АПА
Туысқанның тоғыз болғаны не керек,
Жападан жалғыз боп өстің.
"Халыңыз қалай, апа?" - деп,
Қасыңда сұрар жоқ ешкім.
Өткіздің жетпіс жыл бойы,
Тауқыметін тартып әр күннің.
Анадан бірге туса да,
Тағдыры бөлек әркімнің.
Күн батып, әр таң атады-ау,
Алыста, әттең, жүргенің.
Аяздай жанға батады-ау,
Болғаны бөлек іргенің.
Аялар сені жәйім бар,
Жүргеміз жоқ-ау сиыспай.
Өмірдің киғаш жолдары
Әйтеуір қойды-ау қиыспай.
– Үйімнің төрі сенікі,
Қалайша бізге сыймайсың? –
Десем де, апа-ау, көнбейсің,
Топырақты туған қимайсың.
– Уәйім етпе мені ойлап,
Бақытың жансын, бара бер.
Әкем мен шешем қасынан
Бұйырса деп ем қара жер.
Аталы сөзге осынау
Ешбір де жауап айта алмай,
Сағынып келген, апа-еке-ау,
Тұрамын кейін қайта алмай.
Білмеген жәйді өзге жұрт
"Пәлен де түген" десе дер.
Өмірде саям аз тисе,
Жан апа-ау, мені кеше гөр.