ШАПАҚ ШАШЫП
Ақ жүрекпен, ақ тілекпен,
Азаматтар жүреді екен.
Халқының қамын ойлап,
Арманды өмір сүреді екен.
Үзілгенді жалғап жан сап,
Жетпегенді жеткізеді.
Қазаң болса қайғы шегіп,
Тойың болса өткізеді.
Жалын оты, жыры болса,
Болсын дейді, толсын дейді.
Қыран болар қыры болса,
Тұғырына қонсын дейді.
Өзін емес, өзгені ойлап,
Ел іргесін қымтап, жауып,
Іс артынан бір іс туып,
Жата алмайды тағат тауып.
Жалы биік жақсы адамдар
Шашып шапақ кетеді екен.
Араңыздан көшкен кезде,
Қадірі сонда өтеді екен.
Асау өмір жалт береді,
Түк те, дым да болмағандай.
Тек өртейді өзегіңді,
Орны мәңгі толмағандай.
Ексең дағы оралмайды,
Асылдардың өзі қайта,
Көзі өзі бола алмайды,
Аңсайсың тек айта-айта.
Көрсең ғұмыр көзі болып,
Сол ерлердің өзі болып,
Өсер ұрпақ өндірдей боп,
Сөйлер жалын сөзі болып.