алақанының қырымен етті сыпырып алған көрінеді...
Мәтекең нағашыларының ауылына енді барып көрісемін ғой деп жүргенде бір тойда кездесіп қалып, тіпті табақтас болған олар той тарқағасын, бір бағытта қайтып келе жатқанда, нағашысы:
- Шырағым, көпті көрдің, елді де шарлап жүрсің, осы Отпаннан да биік жер бар ма? - деп сұраса керек.
- Бар ғой, нағашеке. Ол – баратын үйіңнің алдында ұятты болсаң, сол үйдің табалдырығы, - деген екен.
Бұдан артық қандай әдептілік, әрі тапқырлық керек?!.
Ел болған соң, ел ішінде түрлі жағымсыз қылықтар да бола беретіні белгілі ғой. Көпшілік жиналған отырыста ас желінген соң, «Батаны сіз беріңіз, сіз беріңіз» деп, аталас ақсақалдар отырыңқырап қалулы. Сонда әлі жап-жас Мәтжан тездетіп тізерлеп отыра қалып, қолын жайып жіберіп, заулата жөнеліпті:

- Тастемірдің айналып соқпасынан, Шотанның қасармасынан, Құдайбергеннің сағырынан, Майланның құмарпаздығынан сақта!
Дастархандастар да амалсыздан Мәтжанға еріп, беттерін сипап, қостаған
екен...
Өсіп келе жатқан ұлдарына риза болмаған Мәтжан би:
- Өзіме тартып біреуің тумадыңдар. Кілең үйкүшіксіңдер, жасықсыңдар, - деп ұрса беретін көрінеді.
«Осындай бір кезде Алуадин дейтін баласы:
- Әке, сенің атағыңа бұл елдің еркек-әйелі тегіс құмар. Жылына қыдырасың да жүресің, өз үйіңе зәуде бір-екі түнейсің. Мүмкін
Сіздің жақсы балаңыз далада шығар, Біздің жаман әкеміз қорада шығар.
«Жамансың» деп, «жасық» деп, тұқырта берме,
Жігіттің аты үйінде емес, далада шығар, - депті» деген де сөз бар...
Бозашы түбегіндегі болыс Аманқұлдың үйіне күздігүні қонақ болып түскен Мәтжан биге малы 2-3 күн асып суға келетін алыс жерде болғандықтан, мал соя алмай, жақсылап тұздалған ет асып бергеніне қысылған үй иесі:
- Мәтеке, адай түгілі, Алашқа белгілі ағамызсыз ғой, бір мал сыбағаңыз бар еді, бұйырса, тағы бірде жерсіз, - депті.
Сонда қонағы:
- Айтқаның рас болса, менің сыбағамды жемей кеткенім Мәтжан атағыма ұят болар. Сондықтан мен асықпаймын. Өрістегі малың ақыры ауылға келмес деймісің?! Оған дейін қысылма, өздерің не жейсіңдер, маған сол да жарайды, - деп қарап отырған тәрізді...
Жалпы, көбіне ел аралап жүретін Мәтекең далада апталап-айлап жүргенде қасына палуанын, бәйгеге қосатын аттарын, әнші-күйші, жыршыларын, қамшыгерін, саят құратын құс ұстаушысын, аң алатын тазы иті бар жігіттерін, тіпті «Жарыстыра қалсақ, керек болар» деп, мешкейін де ала жүріп, олардың өнерлерін елге көрсетуді дәстүр қылыпты. Сондай бір сапарында палуандығын ел мойындаған інісі Есеттің:
- Осындайда, атаңа нәлет, жау да кезігуші ме еді? - деген сөзін естіп қалған Мәтжан тосыннан қатарласа беріп, інісінің мойнына тұзақтаулы қыл шылбырды салып жіберіп, аттан ауған Есетті сүйрей жөнеліпті. Көзі аларып, аузынан ақ көбігі ағып, о дүниенің есігін көріп қайтқан інісіне айтқаны:
- Жау іздейтін неме едің ғой, ал не болды? Әлде кездесетін жауың мен құсаған шалдан осал болады деп пе едің?!.
Бесқала бағытына бір топ жолдастарымен сапарға шыққан Мәтекең ел шетіндегі «Бәймен тақырдың» тұсына келгенде жан-жағына қараңқырап алып:
- Бұл маңда ат-көлігімізді жайлап, өзімізге қонақасы бере алатын біздің елден кім бар? - деп сұрапты. Қасындағы біреу:
- Қапталымызда қозы көш жерде пәленше деген кісінің ауылы бар, бізді сыйлауға шамасы келетін адам - десе, Мәтекең:
- Онда аттың басын солай бұрайық, қане баста, - деулі. Манағы жігіт:
- Мәтеке-ау! Баратын жағымыз алда, мына ауыл қапталда, - депті.

Сонда Мәтжан айтыпты:
- Немене, Бесқалаға жолың болғандықтан бара жатырмысың, тамақ іздеп келе жатқан жоқсың ба? Мына тұрған жерді «бұру» деуін, пәтшағардың!..
Сол «Бәймен тақырдың» құбыла бетінде, жалдың басымен жүретін Мәтжанның қара жолы тура әйгілі «Қасқа жолға» барып қосылып, Хиуаға жеткізеді. Ол жолды беттестірген диірмен тастарын қыл арқанмен байлап, жетекке алған нармен салдырған...
Бірде Мәтжан би «Барыс» бұлағында отырған жұрағатына қонаққа келіпті. Қонақасы алдында:
- «Көңіл көтерсін» деп, айтулы домбырашымызды алдырып едік, тыңдап көріңіз, - деген ұсыныс болыпты. Күйге аса қатты риза болмаған Мәтекең күйшіден қандай күй тартқанын сұрапты. Ол:
- Менің тартқан күйім – Шоңай Есірдің «Жалдығарасы», - деп жауап беріпті.
Сонда би:
- Ой, дүние-ай, Жыңғылды мен Ұланақта жалы бақайына төгілген Есірдің
«Жалдығарасы» Аусары мен Шетпеге келіп, құйрық-жалдан жұрдай болған екенсің-ау, жануар! - депті...
Тағы бірде Қаратаудың бойында қыдырып келе жатқан Мәтекең қасындағы бір топ адаммен бірге қалың тұманда адасып, қой қайырып жүрген, бет-әлпеті маңғыстаулықтардан өзгешелеу, ірі денелі, бет-аузыңдағы сақал- мұрты, қасы барырақ бір кісіге кездесіпті. Жөн-сұрасып болған соң, би жаңағы адамнан қай жерде тұрғанын сұрап, «Ондының алды ғой» деген жауап алыпты. Мәтекең сонда таңданысын былайынша білдірген сияқты:
- Апыр-ай, бет-аузыңды көріп, «Иран асып кеттік пе» деп ойлағаным, өзіміздің Онды болса ештеңе етпес.
Айта кетуіміз керек, жол сілтеген кісіден дүреген ұрпақ бүгінде баршылық және ішінен елге белгілі небір азаматтар шықты...
Мәтекең қалдырған күлдіргі сөздер көп-ақ. Солардың ойға оралған кейбіреулерін айтсақ, артық болмас. Қоңына бөртпе сыздауық болып шығып, арты шиқанға айнала бастаған тұста би бәйбішесінен қарап жіберуін сұрапты. Бәйбішесі қарап болып:
- Аса қауіпті емес, сыздауық қой, көп ұзамай жарылар, - дейді. Ауырғаны басыла қоймаған соң, тоқалына қаратса:
- Ойбой, аузы ашылмаған, жаны бар, бітеу жара сияқты, - деп қауіп айтыпты.
Сонда Мәтекең:
- «Алыстағы ағайынның хабарын дұрыс жеткізбеді» деп, кейде елге өкпелейміз-ау, мына тұрған құйрығымыздың хабары өзімізге дұрыс жетпейді, - депті...
Мәтжан елге танымал болып, би атанып жүргенде ең кенже баласы үйленулі. Көп ұзамай жас жігіт азғантай малға қарайтын шаруасына селқостау қарап, сырторай бола бастаулы. Өзі де көрер көзге жүдей бастаған білем... Содан бір күні, мұның бәрін сезіп жүрген Мәтекең таңертеңгі шай үстінде баласына қарап:

