
АТА АСЫНАН СОҢ
2000 жылдың 8-9 қыркүйек күндері Маңғыстау топырағында жаңа ғасырдың ел аузында ерекше айтылып жүрер, көптен күткен шарасы – көріпкел әулие, ұстаз, ғалым, қол бастап, ту ұстаған батыр, сәулеткер – бір басына табиғат жомарттық пен сан қырлы қасиет берген Пір Бекеттің 250 жылдық мерекесі халық жадында ұзақ мерзімге есте қалатындай дәрежеде өткізіліп, өлке тарихында өз орнын тапты деп есептейміз. Әрине, еліміз егемендік алған кезінде әртүрлі деңгейде өткен мұндай шараларға кенде емеспіз. Дегенмен, осынау түбегімізде жаңаша ас түрінде аталып өткен мереке қасиетті Ата атағын төрткүл дүниеге паш етті десек, артық болмас.
Үкіметіміз бекіткен жоспарға сай, үстіміздегі жылы республикада өткізілетін аса көрнекті шаралардың бірі ретінде маңғыстаулықтарға Бекет Атаның 250 жылдығын өткізу тапсырылған болатын. Осыған байланысты облыс әкімі Л.К.Қиынов өлке жұртшылығы өкілдерінің бас қосқан жиынында көппен кеңесіп, қорытындысында облыс тұрғындарына арналған үндеу
қабылданды. Осы шаруаны ұйымдастырып, өткізу мақсатында арнайы ұйымдастыру алқасы құрылып, өткізілетін іс-шаралардың бағдарламасы бекітілді.
Жоспарға сай, құлау қаупінде тұрған Атаның жерасты мешітін жөндеу, мешіт аумағының жарын нығайту және көріктендіру, тау басынан етекке түсетін баспалдақтарды түзетіп салып, ағыс бойларына көпіршелер жасау, Оғыланды басынан жаңа түнеухананы мешітімен қоса салу, бұрынғы құрылыс кешенін жөндеп, ретке келтіру тәрізді жұмыстарды іске асыруға 4 ай шамасында ғана уақытымыз болды. Ал мерекені өткізу дайындығы өз алдына толассыз жүріп жатты.
Ата асы өткізілді. Оның қандай деңгейде өткеніне баға беруді көпшілікке қалдыра отырып, осы шаруаның қалай атқарылғанын, қандай қиыншылықтарды жеңуге тура келгенін, ел болып жұмылып атқарылған осынау істің бітуіне аянбай атсалысқан ұжымдар мен жекелеген азаматтарды халық білсін деген ниетпен және Пір Атамыз жөнінде жарияланған мақалалар мен арнауларды, мерекеге дайындық пен оны өткізу кезіндегі жинақтаған материалдарды көпшілікке таныстыру мақсатында арнайы кітап шығаруды ұйғарған болатынбыз.
Сондықтан мақала желісін осы бағытқа бұрмақ ойым бар. Біз мереке алды Бекет Атаның өзі салдырып, соңғы кезде құлау қаупі төнген жерасты мешітінің жарын нығайтуды ең басты міндетіміз деп санадық. Кезінде осы мақсатқа арнап Республика Үкіметі 41 млн. теңге қаржы бөлген болатын.
Міне, Атаға бағытталған алғашқы қадамымыз сол қаржыны игеруден бастау алды. «Қалай жөндейміз?» дегенде, қисынға келетін де, келмейтін де ұсыныстар жеткілікті болды. Ақылдаса келе, бұл жұмысты ғылыми жолмен, тиісінше мамандандырылған институттың сметалық-жобалауы негізінде іске асырғанды жөн көрдік.
Жөндеу қызметін осындай шаруалармен тұрақты айналысып келе жатқан
«Маңғыстауреставрация» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына тапсырдық. Ауа райының түрлі қолайсыз құбылыстарына қарамастан, осы мекеменің жетекшісі Тұрлан Есқуат бастаған қызметкерлер бұл жұмысты абыроймен толық көлемінде, жоғарғы сапалық деңгейде және белгіленген мерзімінде бітірді. Арнаулы ерітінділер мен қоспалар жобаны жасаған Алматы сейсмикалық институтының мамандарының бақылауымен дайындалғанын, құрылыс материалдарының Ақтау, Жетібай, Шетпеден тасылғанын, жолдың қашықтығын және нашарлығын, жұмыс көлемінің ауқымдылығын көргенде, біткен істің бағасының қаншалықты өлшеусіз екендігін көреміз.
