ЕЛУ
"Біздің Төкен келді бүгін елуге!"
Деген сөзге болар ма екен сенуге?
Қиғыр кылыш секілді есіл жігітім
Ойысар ма сартабайлап желуге.
Елу деген елу соққан жел ме екен?
Өмірдегі еңселі бір бел ме екен?
Қырықыңда құмар болған көп қыздар
Елуінде егде тартты дер ме екен?
Азайғанмен бұра-тұра жүрісі,
Бұл елуің толып тұрған жыр іші.
Еңбегіңнің еленетін дер кезі –
Зейнетіңмен шалқып жатар ырысың.
Елуіңде не тілейміз Сізге біз?
Бек сенеміз келеді деп жүзге біз.
Ұлықта бол, кішік те бол, аман бол,
Адамдардан арқауды тек үзбеңіз.
Елуіңде аймалаймыз сүйіп біз,
Сіз бізбенен биіксіз, біз сізбенен биікпіз
Үйір-үйір жылқы емес тек кана
Ыстық көңіл деген сезім жиыппыз.
Сол сезімдер алауласын нұр болып,
Сол сезімдер жалауласын жыр болып.
Той біткенді қарсы алайық қуанып,
Бұл өмірде аман болып, бір болып!