26.07.2022
  218


Автор: Сақып Керелбаев

БЕКЕТ АТА ТАҒЛЫМЫ

Алтын күздің арайлы да шұғылалы шағында 360 әулиелі Маңғыстаудың Қараойындағы Сұмса жерінде мәні бөлек, мағынасы ерек, еліміз көптен күткен күн де келіп жетті.


Аңызға айналған бұл аймақ – ұшы-қиырсыз ұланғайыр даланы, кең жазира Атажұрт, асыл мекенді ығында ұстаған ел қорғаны батырларға, мыңғыртып, мыңды қайырған мырза-сахиларға, зиялы да зерек ақыл иелеріне, түпсіз де терең абыз-ғұламаларға, тілдерінен бал тамған, сөз маржанын айшықтаған ақиық ақындарға, таңды таңға ұрған жыршы-жырауларға, сандуғаштай сайрап өткен жезтаңдай әншілерге, балбармақ күйшілерге, сазгерлер мен сал-серілерге, он саусағынан өрнекті өнер сорғалаған бесаспап шеберлерге, зергерлер мен сәулеткерлерге, құралайды көзге атқан мергендер мен ат үстінде шауып бара жатып, өзі нысаналаған қой құмалағын жармай шаншып, іліп алып кете беретін найзагерлерге, атақты атбегілер мен құсбегілерге, айтқандары тек кетпеген көріпкел-болжампаздар мен әулие- әмбиелерге, еткендері ем-дәру шипагерлерге һәм сынықшы, оташылар мен халық емшілеріне, атан түйені асықтай үйіретін күш иелері мен жамбасы жер иіскемеген палуандарға, әнгіме айтса, түп-тұқияннан – сонау Адам Атадан бастап, өзіңе дейінгіні түгел жатқызып-өргізетін шебер шежірешілерге, таңдайынан жарылған нелер тақтақ шешендерге, сақ та сабырлылардың өзіне сан соқтырар сайқымазақтарға, ердің құнын екі ауыз сөзімен берген қазысы әділ билер мен дана дипломат, ел құрсауы – елші мәмілегерлерге кенде болмаған.


Жаңа біз санамалаған мың сан өнердің мәйегі мен маңызы Құдіреттің күшімен бір өзінің бойына дарып, ойына егілген, аңызға тұражақ ғажайып адамдар да Маңғыстаудың маңдайын жарық етіп, маңайын нұрландырған. Сол арғы-бергіде өткен асыл текті ата-бабаларымыздың ортасынан оқшаулау көзге шалынатын Отпан тау, Оғыланды биігіндей Дара тұлға, алыс-жақынға өзінің әруағын әйгілеп, тұңғиық терең көріпкелдігімен, асқан әулиелілігімен аты шыққан,  айрықша  жаратылған  Ел  иесі,  Жер  киесі,  тарих  парағында


«Маңғыстауда – Пір Бекет» атағымен мәңгіге айшықталған Бекет Ата Мырзағұлұлының туғанына 250 жыл толуын тойлауға сан мың адам бас қоспақшы.


Бекет Ата хақында бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, оның жаратылысы, болмысы ақиқатпен де, аңызбен де астасып жатқан, түсініп болмас тұңғиық. Небір ғұлама ғалымдар, тарихшылар, дін иелері оның өмір жолына үңілген, табиғат дара еншілеген қасиет-киесін танып білуге талпынған. Әйтсе де, барша сырын ашып үлгерді деуге келмейді.


Қоғамдық құрылыс не сан өзгеріп, не сан жаңарса да, Бекет Атаның құдірет бұйырмыс еткен алабөтен ерекшелігі қайталанбас, жүйесіне қылау түспес күйінен жаңылмайды. Ғасырлар жалғастығымен бұл ерекшелік айқын аңғарылады, терең түсіндіріледі, кім-кімді де өзіне тәнті етеді, еріксіз табындырады.


 


Иә, айтса айтқандай, біздің түсінігімізде Бекет Ата – атажұртымыздың Алтын Діңгегі, Алып Бәйтерегі, Асқар Тауы. Ол – ерен ерлігімен еленген ел қорғаны, сан алуан мешіттер салған мөрлі, сәулетші шебер, ұрпаққа білім нәрін сіңірген ұлағатты ұстаз, ауру-сырқауға дұғасы қонып, дауасы дарыған емші, болашақты бұлжытпай болжап, алдағыны айнытпай аңғарған, көрегендігімен ерекшеленген көріпкел әулие, кетіскенді келістіріп, шекіскенді бітістіріп, сөгілгенді үбістірген мәмілегер-дипломат, бүгінгі тілмен айтқанда, бір басына Құдайдың өзі бірнеше қасиетті үйіп-төгіп бере салған Феномен-Адам.