Сол сияқты ағыс суларды бұру, баспалдақтарды әдемілеп жөндеу, сай- жыраларға көпір салу сияқты жұмыстар кезінде де барлық материалдардың қолмен көтеріліп, иықтағы дорбамен немесе зембілмен тасылып істелгенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Осындай ұланғайыр еңбек еткен азаматтарға қандай алғыс айтсақ та, артық болмас деп ойлаймын. Тұрлан Есқуаттың «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – міне, осы еңбегінің еленгені болатын.
Келесі бір жарқын істің айғағы қысқа мерзімде Оғыланды басында салынған еуроазиялық тұрғыдағы сәнді түнеухана және қосымша құрылыстар
халықтың шын ықылас-пейілін жұмылдыра алса, қандай қамалды да алуға болатынын тағы да дәлелдей түсті. Сан мыңдаған текшеметр түрлі құрылыс материалдары алыс қашықтықтан толассыз тасылып, ми қайнаған ыссыда таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек еткен жүздеген атпал азаматтардың тынымсыз еңбегі арқасында шапшаң қарқынмен салынған ғимарат 25 тамызда – Ата мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді.
Осы кешенді құрылыс тұтастай Жаңаөзен қаласындағы кәсіпорын, мекемелердің күшімен салынды. Оның бас демеушісі М.Құрбанбаев басқаратын «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы болса, бас мердігері М.Қыдырбаев бастаған «Өзенқұрылысинвест» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны еді. Сондай-ақ, «Жолсервис» (К.Алдабергенов), «Ержан и К» (С.Ысқақов), «АТА» (О.Әуелбаев) жауапкершілігі шектелген серіктестіктері,
«Байқоңыр» (Е.Лим), «ӨМГ» АҚ «Өзенэнергонефть» филиалы (К.Биманов),
«МАҚ» АҚ (Н.Борсанов) тәрізді мердігерлердің толымды қызметтерін де атап өткен ләзім. Жаһан далада шілдеде белгіленген кестемен 2-3 кезекпен жұмыс ұйымдастыру, адамдарға қажетті жағдайларды туғызу – кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс.
Құрылыстың салыну кезінде де, одан кейінгі асқа дайындық пен оны өткізуде де Жаңаөзен қаласының әкімі Жалғас Бисалыұлы Бабахановтың, оның бірінші орынбасары Бақытжан Есполұлы Өтеғалиевтың, «Өзенмұнайгаз» АҚ президенті Мұрат Ізбергенұлы Құрбанбаевтың ұйымдастырушылық қызметтері жоғарғы деңгейде болғанына талай рет куә болдым. Жалпы, Ата мерекесіне деген ықылас пен ұмтылыс жаңаөзендіктерде ерекше болғандығын атап өткенді орынды санадым.
Әрине, мұндай үлкен шаруа қаржысыз бітпейтіні түсінікті. Сондықтан отандық, шетелдік және біріккен кәсіпорындармен, түрлі деңгейдегі мекемелермен, кәсіпкерлермен, халықпен түсінік жұмыстарын жүргізіп, көптеген кездесулер өткізіп, Бекет Атаның 250 жылдығына қажетті қаржы жинақтадық. Ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі барлық бюджеттік мекемелер Ата қорын толықтыруда айтарлықтай жәрдемдесті.
Ең алғашқы 2 млн. теңгені «Тексако» компаниясы аударса, көп ұзамай-ақ
«ММГ», «МАЭК», «Арман», «ХРС», «Қазтрансойлдың» Батыс бөлімшесі,
«Қарақұдықмұнай», «Мұнайгазқұрылыс», т.б. кәсіпорындардың әрқайсысы – миллион теңгеден жоғары ақша аударғандар. Ал өзінің жүрек қалауымен шама- шарқынша үлес қосқандар мыңдап саналады және оның бәрін айтып шығу мүмкін емес. Олардың баршасына да айтар алғысымыз шексіз.
