26.07.2022
  103


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ДАУЫЛ МЕН АДАМ

Адамды жапан шарлаған,
Шабуыл үнін жарлаған,
Көрді де дауыл долданды,
Бұрқана сөйлеп толғанды.
- Осынау жаға, түбекте,
Сан жылдар сайран салып ем,
Қыста - ызғар, жазда - жалын ем.
Қаңғырған аңнан өзгенің,
Көрмеп ем ізін салдырып.
Құйғытқан қыран кезбенің,
Қанатын да өткем талдырып.
Керуенмен шұбап жөн тартқан,
Жандарды мазақ етіп ем.
Кептіріп аптап етімен,
Құмменен көміп кетіп ем.
Жөніңді айтшы, кімсің сен?
Кімсің-ай, бейнет айдаған?
"Ажалды карғамысың сен,
Бүркітпенен ойнаған?"
Таппассың емге бір тамшы,
Қақсыған қырлар айналаң.
Жаныңның отын сөндіріп,
Еркіме күшпен көндіріп,
Ғасырлар менмін жайлаған!
Өзіңе сенің өзге қыр,
Жылғаның бойы жетпеп пе?
Келерсің, сірә, сөзге бір,
Бекіндім таптап өтпекке!
Жоғалсаң енді нетеді,
Мақұл-ақ болар қашқаның.
Құмменен көміп өтеді,
Әйтпесе шабдар аспаным!
– Көрерміз! – деді сонда Адам,
Қасиетті арман толғаған.
Кернеді ыза дауылды,
Селкілдеп, тулап, ысқырып.
Теңселтіп өтті ауылды,
Өрекпіп өктем күш қылып.
Саспады Адам сонда да,
Белдерге салды бұғалық,
Аяулы арман толғаған,
Ерліктің даңқын шығарып.
Шыдамды шыңдап, ширатып,
Қысы, жаз кезді сан қырды.
Шатырды дауыл қиратып,
Аптабы естен тандырды.
Самайға қаптап ақ кірді,
Кей сәтте қойды жөтеліп.
Адамдық атқа дақ салмай,
Соңда да жүрді көтеріп.
Қысы, жаз кезді сан қырды,
Өлкеге өмір, жан кірді,
Қырларда шалқып ән жүрді,
Далаға дархан сән кірді.
Бейнет пен зейнет белдесіп,
Жыл келді жеңіс арқалап.
Еңбек пен даңқ ержетіп,
Өр ерлік құрды салтанат.
Мұнара самсап қыратта,
Арайлап Адам қарады.
Азалы Дауыл жырақта,
Ышқына кашып барады.





Пікір жазу