ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕР ШОТАН
2005 жылдың қыркүйек айының 15-17 жұлдызында Маңғыстау топырағында еліміздің бірлігі мен жеріміздің тұтастығы үшін бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен хас батыр, Кіші Жүз қолының Бас сардары Шотан Назарұлының 300 жылдығын ұлықтайтын үлкен мереке өткізілмекші.
Халық батыры Ер Шотан 1705 жылы адай руының танымал биі әрі батыры Назардың шаңырағында дүниеге келген. 80 жас өмір сүріп, өз ажалынан қайтыс болып, Үстірттегі «Сисем Ата» қорымына жерленген. Ол, жазушы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, жер шетіне дүрбелең, ел басына сергелдең жеткен екіталай заманда исі Алаштың намысын жыртып, Сырдың бойын шаңдатқан, Шудың бойын қандатқан сұрапыл шайқастарда білегін түріп дау қуған, жүрегін төсеп жау қуған айбынды батыр болған. Шотан – алдындағы баба ұрпақтың кеткен қапысын, артындағы бала ұрпақтың жетпек қақысын, бір сөзбен айтқанда, халқының намысын түгендеп, ел-жұртты атақонысына қайта оралтып, ата дәулетіне қайта кенелткен ақылман адам. Бүгінде бүкіл ұлттың таусылмас ырыс-несібесінің алтын қақпақты айлапат қазанына айналып отырған Маңғыстауға қанжарлыны жуытпай, найзалыны сұғынтпай өткен айбары терең, абыройы кемел пана болған. Жарастық пен бірлікке, жасампаздық елдікке, баянды мемлекеттікке қалтқысыз қызмет етуге қажетті барлық қасиеттің қайнар көзі болған.
Бізге жеткен тарихи деректерге жүгінсек, Шотан – «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұламада» қосын басқарып, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысып, қалмақтарды Тарбағатайдан асыра қуу соғыстарында көзсіз ерлік көрсеткен белгілі сардар, біртуар батыр. Ол ерлігіне көсемдігі, көсемдігіне шешендігі сай, ақылға жүйрік дана, жан-жағындағыларға пана болған. Қолға түскен тұтқындардың өзін өлтірмей, бітімгершілікке шақырып, елдеріне қайтарып отырған. Адайдан тараған ұрпақты Маңғыстауға қоныстандыруға басшылық жасаған санаулы тұлғалардың бірі әрі бірегейі. Шотан батыр туралы, белгілі өлкетанушы жерлесіміз Бектұр Төлеуғалиев тың деректерге сүйене отырып «Бас сардар» атты кітап жазып бітірді. Амандық болса, Шотан тойындағы ғылыми-практикалық конференцияда бас баяндаманы осы кітап авторына беретін болармыз деп ойлаймын.
Сонымен той бағдарламасындағы «Ел қорғаны – Ер Шотан» атты ғылыми-практикалық конференцияда Шотантану мақсатында біраз іс тындырылады деп жоспарлаудамыз. Оған халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, филология ғылымының докторы Жұмат Тілепов бастаған бір топ ғалымдар, жазушылар мен ақындар, Мәдениет, ақпарат және спорт министрі, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Астана мен Алматы қалаларынан, көрші облыстар мен Қарақалпақстаннан көптеген құрметті қонақтар келмекші. Конференция алдында жерлесіміз ақын Сайын Назарбекұлының «Шотан батыр» атты драмалық шығармасы өзіміздің драма театр ұжымының күшімен қойылады.
Облыстық филармонияда 15 қыркүйек күні жыршы-термешілер сайысы өткізілмекші. Ақындар мүшәйрасы осы күні өз алдына бөлек өтеді. Кешкісін
Ақтау қаласының сыртында тігілген киіз үйлер қалашығында қонақасы беріліп, екі жерде мерекелік концерт көрсетіледі. Келесі сенбі күні өтетін батыр баба мерейтойының ат шабыс сыйлықтары: «УАЗ-469», «ВАЗ-2107» автокөліктері, қонақ үй жиһазы, екі камералы тоңазытқыш, теледидар, музыкалық орталық, компьютер.
Ат жарысына жиналған халық мерейтой аясында өткізілетін ұлттық қазақша күресті тамашалайтын болады. Үш салмақ дәрежесі бойынша күресетін палуандардың алатын сыйлықтары да қомақты. Спорттық жарыстар арасында мерекелік концерт жалғаса береді.
Облыстың аудандары мен қалаларының, Шотан батыр ұрпақтарының тіккен ақшаңқан үйлерінде ас беріліп, рухына арналған құранды Бекет Ата мешітінің бас имамы Дүйсен қажы оқиды деп жоспарладық. Қорыта айтқанда, ел ерін таныды, ата ұрпақтары деректі фильм түсірді, Шотантану бағытында ғылыми конференция өткізілмекші, «Бас сардар» атты тарихи деректі хикаят,
«Шотан батыр» атты пьеса жазылды. Қаншама жыр, ән мен күй шығарылмақшы. Еліміздің бас газеті «Егеменде» халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының тарихтың тереңінен толғай жазған «Дуадақ қонған боз төбе» атты туынды рауаяты дүниеге келді.
Үш күнге созылатын Ер Шотан атамыздың 300 жылдық мерейтойы еліміздің бірлігі мен ынтымағының, жарастығы мен ауызбіршілігінің символы болады деп ойлаймыз. Олай болса, баршамыз бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, атақты атамыздың атаулы мерекесін жоғары ұйымшылдықпен өткізуге шақырамыз.
Мерейтойға шақыру интернет жүйесімен, баспасөз және теледидар арқылы қайталанып берілуде. Демек, Сіздердің барлығыңыз да бұл шараға
«шақырылдым» деп есептеңіздер.
Ұйымдастырып қарсы алу – бізден, қатынасып, қонақ болу – Сізден!
Жақсылықпен кездесуге жазсын!