Әрине, Ата шаруасына қомақты үлес қосқан Рашид Темірболатұлы Сәрсенов, Сағын Ерқасұлы Қырымқұлов жетекшілік ететін
«Маңғыстаумұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы және оның барлық жауапкершілігі шектелген серіктестіктері болды.
Салынып жатқан кешенді құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына материалдар беру және оны Оғыландыға дейін тасып жеткізуде, асты өткізуде
«Заман» (Ұ.Ахметова), «БТТ» (С.Мадияров), «ЖТТ'« (Е.Баймағамбетов),
«Бұрғышы» (Р.Өткелбаев), «Маңғыстаумұнайжолдары» (С.Сиыхов), «МТТ» (Қ.Сәтмағанбетов), «Шегендеу» (М.Бәлдеков), «Арай» (С.Исатаев),
«Нефтестрой» (А.Сағындықов), «Маңғыстаумұнара» (В.Прокофьев),
«Мұнайтелеком» (А.Сәрсенов) жауапкершілігі шектелген серіктестіктерінің еңбектері тіпті ерекше. Бұл кәсіпорындардың қызметтерін үйлестіруде және бүкіл мерекеге дайындық барысында облыс әкімінің орынбасары, әріптесім М.М.Бортник пен «Маңғыстаумұнайгаз» ААҚ бас директорының орынбасары Серік Сафиұлы Халиуллин көп тер төкті.
Осы жұмыспен қатар «Шопан Ата» қауымында басталған мешіт пен қонақүй құрылысы да қысқа мерзімде тұрғызылды. Ол – тек «Қазтрансойл» компаниясының президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың жеке ұсынысымен, оның Фердинат Абдрахимович Мамонов басқаратын Батыс филиалының күшімен біткен іс.
Мерекеге дайындық және оны өткізуде кездескен кейбір қиындықтар мен жан сүйсінерліктей атқарылған шаруаларға тоқталу арқылы болашақта мұндай шараларды өткізушілерге көмектесейік, әрі асқа қатыса алмағандарға мағлұмат берейік деген ниетіміз болды. Астың өтетін жері мен мерзімін белгілеуде әртүрлі пікірлер кездесті. Жер таңдау кезінде автокөліктермен жүрісті былай қойғанда, қаншама жаяу жүргеніміз әлі күнге жадымызда. Алыс-жақын шетелдер мен көршілес облыс тұрғындары тарапынан қаншама ұсыныстар түсті. Халықтың және көзі қарақты ақсақалдар мен азаматтардың ойларын білу мақсатында жиын өткіздік және онда облыс әкімі Л.Қиынов қандай ұсыныстар болғанын айтып, олардан дұрыс шешім алу үшін ойларын ортаға салуды сұрады. Жан-жақты талқылау қорытындысында «Ата асы 8-9 қыркүйек күні Сұмса жерінде өткізілсін» деген ұйымдастыру алқасының бұрынғы ұсынысы мақұлданды және осылай өткенін өздеріңіз білесіздер.
Ac шілде айынан кейін өткізілетін болғандықтан, шөптің қуаң, жердің шаңыт болуы мүмкіндігін ескеріп, құмақтықты таңдап алдық. Алайда, тігілетін үйлердің көптігін, өткізілетін мерекелік шаралардың арасы жақын болуын, адамдардың бір-бірімен еркін кездесуін қамтамасыз ету үшін ешуақытта Маңғыстау өңірінде кездеспеген киіз үйлерді көше қылып тігу әдісін қолдандық. Сөйтіп, Ата асын ай түрінде белгілейтін 7 шағын аудан осылай дүниеге келді. Соған сай жарық желілері жүргізілді, от жағатын ошақ орны, әрісі әжетхана мен қоқыс төгетін шұқырларға дейін көрсетіліп берілді. Әр үйдің тігілетін орнына қада қағылып, даладағы қалашыққа сән беру үшін төрт түсті жарық түрі пайдаланылды.