- Шырағым, бой жазып, біраз күн нағашыларыңа қыдырып барамын десең, біздің қарсылығымыз жоқ, - депті.
«Қашайын деген қоянға «Тәйт» дегесін, не жорық?!» демекші, баласы нағашыларының ауылына тартып кетулі және сол кеткеннен мол кетулі. Кешке өрістен қой келгенде алдынан шығып жүрген Мәтекең сол жылы қошқар қойған бір еркек қозының әбден жүдеп, жөтеліп, қойға ере алмай жүргенін байқапты. Кешкі шай үстінде ол келініне әлгі қозыны ауылға алып қалып, бөлек күтуді тапсырыпты. Сонда келіні атасына қарап отырып:
- Әтеке-ау, бұл «қошқарсымақты» мен де көріп жүрмін. Бөлек баққанмен, оның жағдайы бола қояр ма екен?! Оны да, бар болса, нағашысының ауылына жіберіп алсақ қалай болар екен?! - деулі.
Қанша би болса да, мына ұтырлы сөзге ұтымды уәж айта алмаған қайран қартың азаннан баласына «Ауылға қайтсын» деген хабармен ат шаптыртқан көрінеді...
Әліби Жангелдин 1918 жылы Лениннің тапсырмасымен ақтардың қоршауындағы Ақтөбе майданына ақша, қару-жарақ пен оқ-дәрі жетістіру үшін екі кеме әскерімен Бозашы түбегінен түсіп, Қаратөбенің басында жиын өткізіп, Адай төңкеріс комитетінің төрағалығына Тобанияз Әлниязұлын тағайындағаны тарихтан мәлім. Қарапайым халық оны «хан» деп атаған. Нағашылы-жиенді болып келетін Тобаниязды қасындағы жолдастарымен бірге қонаққа шақырып,
«Құтты болсын» айтқан Мәтжан би қонақасыға туырылған ту бие сояды. Етке әбден кекірелеп тойып алған жолдастарына Тобанияз Мәтжанды нұсқап, әзіл айтыпты:
- Маған жаутандап несіне қарайсыңдар, қонақасыға еркек қой сойып, мен бір құдды сендерге бас сыбаға бермегендей-ақ? Олай істеуге үй иесінің ақылы жетпепті емес пе?
Бұл сөзді естіген Мәтекең іле-шала:
- Иә, біздің надан қазақ «Тобанияз хан болыпты» деген соң, сыйлық жасайын деп, үйіме шақырдым. Ерекше құрмет көрсетіп, ту бие сойдым. Бірақ
«Қарадан келісті хан шықпас» деген бұрынғылардың сөзі бар еді, қазір көзімізбен көрдік. Бұл сол исі күңірсіген қойдың басын ұстаудан деңгейі өспеген жан екен. Қанша көп тұрып, ел басқарар дейсің? – деп, басқаларға сұраулы жүзбен қарапты...
Сол Тобекең төраға болып тұрғанда көп ішінде Мәтекеңмен кездесіп қалып:
- Оу, Жарының алжыған шалы, мына алмағайып кезеңде әлі тірлікте бар екенсің ғой, - депті.
Сонда би:
- «Қарадан хан болғанды көрсем бе» деп едім – көрдім, енді оның басы даң болғанын көріп өлсем, арманым жоқ, - деулі...
Әркім-ақ кезінде Мәтжан бимен араласқанды армандаған, шамасы келсе, танысып-білісуге тырысқан. Сондай бір өзбек жігіті Қазақбай Бесқалаға қыдырыстап барған Мәтекеңді қонақ қылыпты. Өзбектің тамағы белгілі ғой, ет жеп, кекірелеп қалған қонақтары жарты құрсақ болған тәрізді. Мәтекең

жүретінін айтып, рұқсат сұраулы. Үй иесі тағы да бір-жар күн қонақ болуын өтініпті. Сонда Мәтжан:
- Қарағым, Қазақбай, сый-құрметіңе рахмет! Мен елде Құдайдың құтты күні мал жеп үйреніп қалдым. Саған келгелі тамағымның асты көже, үсті шөже болды. Аштан өлер жайым жоқ, енді тоқтар ойым жоқ, - деп, аттанып кетіпті...
Неше түрлі аты бар «Тартпалы» деген жерде отырған Мәтжанның ауылына «Сәлемдесейін» деп, Тобанияз келіпті. Аман-түгел алысқаннан кейін Тобанияз биді сөйлетпек болып:
- Сіздің ауыл отырған «Тартпалының» аумағы шағын болса да, атты аямай, аяқ аттам жерге қоя берген екенсіздер, - деулі.
Сонда Мәтекең:
- Сенің мына шақшадай басыңа шаш, қас, бет, мұрын, ауыз, көз, иек, т.б. мүшелерің ретімен сыйып тұрған жоқ па?! Ал айналасы ат шаптырым
«Тартпалы» сенің сол басыңнан кіші ме? – дегенде, Тобекең ештеңе тауып айта алмапты...
Ел аралап жүрген Мәтжан бір үйде қонақ болып отырғанда, үстіне ревком төрағасы болып сайланған Тобанияз келулі. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, жолсоқты болып келген Тобанияз қолтығындағы құс көпшікке қисая беріп, «Уф!» десе керек. Мұндайды қалт жіберіп, қақас қалдырмайтын Мәтжан би:
- Шырағым, Тобанияз! Әкең Әлнияз жаяулатып ешкі айдап, талай Бесқалаға барғанда бір рет те «Уф» дегенін естімеп едік. Бүгінде мінгенің жорға, қолтығыңда мамық жастық, астыңда жұмсақ төсек, жүрген жеріңде сыбағаңды жеп жүрген сенің «уфілеуің» орынды ғой, - дегенде, Тобекең малдас құрып, түзеліп отырған екен...
Маңғыстау елі Хорезм хандығына бағынышты болып тұрғанда, адайлар мен ханның шабармандарының арасындағы түсініспеушіліктен аяқ астынан дау туады. Сол дауды шешу үшін Есен Ерменбет, Қырымқұл Ғапур, Жары Мәтжан бастаған бір топ адам төрелік алуға ханның алдына барады. Біраз әңгіме айтылып, дауласушы екі жақ өз дәлелдерін келтіреді. Кезектесіп қамшы тастасып отырған сәтте сөз алған Мәтжан былай деулі:
- Ертеде Еділ сағасындағы қазақтар арасында белгілі адам қыз ұзатып, көпшілік жиналған алқалы отырыста Кенже Ақтан ақын былай деген екен:
Түрікпен, өзбек – өз ағам, Тәжік пен сарт – садағам.
Қырғыз, Қалпақ, Ноғай бар, Башқұрт пенен татарлар,
Шежіреде бәрі де бір атадан тараған.
Сол айтылғандай, бәріміз бір атадан тарай тұра, неліктен әлдебіреулердің кесірінен араз боламыз? Қара халықтың ой-арманы – тыныштық. Олай болса, хан ием, өзіңіз бас болып, біз қостап, бұзақыларды ауыздықтап, ел арасындағы татулық пен бірлікті, тыныштықты қалыпқа түсірсек, бөтен бола ма?! Бұл әділдікке де, мұсылманшылыққа да сай емес пе?! «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген аталы сөзді берік ұстайтын біздің адайлар Сіздің беделіңіз бен

ақылыңызға, хандық билігіңіз бен тәжірибеңізге сенеміз және алдағы күндердің жақсылығы мол боларынан үміттенеміз.
Орнымен айтылған сөз бен уәжге көңілі бітіп, тоқтаған хан дауды адайлардың пайдасына шешіпті. Бұларға келістіріп қонақасы берген хан енді бұйымтай сұрапты. Олар: «Негізгі келген мәселеміз шешілді, сонымен бұйым бітті ғой», - дегенде, Мәтжан бүктеулі қамшысын тағы да ортаға тастап:
- Дат, тақсыр, - деп сөз бастайды. – Біз – адай деген Сіздің қарауыңыздағы салығы мен зекетін мезгілінде ұдайы төлеп келе жатқан елміз. Елімнің малы көп байлары жеткілікті. Алайда, малы жоқ жарлы-жақыбайлар мен кедейлер де аз емес. Жалпы, Маңғыстау өңірінің жері малға жеткілікті болғанмен, ағып жатқан суының жоқтығынан кедей-кепшікке күнелтіс аз, басқа кәсіп жоқ. Сондықтан қажетті астықты, шай мен қантты апталап-айлап Сіздің елден, түйелі керуенмен әлді азаматтар ғана алдыра алады. Бұл жол ұзақ және қарақшылар да осы жолды торуылдаумен болады. Бұйымым – осы жақтан елімнің бір бөлігі күнелткендей жер, су бөлгізсеңіз, - деп жіберіп, сөзінің аяғын тақпақтай жөнеліпті:
Мекенім – Маңғыстау шөлде еді, Дариясы жоқ, судан кенде еді.
Қисаңыз, егін салатын жер сұраймын, Сол елдің аманаты менде еді...
Мәтжанның сөзіне риза болған хан оның сұраған жер, суын – 500 танап, яғни 200 гектар шамасында бөліп берген. Оған қоса:
- Өзіңдей ұлды дүниеге келтірген анаңа менен сыйлық болсын, - деп, келісті тоқылған үлкен қалы кілемді тарту етеді.
Мәтекең ханға рахметін айтады және «Бұл сыйлықты аттың алып жүре алмауы мүмкін-ау» деген қаупін жасырмайды. Ханда жағдай жетпесін бе, бір нарды тағы да сыйлайды.
Енді бұл кілемнің кейінгі тағдырын да айта кетейік. Мәтекең елге қадірі артып, дәуірлеген шағында бір сапарда жүріп, жолдастарымен бірге атақты сахи Дәулеталы Жолымбеттің Қоштайының үйіне келіп, қонақ болып түсіпті. Ертеңгісін аттанбақшы болған биден үй иесі бұйым сұрапты. Мәтекең сәлемдесуге келгенін, шаруасының біткенін, берілген қонақасыға ырзалығын, өзге бұйымдарының жоқ екендігін айтыпты. Сонда Қоштай отырып:
- Мәтжан-ау, өзің би болғанмен, дәулетің шағындау еді-ау. Ағайын адамбыз. Мен саған алдыңа қысырақтың үйірін салып, астыңа мінуге ер- тұрманымен жорға сыйламақшымын, – деп, сол айтқан жылқысын айдатып жіберіпті.
Сол Қошекең берген 11 қысырақ өсіп-көбейіп, Мәтжан бай болмағанмен, жылқылы кісі болыпты.
Жалпы, Қоштай ауылы күніне 3-4 қойды немесе жылқыны қонақасыға сояды екен де, содан кейінгі қонақтар қоналқаға келесі күнге қалады екен. Осындай ризалықтан болуы керек, шешесі қайтыс болғанда «Қайыр болсын» айта келген Қоштайға Мәтжан кезінде Хиуаның ханы сыйлаған қалы кілемді сыйға тартыпты. Бұл кілемді Қошекең төрт баласына бөліп береді. «Соның бір бөлігі тиген баласы Бекқожа ат жаратқанда ырым қылып, бәйгі атқа сол кілемді