Бекет Ата – дүниеге адам болып келгенімен, бүкіл іс-әрекеті, қимыл- қозғалысы қарапайым пендемен еш шеңдеспеген, Құдіретті Жаратушының өз әсер-ықпалы, ниетімен өмір кешкен кемеңгер әулие. Оның әр қадамы, әр ісі, ой- пікірі жер бетіндегі адам баласын алалап қарамай, ара-жіктемей, бірдейлікке қарап бағалаған, қамқорлығы мен көмегін іркіп көрмеген құдірет-киесінің, қасиетінің шапағаты да баршаға ортақ тең. Асып айтпаған, артық кетпеген. Оның әр сәттегі пікірі азаматтық, адамзаттық, гуманистік қайнардан тін тартып жататындығында. Бекет Атаның, құдірет иесінің қарапайым адамдар арасындағы теңдессіз жаратылған несібе-ырысы, алабөтен пенделігі де – айтып жеткісіз ерекшелік.


Ата туралы ел арасында айтылатын аңыз-әпсаналардың деніне оның осы азаматтық артықшылықтары мен ерекшеліктері бойлай негізгі тін боп тартылып, алтындай әспеттеліп, өріліп отыратынын әсте көруге болады.


Ол деміккенді демеген, сүрінгенді сүйеген, пендеге тек жақсылық, ізгілік атаулыны мақсат етуге ниетін арнаған. Оның Оғыландыдағы мазарына зиярат етуге, тәу етуге барған адам ауруынан айығып жатады. Шыңнан әзер түсіп, шаршап-шалдығып келген кісі қайтар жолда тыңайып, тынығып қайтатыны, қанша өрге қарай жүрсе де, ентікпейтіні, еш қиналмайтыны да Атаның өзгеге беймәлім қыры, жұмбақ қасиеті демеске негіз жоқ.


Ата туралы аңыздарға үңіліп, мән-маңыз беріп, тұшына зейін қойған адам оның ұлағат еткен өсиеттерінің өлшеусіздігін танып білер еді, табынар еді. Бабамыз асыл азамат, абзал адам ретінде елін шексіз сүйген. Пенденің баршасының парызы – елін, жерін сүю, құрметтеу, қадір тұту, әлсізге, зарыққанға, сасқанға сая, сүйеу, демеу болу. Кемтарға қамқор болып, көмек беруден қашпау – еншілі іс. Ұрпақ білімді, ғылымды болуы – ортақ міндет. Бірлік, ұйымшылдық, әділеттік, имандылық атаулының үстем болуы – әрқашан болашаққа ұмтылар қадамның кедергісіз өрісі.


Қасиетті әулиенің бұл өсиеттері заман өзгерген сайын, уақыт ілгерілеген сайын жаңарып, жаңа ауқым ала түсетін кезеңін қапысыз көрсетіп те келеді. Атаның үлгі-өнегесі, ұрпақ санасына ұялатқан ілім-білімі оны жалғастырған шәкірттер санатына да не сан ғұламалар, білгіштерді түзілтті. Бекет Ата дәстүрі қалыптасты, дамыды, жетілді. Ғылым небір шыңдарға көтеріліп, нелер тылсымдар сырын ашса да, Пір Бекет болмысының ерекшеліктеріне толық жауап бере алған жоқ. Олай болуы да мүмкін емес. Бабадан кейінгі ұрпақ оның рухымен бірге жасасып, оның тылсым сырлы дүниесінен тараған шапағатты толассыз иеленіп келеді. Көрінбейтін, бірақ адам бойына дәлме-дәл әсер ететін, ықпал жасайтын қуат пен қасиет пендеге демеу, жанға жебеу болып келеді. Бұл


 


– тоқталыс пен тежеуді білмейтін ғажайып құбылыс. Солай қалыптасқан, сол күйі өмір сүріп келеді.


Ашығын айтуымыз керек, тоталитарлық заман тұсында халық жолына жақын, сезіміне жалғас ерекше қасиетті әулие-әмбиелері туралы деректерге еркін ие бола алмады. Тек Қазақстан Республикасының теңдікке қол жеткізуінің арқасында ғана Бекет Ата сынды теңдессіз әулиенің ғұмырынан деректер жиналып, жария болуына жетіп отырғанымыз да – уақыттың баршамызға жасаған үлкен сыйы.


Бекет Атаға қатысты аңыздар мен әпсаналардың баспа жүзін көруі 1990 жылдардан басталады. Әуелі газет беттерінде зерттеу материалдары жарияланса, кейіннен бірнешелеген кітаптар жарық көрді, телефильмдер түсірілді. Ол туралы шығарылған поэмалар мен өлеңдер қаншама! Алайда, Бекет Атаның адамгершілігіне, имандылығына, Жаратушысы бұйырмыс еткен қасиет-ерекшеліктеріне байланысты деректер, аңыздар әлі де жетіп- артылатыны анық. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаса беруі парыз және оны «Бекеттану» десек, артық болмас деп ойлаймыз.


Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Бекет Атаның қадір- қасиетін, адамгершілігін, көреген әулиелігін қадір тұтатындығы, шексіз сыйлайтыны, оның тұңғиық рухы алдында бас июді парыз санайтындығымен бәрімізге үлгі, өнеге. Ол Маңғыстауға келген сапарларында Оғыландыдағы Атаның мәңгілік мекеніне соғып, тәу етіп қайтады. Бүкіл ел болып жұмылған осынау 250 жылдық мерекені атап өтуді қолдаған, табиғат әсерінен құлау қаупі туған Ата мешітін жөндеуге республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлгізген де – Елбасы.


Бекет Атаның Оғыландыдағы мәңгілік орны, мешіті – бүкіл мұсылман, тіпті басқа ұлт өкілдері тәу ететін, жолы түссе, соқпай өтпейтін қасиетті жер. Оны уақыт талабына, замана үрдісіне сай қалыпта ұстау – ортақ парыз, азаматтық міндет. Өйткені, пенде біткен Бекет Атадан тәубе тілейді, құдіретіне сыйынады, қасиетіне сүйенеді, көңіліне медет табады.


Бұл ретте маңғыстаулықтар жаңадан мешіті мен түнеухана құрылысын салды. Төмендегі Бекет Ата мекені табиғи мүжілуден сақталатындай күйге келтірілді. Адамдар түсіп-шығатын баспалдақты жолдар түзелді. Оғыландыдағы жаңа құрылыстың қай-қайсысы да осы заманғы архитектураның жетістіктері негізінде, еуроазиялық үлгімен әсемдікте салынып, халық игілігіне берілді. Мұнда төрткүл дүниенің сан тарапынан келіп, тәубе етушілер осы мерекеден кейін бұрынғыдан да артары сөзсіз. Сондықтан бұл орнымен тындырылған үлкен іс болды деп ойлаймыз. Қаншама адам Ата рухына сыйынады, медет күтеді. Кембағал, дімкәс пенделер жанына сая, дертіне дәру іздейді. Демек, бұл олар үшін тіпті керек.


Осынау тауы, құмы, жазығы аралас Сұмса жерінде, Жаратқан бұйыртқан жақсылық-шапағатымен жан біткенге жарқын нұрын себелеп, самала шашып, шамшырақ болып кеткен әулие-әмбиелердің, соның ішінде Пір Бекет Атамыздың кіндік кесіп, кір жуған, арғымағын алшаңдатқан киелі қазығы – Атажұртында өсіп-өніп, өмір сүріп, өрістеп-өрбіп, өркен жайып отырған бүгінгі


 


ұрпақтар қасиетті бабамыздың 250 жылдығын кішіпейіл қонақжайлықпен өткізуді ұйғарған болатын.


Бұл шараны өткізу облыс жұртшылығы, мекеме, кәсіпорын ұжымдары, көптеген шетелдік, бірлескен және отандық компаниялар, түрлі ұлттық мәдени орталықтар, барлық ұлттар тарапынан кең қолдау тапты. Сөйтіп, бюджет қаржысынсыз-ақ, ел болып бірігіп, елеулі іс атқаруға болатынына тағы да көзімізді жеткізді. Сондықтан да, халайық, бұл істеріңіз қалай мақтауға да лайық. Баршаңызға рахмет, лайымда тек осылай болғай!


Демек, қорыққанда да, қуанғанда да аты аузымызға алдымен түсетін Ата әруағы осынау бір ұрпақтары тындырып жатқан істерге риза болар деп ойлаймыз. Меніңше, Ата рухына тағзым, өскелең ұрпаққа тәлім дегеніміз осы.


Қымбатты қауым, құрметті қонақтар, Ер Бекеттің екі ғасырдан кейінгі ұрпақтары!


Санамыз санға сөгіліп, миымыз мұңға желініп, ойымыз онға бөлініп, жігеріміз құмға көміліп, адасып-абдырағанда да айналып соғар Алтын Асамыз, ол – Асыл Атамыз!


Қорқынышта қайғы ойласақ та, қуаныш-шүкіршілікте пайда ойласақ та, ат басын бұрар бір бекетіміз, ол – Пір Бекетіміз!


Ата есімін ұран еткен, қасиетін Құран еткен, Үш қиян ұлан ұрпақ, Ұлыс ұл-қыздарының ұғымындағы Ер Бекет есімі – Ұлы Әулие, Ұлағатты Пір.


Олай болса, осынау ұланғайыр тойымыздың жақсы өтуіне Пір Атамыз, Ер Атамыз, Бекет Атамыз жар болсын!


Сақып КЕРЕЛБАЕВ,


облыс әкімінің бірінші орынбасары, Бекет Атаның 250 жылдық мерекесін дайындау және өткізу жөніндегі облыстық ұйымдастыру комитетінің


төрағасы.





Пікір жазу