Автокөліктердің көп келетіндігін ескеріп, ауыл сыртынан ұзындығы 2,5 шақырымдық кедергі жасалып, әр ауданның автотұрағы белгіленді және олар тұрақты күзетілді. Артынан мыңдаған автокөлік иесінен «Бір нәрсем жоғалды» деп ешкім бізге келген жоқ.
Кез келген мәдени шараның сәні сахна болатын болса, ол «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының күшімен әдейі жасалған еді. Осынау алып сахнаны қандай қиындықпен, қаншама трейлермен апарғанымыз – өз алдына бір әңгіме. Сол сахна аумағындағы 2 гектар жердің тікенек бұтасын Сенек азаматтары шотпен шапқан болатын.
Осы жерде территориясында өтетін үлкен шаруаны қайткенде жақсы тындырсам деп тынымсыз қызмет ұйымдастырған Қарақия ауданының әкімі
Саламат Нұрұлын, «Сенек» акционерлік қоғамының директоры Қалпақ Наурызмағанбетов пен Сенек селосының әкімі Сырым Әбішевтің есімдерін терең ризашылық сезіммен атағанды жөн көрдім.
Киіз үйлерді орналастыру, көркемдеп сәулеттендіру, орталық сахнаны жасақтау, тасымалдау және қондырып безендіру, автомашина жолдарын, бәйге алаңын тегістеу жұмыстарын уақытпен санаспай атқарған Жаңаөзен қаласының сәулетшісі Қ.Жабаев, «Ремсервис» (В.Чекашов), «ATА» (О.Әуелбаев),
«Имсталкон» (Б.Исин), № 3 ШҚКБ (Қ.Айтмұқанов), «Мангыстаудорсервис» (К.Замбиди), «Автобус» (Ж.Машкулов) жауапкершілігі шектелген серіктестіктерінің қызметтері кім-кімді де сүйсінткен болатын.
Асты ұйымдастырушылардың аса алаңдағаны да, қатты қадағалағаны да – асфальттан шығып, Сұмсаға баратын далалық жол болды. Себебі, екі ара қатқыл бұйрығындық болғандықтан, мыңдаған автокөлікпен шаңдатып жүру өте қауіпті еді. Сондықтан асқа баратын және қайтатын жол бір бағытта ғана жасалды. Екі апта бойы «Өзенмұнайгаздың» 10 тіркемелі автокөліктері 40 шақырымға тұрақты су тасып, оны жол бойына шашты. Сөйтіп, кейбір жеріне қайыр төгіліп, өн бойына су себелеген жолмен кез-келген техника жүру мүмкіндігіне ие болды. Жол оқиғасы да болған жоқ.
Мұндай жұмыстар киіз үйлер арасында, ат шабыс алаңында, сахналар маңында да жүргізілді. Осы бір қарапайым автокөлік жүргізушілер су шашумен жүргенде, бірде-бір мерекелік шараны көре алмаса да, елден алған Ата асындағы алғыс кез-келген қызықтан артық болар деп ойлаймын.
Бұл асқа арнайы тізіммен адам шақырылған жоқ. Біз «Халықты алаламайық, мүмкіндігі жеткендер тегіс келсін» дедік. Алайда, көпшілікті шақыру әлденеше рет республикалық, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, тіпті интернет жүйесімен де берілді.
Асқа келе алмаса да, тілегін жеделхатпен білдірушілер көп болды. Бір апта бұрын мұнайшылар мерекесіне келіп кеткен өлкемізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Сафи Өтебаев, Саламат Мұқашев, Нәсіпқали Марабаев тәрізді ақсақалдар Ата туралы тебірене әңгімелеп, астың жақсы өтуіне шынайы тілектестігін білдірсе, Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Амангелді Төлеевтің шын жүректен жерлестеріне арнап жолдаған жеделхаты салтанатты жиналысқа қатысушыларды қатты риза қылғанын көзімізбен көрдік.
Шындығында, алыс-жақын шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі ұлт өкілдері көп жиналды. Ал облыс ішіндегі бірқатар ұлттық-мәдени орталық өкілдерінің үй тігіп, қызмет істеуі мереке салтанатын асыра түсті. Мерекенің қалай және қашан өтетіндігі, оған қандай ретпен баруға болатындығы, оның өткізілу бағдарламасы жөніндегі мәліметтер облыстық
«Маңғыстау» және «Местное время» газеттерінде сұхбат, хабарландыру ретінде берілді.