жапқанда, екі жағы жерге тиіп тұрғанын өз көзіммен көріп едім», - деп, Бекқожаның жандай құрдасы, 1902 жылы туған, руы Тоқтамыс, атақты шежіреші Өрісбай Алданов ақсақал әңгіме айтқан-ды...
Мәтжанның әкесі Тілеумағанбеттің інісі Ақшолақ қасиетті адам болыпты. Жұрт ауып көшерде ол сары атанын ерттеп мініп, «Шүу, жануар!» деп желдіріп кете береді екен. Сонда ауылдың барлық түйелері еріп жүре береді білем. Сол Ақшолақтың түйдей құрдасы, шөбере ағайыны Құлақан жарлы болыпты. Оған Ақшолақ көшерде қаншама мал тастап кетсе де, құтаймай-ақ қоюлы. Бір сапарда қалашылармен бірге Орынборға сапар шеккен Ақшолақ ағасымен Мәтжан жолдас болулы. Базарда өзіне керек-жарағын алған Ақшолақ құрдасына бірдеңе қарай бастайды. Мәтжан:
- Сен не апарсаң да, ол бәрібір құтаймайды. Осы сапар базарда бүркіт көп көрінеді, содан неге біреуін апарып бермейсің? Мүмкін, қотанына қара айналар,
- дейді.
Мұны құп алған Ақшолақ енді бүркіт таңдап, сымбатты да тұлғалы біреуін алуға ыңғайланады. Осы арада Мәтжан таңдауды өзіне беруін сұрайды. Келісімін алған бойда, жерде жатқан терінің жүнін сыртына қаратып домалақтап байлайды да, абайсыз отырған көп бүркіттің ішіне лақтырып жібереді. Олардың көбі үркіп кетеді, екі-үшеуі теріге ұмтылады, ал кішілеу біреуі селт етпестен отыра береді. Қозғалмай отырып қалған сол бүркітті сатып алған Ақшолақ ауылына барғанда: «Базарлығым», - деп, құрдасына сыйға тартады.
Сонымен Құлақанға ермек табылып, бүркіт жақсылап бағылып, бабына келеді және бір-біріне бауыр басып, үйреніседі. Қоян, түлкі, қасқыр топ- тобымен алынады, сыйлы қонақтардың қанжығасына байланады. Алынған терілер бапталып, малға айырбасталады. Сөйтіп, 4-5 жыл көлемінде мал- мұлдың басы құралып, дөңгеленген шаруашылық пайда болып, Құлақан ел қатарына қосылулы. Ағасының ауылына көрісе келген Мәтжан бұл жағдайға риза болып:
- Болайын десе – бақыт түрлі себептен, пенделері сол себеппен күнелткен,
- депті...
Шоңай Қожық би Хиуа бетіне жолаушылап бара жатып, жолай ел қыдырып жүрген Мәтжан биге жолығыпты. Амандық-саулық сұрасқасын, Қожық Мәтжаннан хабар сұрайды. Сонда Мәтжан:
- Естігенімді айтайын ба, болмаса, көргенімді айтайын ба? – деп сұрайды. Қожық:
- Естігеніңнің қоспасы болар, көргеніңді айтсаңшы, - дейді. Мәтжан:
- Көргенімді айтсам, Байбол деген ауылда Өрезектер күндіз қазандарын төңкеріп қойып, түнде ғана ет астырады екен. Жеменейдің Кенже деген ауылының еркектері қатындарының ауыздарына қарап, тамсанып отырады екен. Сіздің Әлмембеттің Қаржауынан шыққан жігіттер таңертеңнен күн батқанша өзара төбелесіп алып, кешке от басында дым көрмеген адамдай татуласады екен, - депті.
«Мұны естіген Қожық мырс етіп күліп:

- Тіліңе шоқ түссін! – депті» деген де әңгіме бар...
Ауылына «Мәтжан келе жатыр» деген хабарды естіп, онымен үнемі әзілдесіп ойнайтын Жапақ деген сары өңді кісі қонақтардың қарасы көрінген кезде 8-9 жас шамасындағы баласына «Ана кісілер келгенде айтарсың», - деп сөз үйретіп қоюлы. Қонақтар жақындаған кезде бала жалма-жан ұлы дәретке отыра қоюлы, қолында бір сындырық наны болады.
Мәтекеңнің жанындағы жолдастарының біреуі шыдай алмай:
- Әй, көргенсіз, бұл не отырысың? - деулі. Бала манағы әкесі үйреткен сөзді айтып:
- Көріп тұрсыз ғой, жаңасын кіргізіп, ескісін шығарып отырмын, - дейді. Бұл әңгіменің қайдан шыққанын аңдаған Мәтжан:
- Қарағым, қасыңа қарға қонсын, обалың «Сарыға» болсын! - деп, кілт бұрылып жүре беріпті.
Мұны көріп тұрған үй иесі Жапақ белдеуде тұрған атқа міне шауып, алқынып, Мәтекеңдерге қуып жетіп, кешірім сұрап, ауылына әкеліп, қонақ етіпті...
Боқсары деген руда Қуандық, Сүйіндік атты тумаласты палуан жігіттер болыпты. Олардың әкесі үлкейіңкіреп қалған Аралбай деген қарт кісі екен. Оған сәлемдесе келген Мәтжан қара шаңырақ иесі Сүйіндіктікіне келіп, ішке кіреді. Бірақ үй ішінен іздеген кісісі көрінбейді. Мәтекең Сүйіндік палуаннан әкесінің қайда екенін сұрайды. Ол үйінің қапталындағы қараша күркені қолымен нұсқайды. Мәтжан іздеп келген ағасымен амандасып, хал-жағдайын сұрағасын, қайтадан Сүйіндіктің үйіне кіріп, есік алдында түрегеп тұрған бойында палуаннан:
- Әкеңді бағасың ба? – деп сұрайды.
- Бағамын.
- Қалай бағасың?
- Ел қалай бақса, мен де солай бағамын, - деп күліпті Сүйіндік.
- Сен әкеңді итше бағады екенсің. Аңшының үйінде тазы деген ит болар. Оған асын құяды, ішкізеді, сосын «Жат!» деп, үстіне жабу жауып тастайды. Сен әкеңді тап солай бағады екенсің. Ал әкесін бағатын азамат жігіт былай істер болар: төрге қабаттап жұмсақ төсек салар, үстіне көрпе жабар, күн аралатып мұртын қағар, жұма сайын суға түсіріп, тырнағын алар. Алдында асы, қапталында жайнамазы, қолында деспесі болар. Жан-жақтағы садақа, тойға барар. Ұқтың ба? Мен енді сенің үйіңе әкең осындай жағдайда бағылғанда келермін, - деп, шылбырына жабысқан Сүйіндіктікіне түспестен кете беріпті...
Ел аралай шыққан Мәтжан би қасына палуан інісі Есетті, тоғызқұмалақ ойынының шебері Төлекбайды, атақты әнші Шолтаманды, күйші Қартбайды, атбегі Қосжанды, айтыскер ақын Берекетті, теңге атудың шебері Итібайды, қамшыгер Жантілесті ертіп, нағашысы Шегем Ләтіп бидің ауылына келіп, мереке-сауық құрады.
Ләтіп би:
- Мәтжан шырағым, сапарларың оң болсын! Өнерлерің мол екен, өнерпаздарың да сай екен. Мыналарың елге үлгі боларлық жаңалық екен. Осыдан үш күндік жерде, «Доңызтауды» жайлайтын Жұмағұлахат дейтін аса

сыйлы ақсақалдың ауылы бар. Бала-шаға, немере-шөберелерімен жүз үйдей ауыл және шетінен неше түрлі өнерпаз. Сайысу үшін әдейі іздеп асқа немесе тойға барудың қажеті жоқ. Егер өздеріңе сенімді болсаңдар, мен бастап баруға әзірмін, - дейді.
«Іздегенге – сұраған», Мәтекең тобы аталған ақсақалдың ауылына келеді. Ерігіп отырған өнерпаз ауыл қонақтарды шат-шадыман қалыпта, ерекше ықыласпен күтіп, сыйлайды. Үш күн бойына неше түрлі сайыс, өнер түрлері көрсетіледі. Қанша мықты дегенмен, тек бір ауыл өнерпаздарының Маңғыстаудың «құрама командасына» төтеп беруі қиынға соғады. Екі жағы да бір-бірінің өнеріне риза болулы.
Қонақтар аттанар тұста ауыл иесі Жұмекең ақсақал Мәтжанға:
- Мәтеке! Біз Сізге және сайдың тасындай іріктелген мына адай жігіттерінің өнеріне тәнті болдық. Көп нәрсені екі жақ та үйрендік, жастар танысты. Екі елдің арасы бұдан әрі де жалғаса түсуі үшін қандай бұйымдарыңыз болса да, біздің жақ қуана орындаймыз, - дейді.
Сый-құрметке ризашылығын білдіріп болғасын, Мәтекең ақсақалға
қарап:
- Мына өздерің құмарланып тыңдаған Шолтаманым бойдақ еді,
мүмкіндігі болса, Сізге құда түссем деген ойым бар-ды, - дейді.
Жұмағұлахат:
- Сөзіңнің садағасы кетсін, мына шай құйып отырған немеремнің басы бос. Бұл шаруаң «бітті» деп есепте, - депті.
- Япырмай, екі ата өзара келісіп жатырсыздар. Шыр бітпеген, қу кедей Шолтамандарың мені асырап, баға ала ма? Құр ән салғанмен, ән мал бола ма? - дейді шай құйып отырған немересі қысылмай еркін сөйлеп.
Мәтжан:
- Қарағым, білмей айтқаның ағаттық болар. Шолтаманжанның жарлы екенін қайдан білдің? - дейді сынай қарап.
- Ата, маған оны кім айтсын, өзі айтты-дағы. Аузымен айтпаса да, киген киімінің екі жеңіне қарап, кезек сыйпай береді, сонысымен білдірді. Онымен қоймай, екі етегін қаусыра береді. «Кісі киімі – кіршең» демей ме?! Өз киімі болса, өйтпес еді. Сонда бір киер киімі жоқ Шолтаманды «кедей» демегенде, кім дейміз?! - деген екен ақылды қыз бала.
Шынында да, Шолтаман жарлы болатұғын. Мәтекең жолға шығарда Шолтаманға өз баласының киімін кигізіп, «Реті келсе, үйлендірермін» деп, қамданып шыққан тәрізді. Ақылды қыз бәрін сезіп отырғанымен, теңі табылғасын, атасының айтқанына қарсылық білдірмепті. Осылайша Мәтекең інісі Шолтаманды аяқтандырған екен. «Жақсыдан – шарапат» деп, міне, осыны айтар...
Ауылының сыртындағы төбенің басында екі-үш адаммен әңгіме-дүкен құрып отырған Мәтекеңді көріп, бір жолаушы ат басын соларға қарай бұрыпты. Жақындап келсе, Мәтекеңдермен қарайлас, жасамыстау кісі екен. Екеуі жөн сұрасады. Жолаушының киім киісі, сөз саптасы бұл жақтан емес сияқты болады. Ол:
- Кім боласыз, танысайық! – деп сөз бастайды.

