26.07.2022
  104


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ЖИДЕ АҒАШ

Өседі қызыл құмда, жар астында,
Балтыры қыста сыздап қар астында.
Бұтағы ақ көбелек - бантик тағып,
Көктемде құлпырады жарасымды.
Сыланып ақ қайыңдай тұрмас ойнап,
Тамыры туған жерге терең бойлап.
Тұлғасы қиқы-жиқы әжім басқан,
Көп көрген қариядай тұрған ойлап.
Қай адам жиде ағаштан болыпты ығыр?!
Бүгін де Жайық бойы, толыпты қыр.
Тарамыс тартқан тарлан кәрісі де,
Сұңқарға табан тірер болып тұғыр.
Жаз келсе, жаны жайнап кетеді екен,
Қымыз дәм жидесі де жетеді екен.
Төсінде туған жердің өмір бойы,
Дариға-ай, жұпар шашып өтеді екен.





Пікір жазу