Қыркүйектің 3-інде басталып, 6-сында орнатылып болған киіз үйлер қалашығына 450 үй тігілді. Асқа 35 мың шамасында адам қатысты. Күндіз-түні толассыз келген адамдарды тоқтаусыз қабылдаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Даржок Сейбағытов бастаған
қонақтарды қарсы алу штабы құрамындағы ел азаматтарының қызметі тіпті ерекше болды. Сан мыңдаған қонақтан реніш білдіргендер болмауы осының айғағы болса керек. Аудандық штабтар өздеріне бөлінген кісілерді жеке үйлерге бөліп, олардың ауқаттанып, тынығып демалуын және мерекені барынша қызықтауын қамтамасыз етуі – үйлесімді қызмет ұйымдастырудың үлгісі деуге болады.
Көпшілікке тартымды болу үшін және олардың бір жерге жиналып қалмауы мақсатында, мәдени шаралар бір мезгілде бірнеше жерде өткізілді. Осыған сай, барлық аудандар мен қалалар ауылдарының алдына кіші сахналар қойды. Ол сахналардағы концерт, алтыбақан, түрлі спорттық бәсекелер, ақындар мүшәйрасы, кәсіптік цирк өнері, Бекет Атаға және өлке тарихына арналған көшпелі фотокөрмелер мен көркемсуреттер көрмесін халық еркін көріп, қызықтады.
8 қыркүйек күні үлкен сахнада астың ресми ашылу салтанаты болды. Оны қысқаша сөзбен облыс әкімі Л.Қиынов ашты. Бекет Ата жөніндегі тебіреністі толғамдарын төгілтіп, көрнекті жазушы, жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбайұлы баяндама жасады. Біздің өтінішімізге сай, әдейілеп келген Ақтөбе облысы Қобда ауданының азаматы, Бекет Атаның қасиетті көк асасының иесі Нәкеш Тұрсынғалидың жиналған қауымға, аталған асаның қалай оның қолына тиген тарихын айтуы және оны мінбе тұғырынан көрсетуі ерекше серпіліс туғызды. Әрине, алдын- ала жеке кездескенімізде айтқанын қайталап, Ата асасын бізге неліктен қалдыра алмайтындығын дәлелдеп келтіруі де көпшілік тарапынан түсіністікпен қабылданды. Ата ұрпағы Аяпберген ақсақалдың құран оқуымен көлемі қысқа, алайда, мағынасы нұсқа салтанатты жиын аяқталып, халық мереке қызығын әрі қарай тамашалады.
Айта кетер бір жайт сол: біз ақылдаса келе, астың ресми бөлігін осылай өткізуді қалап алдық. Бекет Атаның түрлі салада көптеген ерекше қасиеттері болғаны аян. Алайда, біздің бәріміздің білетініміз – бірін-бірі қайталайтын аңыз-әпсаналар ғана. Сондықтан Атаның әр қасиетін асықпай зерттеп, жарыққа шығаруды ізденімпаздар мен ғалымдарға қалдырдық.
Баяндама мәтінін Әбіш Кекілбайұлы жасағанын және Ата жөніндегі оның білетін мәліметі ешкімнен де кем еместігін еске сала кеткенді жөн көрдім. Ал аңыз әңгімелерге келсек, Бекет Ата жөнінде тынымсыз ізденетін ғалым Қабиболла Сыдиықовтың, Жылыойдағы Ақмешіт имамы Ислам Қосқұлақтегінің, маңғыстаулық қаламы қарымды журналист Рахат Қосбармақтың жарыққа шыққан кітаптарын және аудан, облыс баспасөзінде шыққан қаншама мақалаларды қайталағымыз келмегені шындық.
Бұл күні мәдени-спорттық шаралар тағы да жалғасты: 25 шақырымдық ошақ бәйге өткізіліп, мерекелік үлкен концерттік қойылым болды, 9 экранды теледидардан өткен жылдан бері арнайы республика мамандары түсірген орыс, қазақ тілдеріндегі «Бекет Ата» фильмдері таң атқанша дерлік көрсетілді және көрермендер саны тіпті де кеміген жоқ.