Мәтжан:
- Қонағым, танысаң – Адайыңмын, танымасаң – Құдайыңмын. Өзің кімсің?
Жолаушы:
- Мен – танысаң, Шормын, танымасаң – Құдайдан да зормын. Мәтжан:
- Е, Құдайдан зор болсаң – әңгіме жоқ, жолсоқты болып келеді екенсің, үйге жүріп, мейман бол, - деп, үйіне ертіп келеді.
Қонақ төрге озып, жайласқан соң, үй иесі сыртқа шығып, жігіттерге қонақасыға еркек қой союды тапсырады. Екеуара әңгімеге кіріседі. Таныса келсе, бұл жолаушы да қара жаяу көптің бірі емес, Орта жүздегі Шор деген рудың белгілі биі болып шығады. Тегін асты құр жібермейтін көрші-көлемдер де жинала қалады. Өткен-кеткен әңгімелердің біразының басы қайырылады. Сөйтіп отырғанда, ас дайын болып, үйме табақ ет ортаға қойылады. Мәтекең қолындағы бәкісімен құйрығымен тұтас пісірілген арқа омыртқаның біреуін екіге бөліп, қол басындай құйрық майдың ортасына қобылдап жіберіп, майға орап аузына салып, қылқ еткізіп, шайнамай жұтып жібереді. Бұл шаруасын сәтті бітіргесін, мейманына қарап:
- Ал, қонағым, ендігі кезек Сіздікі, - деулі. Көзі бақырайып кеткен мейман:
- Мен мұндайға жоқпын, – депті. Сонда Мәтжан:
- Е, онда өзіңіз біліңіз. Мана кездескен жерде «Құдайдан да зормын» дегесін, «Құдайдан зор қандай болады екен?» десем, майды да жей алмайтын қор болып шықтың ғой, - деп күліпті...
Ел көп жиналған бір жиында Қалдыбай би Мәтжанға қарап:
- Мәтжан-ау, біздің Қосайдың екі артықшылығы бар ғой, сен соны ескере жүргейсің, - деулі.
Сонда Мәтекең:
- Ол қандай артықшылық еді, есіме салып жіберші, биеке? - деп сұрапты. Қалдыбай:
- Біріншісі – біз аға баласымыз ғой, екіншісі – біздің Атағозы би хан төресін берген жоқ па?! – дейді.
Сонда Мәтжан бөгелместен:
- Ендеше, биеке, біздің де артықшылықтарымыз бар екенін Сіз де ұмытпағайсыз, - деп бастайды.
Қалдыбай би құлағын түріп, «Ол қандай артықшылық?» дегендей ыңғай көрсетіпті. Мұны байқаған Мәтжан:
- Адай түгілі, Алаш мойындаған, топ болып қалған мешел ауруды жазатын «Мұңал ошағым» бар, Адайдың ұранына айналған Бекеттей пірім бар, Қосқұлақ Асар сұпы Кебәділләға барып, Құдай үйін салдырды және қасиетті қара тасқа қолын тигізіп, өзі сонда шәйіт болды. Бұл біздің ауылдың тек Адайға ғана емес, бүкіл дін мұсылман қауымына салған үлгісі емес пе?! – деген екен...
Мынау – Иман деген ақсақалдың бертінде айтқан әңгімесі екен:
«Бірде Мәтекең мені шақырып алып:

- Шырағым, Иманжан! Бұрынғылар айтушы еді «Саудагер досын жейді» деп, сен соның дәл өзі болып шықтың. Әкең зор үмітпен атыңды «Иман» деп қойды, үлкен той жасады. Сол үмітін ақтамай, кісі ақысын жеуге ұмтылғаның ба? Енді сенің атыңды «Имансыз» деп өзгертуден басқа жол көріп тұрған жоқпын, - дегенде, ұялғаннан кірерге тесік таппай қалдым, содан соң сауда жасауды біржолата қойып кеттім», - депті.
Шындығында, оқиға былай болулы. Тауасар атты кісі бөз мата сатушы Иманнан он кезден екі бөлек бөз сатып алып, артынан өлшесе, әр бөлектен бір кезден кем шығады. Тауасар бұл жағдайды ағасы Мәтжанға айтады. Мәтекең дереу адам жіберіп, Иманнан он тоғыз кез бөз сатып алдыртады. Келгесін, өлшеп жібергенде, шындығында кем шығулы. Тауасардың сөзі рас екеніне көзін жеткізген Мәтжан Иманды шақыртып, жоғарыдағы сөзді айтулы...
Ал мына әңгімені Жанғабылов Сәттіғұл ақынның өз аузынан журналист, ақын ағамыз Оразаухан Ізбасаров жазып алған екен. Сәтекең сөзін былай бастапты:
«Жасым жиырмаға жақындағанда әкем мен ағам Әбдіхалық қатар өліп, қоралы жетім-жесірге бас-көз болып қалдым. Баратын жерім, басатын тауым жоқ. Ішерге ас, киерге киімнен тарымшылық көре бастадым. Істейтін кәсіп тағы жоқ. Енді не істерімді білмей, Мәтжан ағамыздан ақыл сұрау үшін ауылына бардым. Мәтекеңнің 5 қанат көнетоздау үйі бар екен. Кіріп келсем, ағамыз төрт қабат көрпенің үстінде ақ көйлек, ақ дамбалмен жатыр. Даусымды шығарыңқырап сәлем бердім. Амандық-саулық сұрасқан соң, келген шаруамның жайын айттым. Әбден тыңдап болып:
- Осы сен Майлан Сарбасты білесің бе? - деді. Мен білетіндігімді айттым.
- Сені жұрт «Сөз шығарады» деп жүр ғой. Сол шын болса, Сарбасты мадақтап сөз шығар. Он күннен кейін келерсің, - деген тапсырма берді және:
- Сарбас сенің әкең мен ағаңа бет сипамаған шығар, - дегенде, мен қоштап, басымды изедім. Мәтекең:
- Әне, оның сондай күнәсі бар болып шықты. Соны да сөзіңнің ішіне кірістірерсің, - деді.
Он күннен кейін бидің ауылына келсем, баяғыша үйінің қақ төрінде жатыр екен, берген сәлемімді алғасын, орнынан тұрып, кереге басындағы сегіз өрме бұзау тіс қамшысын қолына екі бүктеген күйде үйден шығып, маған:
- Артымнан ер, - деді.
Содан ол ауыл сыртындағы төбеге қарай жаяу тартты, мен артынан еріп келемін. Екеуара басқа әңгіме болған жоқ. «Апырмай, мына қамшымен сабамаса болар еді-ау» деген күдік те бар. Бірақ «Қой, не үшін сабайды?» деп, өзімді-өзім жұбатып қоямын.
Төбенің басына шығып, жайғасып отырған соң, Мәтекең менің бетіме қарап:
- Ал айтшы шығарып келгеніңді, не деп оттадың екен, естиін, - деді. Мен шығарған арнауымды айтып шықтым. Ол тыңдап болды да:
- Е-е, дұрыс. Сенің шығарған әрбір сөзің осындай болса, өзің қадеге жарап қалған екенсің, - деп, бетіме қарады да:

- Осы қазір Сарбастың ауылына барамыз, - деді.
Өзі орнынан тұрып, қамшысын бүктеуімен үйге келді. (Артынан айтады:
«Сенің Сарбасқа шығарғаның ойдағыдай болмағанда, сол жерде қамшы жейтін едің», - деп).
Сонымен Сарбастың ауылына жүріп кеттік. Ауылға жақындағасын, анадай жерден Мәтжанды таныған Сарбас бастаған ауыл адамдары алдымыздан шығып, Мәтекеңнің шылбырына оралып, бәйек болып қалды. Менімен ешкімнің шаруасы жоқ. Сөйтіп, Сарбастың үйіне келіп түстік. Қақ төрде шарта жүгініп алған Мәтжан сөйлеп отыр. Жұрт тырп етпестен ұйып тыңдауда. Оның сөзімен менің ісім шамалы, «Сарбасқа шығарған сөзімнің о жер-бұ жері қалай» деп басым қатуда. «Ең болмаса, Мәтекең де ештеңе айтпады-ау, егер сөзім нашар шықса, ол бірдеме демес пе еді?!» деп те қоям ішімнен. Сөйтіп отырғанда, шәй келді. Шәй дастарханы жиналып бола бергенде, Мәтжан Сарбасқа:
- Әй, Сарбас! Мына бала – Жанғабылдың Сәттіғұлы, саған арнап сөз шығарыпты. Соны айттырайын деп, әдейі ертіп келіп отырмын, - деді.
Менің қолыма домбыра берілді. Жұрт жан-жақтан қаумалап, ортаға шығарды. Домбыраның бұрауын келтіріп алып, өзімнің қоңырқай даусыммен, өз мақамыммен шығарған жырымды бастадым. Әуелгі кезде денем абдырағандай, қобалжыңқырап бастаған сияқтымын, бірақ аздан кейін қобалжу басылғандай болды. Ара-арасында үй ішінде отырғандарға барлап көз салып қоямын, тыңдаушылар шын ықыласпен тыңдап отырған тәрізді. Жыр аяқталуға жақындап, Мәтекемнің ескерткені бойынша Сарбастан әкем мен ағама бата дәметіп қосқан жерімді айтып өткеннен кейін Сарбасқа көзім түсіп кеткен еді, оның көзінің алды ылғалданып, көңілі босап отырғандай көрінді маған.
Жыр да аяқталды. Жұрт сілтідей тұнып қалған. Иә «жақсы», иә «жаман» деген ешкім жоқ, бәрі де ауыздарына су толтырып алғандай. Бір кезде барып, Сарбас бетіме тіке қарап отырып, жайымен:
- Шырағым, ағайын едік. Әкең мен ағаңның қайыры болсын! Шаруадан қол тимей, бара алмай жатырмыз. Ағаңның да сыбағасын жақсылап беріпсің, - деп, артын күлкісімен жаймашуақ аяқтады.
Мені ертіп келген Мәтжанда үн жоқ. Сарбастың әлгі әңгімесінен кейін әр жерден «Сөзі ұнамды екен», «Сөзінде кемдік байқалмайды» деген дауыстар шыға бастады. Сол кезде Мәтекең әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып кетті де, жұрт соның әңгімесін тыңдауға кірісті. Сүйтіп отырғанда тамақ пісіп, қолға су құйылды. Ет желінгеннен кейін де отырғандар үйлеріне тарамай, түн ортасы ауғанша Мәтжанның әңгімесін тыңдады. Түнеп шығып, ертеңгі шайды іштік. Дастархан жиналып болғаннан кейін Сарбас маған қарап:
- Шырағым, бір жорғаны сен «астына мінсін» деп, ер-тұрманымен алдырып қойдым. Жиырма еркек қой бөлдірдім, ана бала-шағаңның көже- қатығына жаратарсың. Ертең сол атыңмен Тұщықұдық басына барып, ағайындарға сауынға беріп қойған жиырма бұзаулы сиыр бар еді, мен айтты деп, соларды жинап, ауылыңа айдап бар. Ауыл арасы жақын ғой, тағысын тағы көре жатармыз. Өзің мұқтаждығың болса, қысылмай-қымтырылмай айтатын бол, - деді. Сиыр берген ағайындарының аттарын атады.

