26.07.2022
  101


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ШАҒЫН ШУМАҚТАР

Тәйт әрі, самарқаулық, сылқымдылық,
Арманды ауыздықтап жұлқындырып,
Жыр етіп өтейікші бұл дәуренді,
Көңілдің көлін тербеп бұлқындырып.
Жиырма бестің кезінде,
Тыншу бар ма сезімде?!
Жалын болып жүрегің,
Жалт ойнайды көзіңде.
* * *
Достарын аңсар көрмесе адам бір апта,
Күлкілер күміс естілмей қалса құлаққа.
Еш уақыт шын дос өшпейді екен көңілден,
Өтсе де жылдар, жүрсең де шалғай жырақта.
* * *
Алпыс бөліп адамды алаласаң,
Кәдесіне зәредей жарамасаң,
Тірлігің не, қасиетті туған жердің
Әр бұтасын әулие санамасаң.
* * *
Бақ жанса, талай адам ағалайды,
Болмашы нәрсеңді де бағалайды.
Өмірде бір күндері ерің ауса,
Шіркіндер өзгелерді жағалайды.
* * *
Көп нәрсе айтылмайды өмірдегі,
Жүк артсаң жүрегіңе жеңіл ме еді?!
"Ақ көйлек жуса ашылар" деген сөз бар,
Кір кетер ашық айтсаң көңілдегі.
* * *
Сырт сұлуы көбейді,
- Жан сұлуы?
- Білмедім.
Сыртың ғана жылмиды,
Көңілің мүлде күлмеді.
* * *
Ажалы түскір барады көпті сиретіп,
Көздері жерге түспестерді де күйретіп.
Байлық пен мансап бәрі де артта қалады,
Жөнейді адам кебінін ғана сүйретіп.
* * *
Өмірде өрге шықсам қуанамын,
Көңілімді рахатқа суарамын.
Жанында бір жеңістің жайлап қалмай,
Арманның ақ толқынын қуаладым.
* * *
Көңілің бар қыз сезімін имес жеңіл,
Ынтық қызды салғыртсып сүймес көңіл.
Екі жүрек мәңгілік елжіреген,
Кез келгенге шынайы тимес өмір.
* * *
Шын сөз-ау: "ақын, теңіз– егіз" – деген?!
Күн дауыл. Астан-кестен теңіз деген.
Жалт ойнап жанарында жағада ақын,
Бұрқайды көңіліне ем іздеген.
Құрбым, неден көңілің мүлде қалтылдақ,
Бірде жанып, бірде жүрсің салқындап.
Көк шымшық та ұя салар бір жерден,
Көбелектей неғып жүрсің жалпылдап?
* * *
Жалғандық - бір зырғия,
Кетер алдап сұрқия,
Сол кезде мен ыза буып жылаймын.
Жалғандыққа кейде қыран құстаймын,
Жүрегінің жағасынан ұстаймын,
Құдіретіне ризамын Құдайдың.





Пікір жазу