Әсіресе, үстіміздегі жылы облысымызда өткізілген «Әнге – қанат, әлемге
– тыныштық» атты халық шығармашылығы фестивалінің жеңімпаздары мен
жүлдегерлері түгел дерлік қатынасқан 6 сағаттық концерт тыңдаушыларын риза қылғанын айта кеткім келеді. Бұл істің басты ұйымдастырушылары – облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрнияз Мұхановқа, филармония директоры Рахат Мәдіреевке және барлық аудандар мен қалалардың мәдениет бөлімдерінің басшыларына терең құрмет сезімімізді білдіреміз.
9 қыркүйек күнгі мереке салтанаты ат шабыс десе, ішіп отырған асын тастайтын тойқұмар қауымның құмарын тарқатқан 45 шақырымдық аламан бәйгемен басталды. Жасыратыны жоқ, қашықтық таңдағанда жергілікті жылқы тұқымының қажыр-қайратының молдығын ескердік және шындығын айтқанда, Ата асы бәйгісінің өзімізде қалуын бөтен де көрген жоқпыз. Бұл марафондық жарыс күткендегіміздей болды, барлық байрақ жергілікті шабандоздарға бұйырды.
Қыз қуу, теңге алу, жорға жарыс далалық ипподромда жалғасып жатқанда, алдыңғы күні басталған қазақша күрестің жанкүйерлері ат шабыста көре алмаған тамашасын дәл осы күрес кезінде көрді. Осы жарыстардың жинақы да, тартымды өтуінде облыстық күрес федерациясы мен облыстық ат спорты федерациясының төрағалары Тимур Бисенқұлұлы мен Әлімғали Қапуов бастаған комиссиялар қызметтері қандай талаптың да деңгейінен шыға алды ғой деймін.
Бұл мерекеге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жан-жақтан ағылып келді. Оларға жан-жақты жағдай жасау үшін біз Түпқараған ауданының екі үйін әдейі бөлдік, әрі облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы Асқар Рзаханов пен облыс әкімінің баспасөз хатшысы Майра Маврова бастаған баспасөз орталығы тұрақты қызмет жасады.
Әрине, келген қонақтарға қазақ салтымен жылқы шекесі мен қой басына қосақталып, талай жамбас тартылғаны оқырмандарға түсінікті ғой деймін. Барлық дастарханда дерлік балқаймақ, ірімшік, құрт, прензі, шұбат болуы ел азаматтарымен бірге біздің әже-аналарымыздың, апа-қарындастарымыздың, келін-қыздарымыздың асқа қандай дайындықпен келгенін көрсетеді. Бұл ретте әсіресе бейнеуліктерді айрықша атап өтуге болады.
Алкогольді ішімдік атаулы болған жоқ. Ауыл арасын шаңдатып автокөлікпен жүруге тыйым салынды. Тәртіп мейлінше қатаң сақталды. Жан- жақтан келетін жолдардың барлығына тиісінше МАИ бекеттері қойылды. Осы істерді ұйымдастыруда облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасарлары Мұхамеджан Абдоллаұлы Оспанов пен Оңайбек Нұрасылұлы Әбділовтер, облыстық МАИ бастығы Мақсұтхан Нұғманұлы Әблазимов шын мәнінде пісіп-жетілген, оперативті қызметкерлер екендігін көрсетті.
Киіз үйлер қалашығының көлеміне тегіс жетерлік жарық жүргізілуі, радиохабарлағыштар қойылуы, ұйымдастыру алқасы мен қонақ күтуші штаб өкілдері және полиция қызметкерлерінде әртүрлі толқындағы радиотелефондар болуы, Сұмсаны әлемнің кез келген жеріне хабарластыра алатын спутник байланысы, айдалада жұмыс жасап тұрған факс пен компьютерлер, ас көріністерін кең көлемде түсіретін телекамералар осыншама үлкен жиынды бір орталықтан басқаруды жеңілдеткені сөзсіз.