Ерттеулі тұрған жорғаға мініп, жиырма еркек қойды айдап, екеуміз қайта Мәтекеңнің ауылына келдік. Сол үйден шәй ішіп, ауылға жүрейін деп жатқанымда Мәтжан:
- Шырағым, ағайынның қарасқаны – ат мінгізгені, ат мінгізгені – бас білгізгені. Сөзің ұтымды екен, әрі екпін бар екен. Екпінді сөз еселенер, сөз иесі көшеленер. Абыл, Нұрым, Ақтандай алғыр боларсың, бірақ көп болмассың, жалғыз боларсың, - деп бата жасап, екі қолымен бетін сипады.
Мен де қолымды жайып, батаға қосылдым. Атыма мінгесін, абыз ағама:
- Жиырма еркек қой осында қала берсін. Сізге рахмет, басымдағы жағдайымды айтқызбай білген аяулы ағамды таптым, - деп қоштасып, ауылға жүріп кеттім. Астымда бұрын армандап та көрмеген, ер-тұрманы сайлы жорғаға мінген менің қиялым жеті қат көкке көтеріліп, ауылға қалай келіп жеткенімді де байқамаппын.
Ертеңіне Тұщықұдық басына барып, Сарбас ағам айтқан ағайындарының қолдарындағы жиырма бұзаулы сиырларды ауылға айдап келдім. Сөйтіп, аяқ астынан жартылай байып шыға келдім. Бірақ Құдайтағала құтайтпайын десе, сөз жоқ екен, сол сиырлардың бірі сорға батты, бірі ауырды, қасқыр жеді, әйтеуір келесі жылы сол уақытта қолда бір сиыр да қалмады», - деп Сәтекең әңгімесін аяқтапты...
Тобанияз Буракөл-Ақшелек деген жерде Адай елінің белгілі би, мырзаларын, ақсақалдарын жинап алып, орталарына сөз тастапты:
- Ал, игі жақсылар, мен сендермен бас қосып, араларыңа талқыға салайын деген әңгімем бар. Осы сегіз арыс Адайда бай да көп, батыр да көп, мырзасы мен сахиы да жеткілікті, әнші-күйші, палуаннан да кенде емеспіз. Бүгін ортақ түйінге келіп, Адайдың асқан байы кім, мырзасы кім, батыры мен палуаны кім, әнші-күйшісі кім – осыларды айқындап алайық. Әркім өз ойын ортаға салсын, қажет болса, өз сөзін дәлелдеп берсін, - депті.
Жиылғандар қапелімде біразға дейін үндемей қалыпты. Бірін-бірі баққан болса керек. Бірсыпыра уақыттан кейін, бір үлкендеу кісі, сірә, нағашылы- жиендігі бар шығар, Мәтжан биге қарап:
- Әй, мына Жары шал айтсын, - деп, жұрттың назарын Мәтжанға аударыпты.
Ол сол бойда үндей қоймапты. Енді әркімдер жаңағы ақсақалдың айтқанын қостап, әр жерден «Мәтекең бастасын», - деп жамыраса бастапты. Тобанияз отырып:
- Ау, Жарының шалы, неғып үндемей отырсың? – депті Мәтжанға. Сонда Мәтжан би:
- Сендер өз ықтиярларыңмен толық берсеңдер ғана сөзімді бастаймын, артынан күңкілдеп жүрмейтін болыңдар, - дейді.
- Ал, онда, ықтияр сенде, баста, - деулі Тобанияз. Мәтжан би сөзін былай бастапты:
- Сегіз арыс Адайда байды айтсам, ол – Ескелді Саназар, мырзасын атасам – Майлан Сарбас, батырын айтсам, ол – Досан, палуанын атасам – біздің мына Есеттен асқан палуан жоқ, – деп шұбыртып бара жатса, біреу тұрып:

- Әй, Мәтжан, тоқтай тұр. Сен Мұңал мен Жарыдан шұбыртып жатырсың, басқа Адай қайда қалады сонда? Бұл сенің әділ билігің болмады, - депті.
Сонда Мәтжан отырып:
- Сөзімді қазір дәлелдейін. Айтыңдаршы, сегіз арыс Адайда Саназардан асқан бай болды ма? Жоқ. Малды қояйықшы, «Итімнің санын жүзге жеткізе алмадым-ау, мың тоқтым қоздамады-ау, қызымды «бара бәйбішеге» бере алмадым» деп қай адай айтып көріп еді?! Саназардың үш жүзге аты жайылды. Осы рас па, жоқ па? – деп, жан-жағына қарапты.
Жұрт үндемей қалады. Тобанияз отырып:
- Жақсы, оныңа келісейік, - депті. Мәтжан би сөзін жалғастырып:
- Адайдың мырзасы – мына отырған Саламаттың Сарбасы. Сахилық жағына келгенде, оған шендесетін кім бар? Сарбастың бір қонағына сойылған малының еті екінші қонағына асылмайды, қайтадан мал сойылады. Жүгенін қолына ұстап барған, танымайтын, бұрын-соңды көрмеген адам да ат мінбей кеткен жері жоқ, соғымдық мал сұраған жандардың мал алмай қайтқаны бар ма? Бұған не айтасыңдар? - дейді.
Тағы да үнсіздік. Тобанияз «Жалғастыра бер» дегендей белгі береді.
- «Әнші кім?» дегенде, Шолтаманнан асқан әншің бар ма? Даусы алты қырдан асып ән салғанда тамыры, бетіне қызылы қашпайтынын «өтірік» дей аласыңдар ма? Шолтаманның даусындай жоғары, асқақ дауыс кімде бар?
Тағы да жан-жағына қарағанда, ешкім үндей қоймайды.
- Ал Адайдың батырын айтсам, Тәжінің ұлы Досанды атар едім, - деп келе жатқанда, біреу тұрып:
- Сен «Досан, Досан» дейсің, біздің (атын атап) Бәленше батырды қайда қоясың? – дейді.
Оған ілесе әркімдер, әр жерден батырлардың аттарын атап, шуласа бастайды. Тобанияз қолын көтеріп, «Тынышталыңдар» дегендей белгі береді.
Мәтжан би сөзін жалғастырады:
- Мен Досанның батырлығын дәлелдеп беремін, оған толық дәлелім де бар. Қарадан-қарап отырып біреуді біреу қойып қалып немесе байқаусызда пышақ салып өлтірген, ауыл іші керексіз жекпе-жекке шығып, адам өлтіру – ол батырлық емес. Досан дін мұсылман баласына қылыш сермеп, найзасының ұшы тиген жоқ. «Халқым үшін жаным құрбан» деп, патша әскерінің жаңбырдай жауып, түтеп тұрған оғы мен зеңбірегіне қарсы шапты. Халқы үшін жанын құрбандық қылды. Батыр деген, міне, осы. Сонда да қарша бораған оқтың біреуі оған тимей, аман қалды. Төрт жыл бойы патша әміріне көнбей, атой салды. Қашып жүргеннің өзінде, елін Хиуа ханынан қорғады. Жан төзгісіз азапталып, жендеттерге көнбей, абақтыда өлген, Адайда мен білмейтін батыр болса – мен қойдым. Енді сендерді тыңдайық, - деп тоқтағанда, отырған билер:
- Қой, бұл Жарыға сөз жоқ, - деумен, қарсы дау айта алмай қалған екен... Кеңес үкіметі елде байлар мен билерді, молдаларды ұстап, түрмеге қамап,
алдарындағы малдарын тәркілей бастағанда, Мәтжанға балалары:

