26.07.2022
  149


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ҚАРАШҮҢГІЛ

Бала кезден шыққан жоқсың есімнен:
Кім селк етпес айбарың мен сесіңнен?!
Қарашүңгіл, қасиетті әулие! —
Қара қойнау ат шаптырым көсілген.
Қиял қоршап, ойға ырық бермейді,
Аңыз сүйреп, қияндарға сермейді.
Ойпаттағы тұзды көлде бейітті арал
Бір заманда шөгіп кеткен жер дейді.
Сол аңғардың бейіт қаптаған қырасын,
Тарихын таба алмайсың сұрасып.
Сан ғасырдың жатыр талай саңлағы,
Тебіреніп кеп, тәжім етіп тұрасың.
Осы жерде бабасы бар бабамның,
Осы жерде зираты бар ағамның.
Сонша адамды байыздатқан қойныңда
Қарашүңгіл, кім бас имес саған мың.
Осы жерде батыр да бар, бай да бар,
Қайда ажалға табатұғын айла бар?!
Өткен өксіп, қалған жоқтап дүниеде
Адам шіркін, бақиға кеп жай табар.
Арманда өтер ажал-орға құлаған,
Не амал етер аза тұтып жылаған?!
Бір күрмеуге келмейтұғын өмірден
Ғибрат алсын деді ме екен бұл адам?
Талай кербез шашын талдап тараған,
Небір менмен тек аспанға қараған,
Қайыршы да, хан да міскін бақида,
Осы жерде теңеседі бар адам.
Пенделерді бұл пәниде ырза ғып,
Табиғатты жаратыпты мырза ғып.
Адамдарға артық сана беріпті,
Кісілікке жүрмесін деп кір жағып.
Жаратыпты мұратына жетсін деп,
Бір-біріне шапағатын етсін деп.
Адам мәңгі тауыса алмас арманын,
Аз өмірі мағыналы өтсін деп.
Ажал-обыр бара жатыр күйретіп,
Дүниеқоңыз жандарды да үйретіп.
Бақ, дәулеттің бәрі қалар артыңда,
Кетер пенде тек кебінін сүйретіп.
Әркім білмес Мединенің не екенін,
Әркім баспас топырағын Меккенің.
Мәңгі ұйқыда талай жайсаң жатқан жер
Білер жерің, барар жерің – мекенің.
Кімдер бұлар бақиға ешкім келмесе,
"Қайда кеткен ата-бабаң өлмесе?!"
Адам шіркін ада болар артынан
Рухтарға тағзым ете келмесе.
Жалғап жатқан ғасырлардың арасы
Әйгілеген заманалар жарасын.
Үнсіз ғана тағылымын үйретіп,
Мүлгіді тек өлі аруақтар қаласы.





Пікір жазу