26.07.2022
112
КҮЗГІ БАҚТА
Жалбыр бұлттар кешке тауға шөгеді,
Күздің лебі бал бетіңнен өбеді.
Тозып біткен сұр мақпалдай қырқылған,
Кеше қырды тегіс жапқан көк енді.
Бақ. Екі жас армандарға бойлайды,
Кеңеседі қосылысар той жайлы.
Ойда жоқта селт еткізіп қарағай,
Бүршігімен ұрып қалып ойнайды.
Сый мінезден сезім шалқи асады,
Ақкөңілмен балқи құшақтасады.
Жел тербеген қайың, терек құттықтап,
Алтын теңге - сары жапырақ шашады.
Жапырақ қуып, бақтың ішін аралай,
Кетпейді жел ағаш шашын тарамай.
Махаббатқа оңғақ болма дегендей,
Қыс та, жаз да бірдей жасыл қарағай.