- Кәке, мына заманның бағыты өзгеріп бара жатырған тәрізді. Халықтың малын кәмпескелеп, тартып алып жатқан көрінеді. Бұл нәубет бізге де келер. Жасың болса үлкейді, не істерімізді білмей, дал болудамыз, - деп уайым айтыпты.
Сонда Мәтекең отырып:
- Әй, қарақтарым, кімнен қорқасыңдар? Адамнан адам қорқып болмас. Алладан ғана қорқу қажет. Жақсылық та, жамандық та – бір Алладан. Аллаға сенсеңдер, болар, - деген екен.
Сүйтіп жүргенде, бір күндері ұсталуға, мал-мүлкі тәркіленуге жататындар қатарында Мәтжан бидің де атағы тіркелген екен, Үкімет адамдарына оны ұстап әкелу тапсырылыпты. «Олар сол мақсатпен бидің ауылына аттаныпты» дейтін суық хабар бұл ауылға да жетеді. Хабарды естіген бойда, ауыл Үстірттен Самға қарай құмға қаша көшкен. Мәтекең көшерде көрші ауылдың ересек адамдарын шақырып, қоштасып, оларға: «Белсенділердің бағытын хабарлап отырарсыңдар. Ал біздің көштің ізімен жүрсе, өздеріміз бір шарасын алармыз»,
- деп ескертеді. Қуғыншы белсенділер «Бүгін ұстаймыз» деп келіп, Мәтжан ауылының жұртына тап болып, амалсыздан маңайдағы ауылдардан тамақтанып, қонып, көшкендердің ізімен Сам құмына сұғына береді. Ілгері жүрген сайын құдықтардың арасы да қашықтап, «мықтылардың» жолдары қиындай түседі. Ауылдың ізінен шықса, «Адасып кетіп, шөлден өлерміз» деп, қайтып кетуге үкіметтен қорқып, олар екі оттың ортасына түскендей күй кешеді.
Бір күні Мәтекең көшті тоқтатқан жерде балалары мен ауылдың ересек адамдарын жинап алып:
- Үйлерді осы араға тігіңдер, енді ары қарай көшпейміз. Ертең қуғыншыларды тап осы жерде қарсы аламыз. Бүгін кешке мені жас етке әбден тойғызыңдар, біреуің барып, даладан шытыр тауып алып келіңдер. Үйден қашықтау жерге күрке тігіп, түнде жатарда маған төсекті сонда салыңдар. Содан кейін менен «хабар аламын» деп әлек болмаңдар. Ертең ауылға белсенділер келіп, жөн сұрағанда: «Бұл Мәтжан бидің ауылы», - деңдер, мені сұраса: «Өзі ауру, жүре алмайды, ана күркеде жатыр», - деп сілтеңдер. Қалған жауапты оларға өзім беремін, - деулі.
Балалары шалдың тапсырмасын сол күйінде бұлжытпай орындайды. Түнде етке тойып алып, қолына шытыр шөбін ұстап, би төсек салынған күркеге барып жатады, ұйықтарда шытырды суға езіп ішеді. Кішкенеден кейін шытыр бидің ішін қозғап, жеген тамағы артынан төсекке кетеді. Бірақ сабырлы би бәріне шыдайды. Таң алдында ғана ішінен кеткен дәретке былғанған күйінде аздап көзі ілініп, ұйықтап алады.
Түске таман ауылға 4-5 атты қуғыншылар келеді. Иықтарына тегіс мылтық асынған, түсі суық белсенділер ауылдың кімдікі екенін сұрап біледі. Өздері іздеп шыққан ауылы болғанына көздері жеткесін, басшысы:
- Әп, бәлем, осы жолы қолға түстің бе? Мәтжан қайда? - деп ақырады.
Ауыл адамдары бидің соңғы 3-4 күннен бері ауырып, кеше осы араға келгесін, тіпті жағдайы кеткенін, көлікпен алып жүрудің мүмкіндігі қалмағанын, өзінің күркеде жатқанын жетістіріп тұрып-ақ айтулы.

Белсенділер күркенің сыртынан келіп, ат үстінде тұрып айқай салады:
- Әй, шынжыр балақ, шұбар төс, байлардың құйыршығы Тілеумағанбетов, ақыры қолға түстің бе, бәлем! Малдарыңды тәркілеп, өзіңді көзіңе көк шыбынды үймелетіп, жер аударамыз. Тез шық үйден, - дейді.
Күркенің ішінен ыңыранған үн естіледі, бірақ ешкім шыға қоймайды. Ызаланған белсенділердің екеуі аттарынан қарғып түсіп, күркенің есігін сілкіп ашып, ішке кіреді. Төрде төсекте жатқан, үстіне көрпе жамылған, екі көзі шүңірейіп ұясына кіріп кеткен, жанарынан нұр тайғандай биді көреді.
- Қай баласыңдар, танымай жатырмын, қарақтарым? - дейді ол. Келгендердің басшысы оның сұрағына жауап берместен:
- Бұның жатысын қарашы, талтүске дейін. Тұр, кәне! - деп, адымдап барып, бидің үстіндегі жамылғы көрпені жұлқи тартып қалғанда... мәссаған, көрпе-төсек, бидің көйлек-дамбалы, аяқ-қолы, тұла бойы былғанған боқ. Нәжістің исі қолқаны ата жөнеледі. Келген екеу бет-ауыздарын қолдарымен баса, күркеден шыға қашады. Ауаға тез тараған иіс қалғандарын да шыдатпай, лоқсыта бастайды. Төсекте жатқан би:
- Әй, балдарым, ана үйге барып түсің, қонағасыларыңды жеп кетің, - деп қалады, үйден шыққандардың артынан дауыстап.
Қуғыншылар лоқсып, қақырынып-түкірініп, таза ауамен тыныстап алғаннан кейін өзара ақылдасады. Басшысы:
- Әй, жігіттер, мына шалдың жағдайын көрдік қой, енді мал болудан кеткен сияқты. Бұны алып жүргенмен, жолда өліп қалса, өзіміз әлекке түсеміз, тіпті пәлесіне қалармыз. Өзінің де бүгін-ертеңнен қалатын түрі жоқ қой, одан да былай етелік: «Өліп қалған» деп акт жасайық та, ана тұрғандардан да 2-3 адамға қол қойдырып, актіні бастықтарға апарып беріп, бұл пәледен құтылайық. Жер арқасы қияннан мына шыжыған шілдеде мұнда Мәтжанды іздеп кім келер дейсің? - дейді.
Қалғандары: «Табылған ақыл», - деп, оны қостап, өзара келіскесін, бастық айқайлап, ауыл адамдарын шақырып алады. Олар келгенде бастық:
- Тілеумағанбетовты алып жүруге келетін емес, біз оны «Өліп қалды» деген акт жасаймыз, 2-3 адам сол қағазға қол қоясыңдар. Сол актіні үкіметке тапсырамыз, - деп, сөзін қорытындылайды.
Тездетіп акт жазылып, дауыстап оқылады, тиісті адамдар қолдарын қояды. «Тамақтанып кетіңдер» дегенге де қарамай, «Асығыспыз, онсыз да 3-4 күніміз босқа кетті», - деп, суыт аттанып кетеді.
Белсенділер бір-екі белден асты-ау деген шамада, күркеден кемпірі мен балаларының аттарын атап шақырған Мәтжанның даусы естіледі.
- Жылы су, сабын, құман әкелің, мені жуындырып, таза іш киім кигізіңдер, - дейді.
Кемпірі мен балалары күркеге кіріп, біреуі сабын, біреуі шылапшын, біреуі құманмен жылы су әкеліп, ақпырт қылып сабындап жуып, шомылдырып шығады. Таза дамбал-көйлегін кигізіп, мұнтаздай болған Мәтекеңді үйге әкеледі. Шытыры түспегір де биді жүдетіп кеткен екен, салулы төсекке жеткен шал қисая кетеді. Тамақ ішіліп, іштеріне ел қондырғаннан кейін ауыл

адамдары, бидің бала-шағасы үйге жайғасып отырады. Мәтекең барлығын көзімен шолып өтіп, әңгімесін бастайды:
- Әй, қарақтарым-ай, сендер «Болдық-толдық» деп жүрсіңдер-ау. Бірақ әлі бола алмай жүрсіңдер ғой. Іннен-інге тығылғандай, құмнан-құмға қашып, сендер қорыққан бәлшебектерді мен боғыммен қорқытқан жоқпын ба? Ең болмаса, тамақ жеп кетуге де жарамапты ғой, - деп, көңілдене күлулі.
Сонда оған қосылып, үй ішіндегілер де жымыңдасып, дуылдай жөнелулі.
Бұдан кейін белсенділер Мәтекең ауылын іздеп, ат ізін салмаған көрінеді...
Бірде Мәтжан қасындағы 2-3 биімен бірге Кетікке барады. Қаланың көшесімен келе жатқандарында, қасындағы жасаңдау би:
- Мәтеке-ай, осы орыс тілін білмегенімнен қорлық көріп жүрмін, - депті. Сол кезде бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан арбада отырған, сақал-
шашы өскен, үсті кір-кір орыс арбакешті көзі шалып қалған Мәтжан:
- Әй, шырағым, о не дегенің? Қарашы, ана арбадағы отырған да орыс тілін білмегеннен қор болып па? - дейді әлгі биге.
Сонда барып, Мәтекеңнің көрсеткен адамына қараған жас би өзінің аңғал сөйлегенін сезіп, ұялғаннан қып-қызыл болып кетіпті...
Ел жиналған үлкен жиында Мәтжанға белгілі бір ақсақал:
- Мәтжан-ау, осы сенің Назарыңда Адайға белгілі кімдер бар? – деп, әзілдеп сұрақ қойыпты. Сонда Мәтжан:
- Бай болсаң – Назарыммен теңдес, палуан болсаң – Есетіммен белдес, батыр болсаң – Шотаныммен кездес, әнші болсаң – Шолтаманыммен үндес, мырза болсаң – Сарбасыммен шендес, ал би болсаң – өзіммен тілдес, - деп, мүдірместен жауап қайтарғанда, әлгі кісіге қоса, бүкіл тыңдаған жұрт аузын ашып қалулы...
Мәтжан, қасында бір топ жолдасымен ат үстінде әңгімелесіп келе жатса, астындағы аты пысқыра беріпті. Оған би мән бермегенмен, аңдап келе жатқан жолдасының біреуі:
- Мәтеке, атыңның пысқырып келе жатқаны несі? - десе, би ойланбастан:
- Қасындағыларын менсінбей келе жатқаны ғой, - деп жауап беріпті. Бұл сөзге жанындағылары жамырай күлісіпті...
Көпшілік жиналған жерде Жеменей ауылының бір әзілқой жігіті:
- О, Мәтеке, осы жұрт «Жарының сағыры» дейді, осы не қылған сөз? - деген білем.
Мәтжан:
- Иә, шырағым, Жарының сағырлықтан аманы жоқ, сонда да мал жинауға жаманы жоқ, - деп жауап беріпті.
Отырғандар арасындағы үлкендеу кісі:
- Онда бәрі де сау болды ғой, - деп күлген екен...
Бір отырыста руы Қосқұлақ, Бекет атаның шөбересі Құлмамбетұлы Мұрын деген кісі Мәтжан сөйлеп отырғанда, өзінің маңында отырғандарға оны- мұны айтып, алаң қыла берсе керек. Соны аңдап қалған Мәтжан би айтып отырған әңгімесін тоқтата қойыпты да, Мұрынға қарап:
- Әй, Мұрын, осы сен «Әулиенің ақтығымын» деп, елдің ай мүйізді, аша тұяқтысын бір аласың, осындай жерде ауыздағы сөзінен тағы қағасың, сонда