Мұндай жарқын істердің ұйымдастырушы жаршылары облыстық телекоммуникация директоры Нұрғызар Бинаев, «МРЭК» АҚ президенті Майлыбай Әминұлы Аймағанбетов, «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС директоры Қалабай Төлегенұлы Төлегенов, «ОПС» ЖШС директоры Қостөре Көшкінбаев, «Узенэнергонефть» директоры Келдіғұл Биманов, АУЭС кәсіпорнының директоры Александр Иванович Булгаков, облыстық телерадиокомпанияның төрағасы Петр Алексеевич Долматов екендігін ел есіне беруді жөн көрдік.
Ата асына дайындықтан бастап оны өткізу барысында барлық аудан, қала ұйымдастыру алқаларының қызметкерлері шын мәніндегі ұйымдастырушылық пен ұйымшылдықтың озық үлгісі болды. Бұл ретте ақтаулық Серік Жәмекұлы Оспанов, Жамбыл Әнесұлы Бүркітбаев, Ұлдай Сыдықова, Борис Валентинович Филиппов, жаңаөзендік Жалғас Бисалыұлы Бабаханов, Бақытжан Есболұлы Өтеғалиев, Раушан Өтелгенқызы Жапарова, бейнеулік Басшы Айжанақұлы Әзірханов, Қойшығұл Бекқалиұлы Әбілшеев, Мұхаммеди Насухаев, қарақиялық Саламат Нұрұлы, Марк Тайырұлы Сәрсенғали, маңғыстаулық Қыдырбақыт Сейілханов, Қармыс Боқанов, Жармағанбет Қайырмағанбетұлы Айтуаров, түпқарағандық Түменбай Қалжанұлы, Айкүміс Досанова тәрізді әкімшілік басшыларына айтар алғыс шексіз.
9 қыркүйек күні түс ауа барлық жоспарланған шаралар өткізіліп болған соң, киіз үйлер жинақталып, ас өткізілген жер аумағы тазаланды. Бұл жұмыс апта бойы Сенек оқушыларының күшімен аяғына дейін жеткізілді. Егер Сұмсада сол кездегі жиынға қатынаспаған адам болса, мұншама халық жиналса, мынадай таза жер болмас еді деуі анық. Міне, осының өзі де үлгі аларлық ғанибет іс қой деймін.
Бекет Атаның 250 жылдығына байланысты атқарылған сан алуан шаруаның бастауында да, басқаруында да облыс әкімі Ләззат Кетебайұлы Қиыновтың еңбегі ерекше болғанын атап айтқым келеді. Оның атқарылатын шаруалардың бүге-шүгесіне дейін тегіс бақылап, қажетті кеңесін беріп, барлық мәселеде қолдау жасағанының арқасында ғана ұйымдастыру алқасы өзіне тапсырылған, жауапкершілігі аса зор осы істі атқарып шықты.
Осы ретте Ата мерекесін дайындап, өткізу жөніндегі алқа мүшелеріне, қызметтес әріптестерім Жұмагелді Рахышұлы Аманқұловқа, Қамбар Басарғабызұлы Шалғымбаевқа, Ерлан Оразұлы Рахметовке, Есен Күмісқалиұлы Күмісқалиға, Ізбасар Шыртановқа, Орынбасар Әбдіұлы Тоғжановқа, Құлыбек Салиұлы Оразбаевқа және т.б. бәрінің бірдей атын атау мүмкіндігі жоқ, қолғабыс берген жанашырларға рахметімізді айтып, «Әр уақытта Бекет Ата рухы Сіздерді қолдай берсін!» дейміз.
Бекет Ата туралы болашақта талай-талай әңгімелер айтылып, зерттеулер жүргізіліп, кітаптар жазылар. Ал Атаға байланысты атқарылған шараларды біздің перзенттік парызымызды орындау бағытындағы алғашқы қадамдарымыз деп түсінген дұрыс болар.
Бекет Ата тәрізді қасиетті адамдар өткен өмірімізбен табыстырады, жас ұрпақты болашақта осындай қастерлі тұлғалардан тағлым алуға, дүниетанымын кеңейтуге бағыттайды.