26.07.2022
  77


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

МЕНІҢ ЕЛІМ

Заңғар шыңдар, асқар таулар - айбарлым,
Айдын көлдер, ажарыңнан айналдым.
Таспадайын тарам-тарам жолдардан,
Ирең қаққан табанынан сайлардың.
Жасыл дала, дидарыңнан айналдым,
Жұпарыңды жұттым дағы жайландым.
Сенің сірә, көркіңе тіл жетер ме,
Мың құлпырған маусымында айлардың.
Алатаулар, Қаратаулар, Ақтаулар,
Қай дұшпанның дәті барды таптауға?!
Уақытқа да бас иместен келеді,
Асқарларың жарасады-ау мақтауға.
Селеу сақал, келе кірпік боз далам,
Сен дегенде жан дүниеммен қозғалам.
Бұл өмірді кернеп тұрған ән мен күй,
Сенің жырың, сенің жаның қоздаған.
Көкірегінде көзі бар жан байқаған,
Тасың сенің тамылжыта айтады ән.
Бар даланы бір дауысқа салады,
Жібек желің жасыл қырды шайқаған.
Дархан далам аңсап өмір сүрген-ді,
Бүгін жайнап танымастай түрге енді.
Болат тұяқ қорыс қылған өңірлер
Ерлік, даңқ, ырыс болып гүлденді.
Саулы інгендей ыңыранады заводтар,
Айдалада алаулайды жаңа оттар.
Шыдай алмай екпініне ерлердің
Иіп берді сұлық жатқан қабаттар.
Қырларымда мұнай мөңкіп, су ытқып,
Орнап жатыр айдын теңіз - сабаттар.
Жонда кеше елік жүрген секеңдеп,
Қала жатыр қанат жайып мекендеп.
Ауыр состав аялдамай жүйткиді,
Келешекке бұрынырақ жетем деп.
Бұл ғасырда жаңалықтар қайнаған,
Ғаламаттар туып жатыр айналам.
Тек аспанды бұлт шалмауын тілейік,
Ей, адамдар, жұмыр жерді жайлаған.
Заңғар шыңдар, асқар таулар - айбарлым,
Жарқын қала көрдім-дағы жайландым.
Жомарт далам жанға жалын дарытқан,
Нұрлы дүние, жанарыңнан айналдым!





Пікір жазу