басқа жұртқа не қалады? Әңгіме айтылып жатқанда, елді алаңдатпай, жайыңа қарап отыр! Болмаса, сен сөйле, біз тыңдайық, - дегенде, қып-қызыл болып кеткен Мұрын не дерін білмей, үнсіз отырып қалыпты...
Тамақ ішіліп болған кезде Мәтжан қасында отырған ауыл молдасына мынадай сұрақ қойыпты:
- Молдеке, осы тіске кіріп қалған етті шұқып алып жұтқан дұрыс па, әлде тілдің ұшымен орап алып жұтқан дұрыс па?
Молда:
- Әрине, тілдің ұшымен орап алып жұтқан күнә емес. Мәтжан:
- Дұрыс айттыңыз, молдеке. Менің де тіліммен халықтан алып жеп жүрген малым күнә емес екен ғой ,– дегенде, молда:
- Ой, бар бол, бар болғыр! - деп күлген екен... Жеменейдің бір биі Мәтжаннан:
- Уа, Мәтеке, осы Жеменейлердей емес, Адайдан өлген екі адамның бірі Жары болып шығады. Немене, Жары деген елдің жаны сонша осал болғаны ма?
- деп сұрапты.
Сонда Мәтжан би:
- Е-е, шырағым, «Қойдың саны мыңға жетсе, керегеден бас кетпес» деген бар емес пе?! Қалың Жарымен жарысып өле берсе, алақанның аясындай Жеменейден не қалады?! – деулі...
Бір жылы жазғытұрым Алтыбай деген кісінің ауылы көшіп бара жатқанда, күйсіздеу бір іңгені жолдағы ауылдардың маңында қалып қойыпты. Он шақты күн өткеннен кейін іңгенді іздеп шықса, арық іңген Өсербек дегеннің ауылында болады. Алтыбай түйесін танығанымен, Өсербек: «Іңген өзімдікі», - деп бергісі келмейді. Сол маңайда Мәтжан бидің ауылы жақын екен. Екеуі айтысып, биге жүгінуге келеді. Мәтекең екеуін де сөйлетіп, айтқандарын тыңдап болғасын:
- Түйені осы ауылға тастап, екеуің де ауылдарыңа қайтыңдар. Үш айдан кейін маған бірге келіңдер, кесімін сонда айтамын, - дейді.
Олар бидің не ойлағанын біле алмай, бастары дал болып, даулы іңгенді сонда тастап, өздері қайтып кетеді. Уәделі уақыты жеткен күні Алтыбай мен Өсербек Мәтжанның ауылына келеді. Бұл кезде барлық түйелер күзелген, жер от, түйелер шетінен семірген. Бір-біріне ұқсас түйелердің ішіне Мәтжан әуелі Өсербекті жіберіп:
- Түйеңді танып, алып шық, - дейді.
Өсербек даулы іңгенді танымай, басқа түйеге жабысуға биден қаймығып, бос шығады. Мәтжан енді жаңағы шартпен түйелердің ішіне Алтыбайды жібереді. Ол біраз жүріп, әр түйені анықтап қарап жүріп, өз іңгенін ұстап алып шығады.
Сонда Мәтжан би Өсербекке қарап тұрып:
- Арсыздың ұяттан айылы жиылмас. Бүйте берсең, өз малың өзіңе бұйырмас, - дегенде, Өсербек:
- Мәтеке, кешіре гөріңіз, шайтан азғырды ма, менен бір қателік кетті, - деп жалыныпты...

Нағашысы Көбен бидің ауылына қыдырып келген Мәтжанды Шегем ауылының жас жігіттері сынамақ болыпты. Олар бір көк құнанды даулаған қылып, екі ауылдан екі даугерді дайындайды. Әбден дайындалған екі жігіт Мәтжанға келіп жүгінеді. Мәтжан көк құнанды қараса, ешқандай ен-таңба, басқалай да белгісі жоқ болып шығады. Соны байқаған би екі даугерге:
- Әрқайсың осы құнанның үйірінен екі-екіден жылқы ұстап әкеліңдер, - деп, ауылдарына қайтарып жібереді.
Көп ұзамай-ақ, қос-қостан жылқысын жетектеп, әлгі екеуі Мәтжан жатқан Көбен бидің ауылына келеді.
Мәтжан ауыл адамдарының көзінше екі даугердің әкелген жылқыларын екі жаққа бөлек қойғызады да:
- Манағы даулы көк құнанды әуелі бір жақтағы жылқыларға жақындатып апарып, бос қоя беріңдер, - дейді.
Тапсырма бұлжымай орындалады. Босатылған құнан оқшау тұрған екі жылқының қасына барып, оларды иіскеп қарайды да, ауылдың екінші жағында тұрған екі жылқыға шауып барып, оларды да иіскейді. Аналар да көк құнанды иіскелеп, оқыранысып қалады. Сүйтіп, көк құнан үйірлестерін табады.
Сонда Мәтжан екі даугерге қарап:
- Біз бұл сынақтан өттік, тағы да әзілдесетін кімдерің бар? - дегенде, даугер жігіттер:
- «Жиен қайтер екен, сынайықшы» деп едік, билігіңе ризамыз, «Босқа әлектеді» деп нағашыларыңды сөкпе, - десіпті...
Жарыға жиен болып келетін Кенже Қабақ болыстікіне келіп, Мәтжан би қонақ болулы. Болыс екі жігітіне: «Тоқтыға дауласқан болып, Мәтжанды сынаңдаршы, не дер екен?» - деп, астыртын тапсырма беріп қоюлы.
Үй ішіндегі қызу әңгімені үстеріне кірген екі жігіт бұзып, екеуара бір тоқтыға дауласып, енді жүгінуге болысқа келгенін айтулы. Қабақ болыс бұл дауды шешуді Мәтжанға ұсынулы. Сонда Мәтжан отырып:
- «Қырымқұл деген ауылымыздан билер көп шыққан, ең кішкентайы да тоқтылы қойдың төрелігін айтады» деген сөз Адайға мәтел болып кеткен. Егер дауларыңды маған жолдасаңдар, мен кесімін айтайын: мына отырған сары молдаң өткен ата-бабаларыңа дұға қылсын, мен бата берейін, әлгі тоқтыны сойыңдар, - деулі.
Отырғандар: «Табылған сөз», - деп қостап, қауқылдасып қалыпты. Бағлан тоқты сойылып, еті желініп болған соң, үй иесі:
- Ал, Мәтеке, бата қылыңыз, - депті. Мәтжан қолды жайып жіберіп: Бақытты болың, балдарым,
Жақсы болсын халдарың. Тоқты сойып бергесін, Разы болды-ау шалдарың. Тоқтының нағыз иесін Ата-бабалар қолдасын...
Әумин! - деп бата жасапты. Сары молда дұғасын оқыпты...
Мәтекең жасы ұлғайғанына қарамастан, ел ақсақалдарының отырыс- жиындарынан қалмай, кей жерлерде билік айтуға араласып қалып жүріпті.

«Бұны қойыңыз», - деп ашық айтуға батылдары жетпегенмен, жасы кіші билер Мәтжанның билікке араласуын жақтырмай, оны биліктен біржолата шеттетудің амалдарын ойластырулы.
Сол кезеңде Түрікпенадай Жұбантұр деген тентектеу, өз ауылының сөзін ұстаған биі болыпты. Бір күндері сол ауылдың қозысын бағып жүрген жарлының баласы ұшты-күйді жоқ болып кетеді. Әлгі баланың ауылы:
«Баламызды тауып бер, болмаса, құн төле», - деп барса, Жұбантұр: «Бала қашып кеткен болар, оған мен жауапты болар жағдайым жоқ», - деп, бет бақтырмапты. Сосын аналар билерге жүгінеді. Дауды қараған билер Түрікпенадай ауылының адамдарына:
- Баланы тауып бере алмайды екенсіңдер, онда жарты адамның құнын төлеп құтылыңдар, - деп билік шығарады.
Бірақ бұл билікті Жұбантұр мойындамайды, бала табылмайды.
Ақырында билік аяқсыз қалады.
Енді Мәтжанды биліктен біржолата кетіргісі келгендер осыны пайдаланып қалуды көздейді. Ретін тауып, Мәтекеңді ортаға алып, оны Жұбантұрға жұмсайды. Ондағы ойлары: «Егер билікті орындатса, әлі де билігін айтып, арамызда жүре берсін. Ал тілін алдыра алмаса, өз обалы өзіне,
«Болашақта билікке араласпа» дерміз» деу.
Мәтекең құныкердің ауылына келіп, өзінің үйіне қонақ болып түседі. Әңгіме үстінде Жұбантұр Мәтжаннан жүрісінің жайын сұрайды. Мәтекең өзінің жүріс бағытын айтып:
- Шырағым, Жұбантұр, айтылған билік орындалуы керек. Егер орындалмаса – елдігімізге сын, ағайын арасына, бірлігімізге жік салар сына. Сондықтан ауылыңның азаматтарын біріктіріп, шыққан билікті орында, - деп, әңгімесін бір қайырады.
Сонда Жұбантұр Мәтжанға:
- Отағасы, маған жөн сілтеуге келген екенсің ғой. Мен оныңа мұқтаж емеспін. Алды-артымды аңдаймын, аяқ жолымды, не болатынын білемін. Сондықтан босына әуре болма, - дейді.
Мәтекең осы ауылға келер алдында баласы жоғалған ауылдың жігіттері жиналып келіп, билікті орындатпай отырған Жұбантұрдың ауылында төбелес шығарып, біреуінің қамшысы тиген Жұбантұрдың қабағы жарылғанын естіпті. Енді қарап отырса, сол жараның орны әлі жазылып бітпеген болып шығады.
Үй иесінің қиыс тартып, қырсық сөйлегеніне ашуланған Мәтжан:
- Әй, Жұбантұр, сен «Болдым, толдым, алды-артымды болжап отырамын» дедің-ау! Менің соған күмәнім бар. Немене, кешегі күні осы қылығың үшін таяқ жеп, қабағыңның жарылатынын да біліп пе едің, әлде біле тұра таяқ жеп пе едің?! Айтылған аталы сөзге тоқта! Ал айтқанды ұқпасаң, алда бұдан да зор қорлық көресің, соны біл! - деп ақырып жіберіпті.
Анау үндей алмай қалады. Жұбантұрға бұрын да тілдерін алдыра алмай жүрген ауылының ақсақалдары:
- Мәтекем дұрыс айтады. Тентек болмай, билікті орындайық, ағайындықтан шығыспайық, - деген пәтуа жасапты.

