26.07.2022
  129


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

БІР АДАМҒА

Тау ма, тас па, алдында жар ма, су ма?
Қолың дайын тек қармап, жармасуға.
Кең көшеде ауытқып теңселесің,
Ащы арақ пен ақыл-ой арбасуда.
Арақ уын парасат жеңсе еді,
Жеңе алмады-ау, қап енді еңсереді.
Барар жолың болжаусыз, бағытың жоқ,
Астан-кестен дүние теңселеді.
... Дүниеде жамандық жеңіл, рас,
О да бейбақ – адамдар көңілі мас.
Жүректері тас соқыр, құлқын құлы,
Қилы-қыңыр жолдары, өмірі лас.
Түлкі қулық жетеді неше күнге,
Жүрсіңдер мәз өмірдің етегінде.
Пенделер-ай, арманнан ада қалған,
Мүлгисіңдер уақыттың жетегінде.
Ей, өмір жолаушысы, тоқташы бір,
Былжырап бейпіл сөзді соқпашы құр


Көз бұлыңғыр, көңілің тұманданған,
О да сәнді адамға боп па ғұмыр?!
Жи есіңді, санаңды ояндырып,
Адам атын мынауың жояр қылық.
Мақсат, ойсыз, есалаң осы күйге,
Қайда, қайда барасың бой алдырып?





Пікір жазу