26.07.2022
  84


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ЖАҢА ЖЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ОЙ

О, оян, манаурама, тұр, ғасырлар,
Жыл емес, күнімменен сырласыңдар.
Ғасыр жүгін минутым арқалаған,
Қол бұлғайды алдымнан нұрлы асулар.
... Маң басып, ілби кешті-ау сан ғасырлар,
Төсіңде тағылық пен қандасу бар.
Жая алмай ой өркенін шөл заманда,
Аяулы азалы арман, жан жасу бар.
Қаншама күндер ұшып, жыл аунаған
Әр минут бір дастандық сыр-ау маған.
Жаңа күн жаны жомарт алға ұмтылғыш,
Көңілінен пәк сәбидің бір аумаған.
Қаншама дүниеде күн ескірген,
Тірлікті өмір үшін күрестірген.
Туу мен өсу, өлу заңға айналып,
Қайғы менен шаттықты үлестірген.
Әр күн, әр жыл соны боп келерінде,
Бұлтақсыз аяқ басып көнеруге,
Өмірінің кезегін өзге алса да,
Тынғысы келмейді екен жөнерінде.
Адам неге тынады, неге жетіп?
Құр тірлікті жүрді ме ермек етіп?
Әлде қайрап қайратын, оймен өрлеп,
Нәрін тастап кетті ме керме етіп?
Марқұм болды, жылады кімдер күйіп,
Тау ескерткіш салса да төбені үйіп,
Із қалдырмай жым-жылас еткен жанды,
Еске алар ма екі күн елі сүйіп?!
Кейбір пенде лайық тірі өлімге,
Кейбір боздақ мың жасап жүр елімде.
Азаматқа мұнара керек емес,
Ескерткіші халқының жүрегінде.
Өлмес жандар, бабалар, сырласалық,
Сан ғасырлар сендермен тұр жасарып.
Сендер шерткен сырлардан қанып ішіп,
Болып өстім қос мың жылдың құрдасы анық.





Пікір жазу