Сол сапарда Мәтжан осылайша, басқа билердің орындата алмай жүрген билігін жүзеге асыртыпты және бұл оның соңғы биліктерінің бірі болса керек...
Ұзақ жолдан жолсоқты болып келген Мәтжанның жолдастары оның әйелінің қапелімде тездетіп төсек сала қоймағанын әжуалап:
- Мәтеке, барша Адайға «Жары Мәтжан», барша Алашқа «Адай Мәтжан би» атансаңыз да, әйеліңіздің алдындағы беделіңіз төмендеу ме, қалай? - депті.
Оған Мәтжан:
- Біздің елде сырмінез кісілерге ренжігенде: «Көрерміз сенің де
«бәленшеңді!» демей ме?! Сол айтқандай, біздікін күнде көріп, қолына ұстап отырған қатын бізді қайдан ойлағандай сыйлай қойсын?! - деген екен...
Жасы үлкейген Мәтекең у-шудан қағыстау, Жем бойында жалғыз үй отырса, үйіне нағашы болып келетін, жоқ қараған бір жігіт келіпті. Ас-су ішіп алып, атына мінерде әлгі қонақ:
- Мәтеке, жасыңыз ұлғайғанда жалғыз үй отырғаныныз не? Алладан бұйрық келсе, арам өлесің ғой, - демей ме?
Сонда үй иесі мынадай уәж айтыпты:
- Мені қойшы, қасымда кемпірім мен балам бар, бірдеңе қылып жөнелтер. Ал сен мына сары шілдеде жоғалған түйені қараймын деп, айдалада өлсең, кім хабарлап, кім жерлейді? «Нағыз арам өлетін сен боласың-ау» деп қорқамын...
Кезінде құдық қазумен атағы шыққан Қараш Бейнеубай замандас ағасы Мәтжан бидің қырда отырған үйіне түсіп, берген қонақасын жеген соң, бұйым сұраса келе, үй иесі қонағынан Қарнаудағы Тәңке жерінен құдық қазып беруін сұрапты. Басқа шаруаларын жиып қойып, Бейнеубай сол жазда айтылған құдықты қазып бітіріпті. Риза болған Мәтекең бір үйір жылқы берулі. Құдықтың суы осы күнде де мол, «Мәтжанның қара құдығы» деп аталады. Тереңдігі де онша емес. Ал адайдың құдықшылары қазған құдықтарының ақысына әр құлаш тереңдікке бір еркек қойдан алып отырған. Олай болса, екі жақтың да бір-біріне көңілі біткен сияқты...
Түрікпендермен болған қақтығыста адайлар жағынан бір адам қайтыс болыпты. «Жеті жарғының» ережесіне сай құн сұраған адайларға олар сырт айналыпты. Енді олардың ханына барудан басқа амалы қалмаған. Қайран қазекемнің теңдік ала алатынына тағы көзі жетпейді. Содан олар Мәтжан биге қолқа жасаулы. Хан алдына барып, дау ішінде құн иесі болып сөз ұстаған би:
- Исі мұсылман әлемінде «Ай мен күн – ортақ, игі жақсы мен бай – ортақ, төрелігі әділ хан мен би – ортақ» деген көненің сөзі бар еді. Сол әңгімені алдыма ұстап, тура берер төрелігіңізге жүгініп, Құдай жолымен, Құран сөзімен алдыңызға келдім, - дегенде, хан:
- Әй, қазағым-ай! Кешегі күні «Қойныңда боламын, не айтсаң да, көнемін» деп, Құран ұстап ант беріп едіңдер. Бүгін менен құн даулағаныңа жөн болсын?! Берген антты бұзып, Құдайдан қорықпайтын неткен жансыңдар?! Құдай қарғап, Құран атса, қайтесіңдер, осыны ойландыңдар ма? - деген екен.
Сонда Мәтжан:

- Көзі ұйқыда, көңілі иманда, тыныш жатқан қазақтың адамын өлтіріп, құн бермей құтырған түрікпенді, оның әділетсіз ханы Сізді ұрмай, Құдай жазықсыз қазақты неге ұрмақ?! - деп жауап беріпті.
Айтылған сөздің әділдігін мойындаған хан қаза болған адамның құнын төлеткізіпті...
Жиырма бес таңбалы Кіші Жүздің ағасы болып есептелетін Әлім руының ішінде қыдырыстап жүрген Ерменбет пен Мәтжан билер қоналқыға сұрастырып жүріп, «Анау – адайдың үйі» деген сілтеумен бір ағайынның үйіне қонып шығады. Үй иесі аттары белгілі, сыйлы ағаларына барын салып, қонақасы береді. Сұраса келгенде, үй иесі әлдебір себептермен сол елге қоңсы болып, сіңісіп кеткен адам болып шығады. Тамағы тоқ, еріккен екі би енді үй иесін әңгімеге айналдырып, әр нәрсені сұрай келе, өткен жылы оның бір тоқтысын қонағына сұрап алып сойған бір байдың қарызын бермей кеткенін біліп алады. Екеуара әңгімесінде «Қонақасысын жеп алып, үндемей кеткеніміз атымызға ұят болар» деген есеппен сол жердің бас биіне келеді. Барса, сегіз қанат ақ ордадан жүз қадамдай жерде, кермеге қағылған ағаштың жанында 10- 15 адам жатса керек. Жөн сұрасып көрсе, алды 10, арты 2-3 күннен бері бидің қабылдауын күтіп жатқан әртүрлі арызданушылар екен. Олар бидің бүгін де ешкімді қабылдай алмайтынын, үлкен бір келелі іске дайындалып жатқанын айтады. Қашанда өз дегендерін істеп қалған екеуі аттарын тасырлатып желдіріп келіп, киіз үйге тақай тоқтап, іштегілерге:
- Хабарлас! – деп, қаттырақ дауыстайды.
Алайда, іштен ешқандай дыбыс немесе адам қабылдау бағытында ишарат бола қоймайды. Мұндайды бұрын көрмеген бұлар есіктен сәлемін бере, кіріп келеді. Бірақ «Жоғары шықты» қойғанда, берген есіл сәлем алынбай қалады. Көз тоқтатып қараса, төрдегі үлкен болыскей кереуеттің үстінде қарны төңкерілген, ірі денелі бір «шырақ» жатырған көрінеді. Жүн-жүн аяғын әйелі сипап отырса керек. Екі-үш рет қақырынып, жөтелгендері де босқа кетулі.
Сонда Ерекең:
- Әй, енеңді ұрайын Мәтжан-ау! «Әлімнің атақты биі» деп, Ерменбетті алып келгенің – мына шошқаның бордақылаған мегежіні құсаған албасты ма? - депті.
Сонда сүрініп-жығылып орнынан атып тұрған әлгі адам
«Ассалаумағалейкумге» қоса, қос қолын ала жүгірулі. Сол бойда төсек салынып, қонақасы беріліп, келесі күні ат-шапан айыбы тартылып, кешірім сұралып, бережақ тоқты еркек қой болып кешегі үйдің иесіне қайтулы.
Міне, орнымен айтылған бір ауыз билік сөз танымайтын жерде жайылған төсек те, тартылған сыбаға да болған ғой...
Қорыта айтқанда, заманында «Адайдың Мәтжаны» болған кейіпкеріміз
«Сөз – шынға тоқтайды, пышақ – қынға тоқтайды» демекші, шындық пен әділеттің ақ туын көтерген, от ауызды, орақ тілді шешен, қара қылды қақ жарған айтулы би болып, елге танылған. Сондықтан болар, өзімен тұстас басқа билерге қарағанда, Мәтжан би жөніндегі нақты да, шындықпен шендесетін аңыз-әңгімелер де ел арасында көбірек тараған. Біздің бұл жазғанымыз – сол әңгімелердің желісінен құлағымызға жеткендері ғана. Егер ноқтаға толық,

осындай айтулы нар тұлғаға әруағын риза қылғандай ас берілсе, елді мекендердің біреуіне және аудан орталықтарындағы сансыз көшелердің біріне аты берілсе, «көрнекті-ау» деген жерде тұғырлы ескерткіші тұрса, Құдайдың құтты күні өткізіліп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференциялардың бірі Мәтжан биге арналса, елдігімізге де, біліктілігімізге де сызат түсірмес деймін. Ең бастысы: одан қалған сөз мұрасы – ел мұрасына айналар еді.




Пікір жазу