26.07.2022
  134


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

КЕҢ ЖЫЛОЙ

Қараштың миялы сайлары,
Жиенайдың жусанды жондары,
Ақкиіз самалы жайдары,
Жемімнің мөп-мөлдір сулары,
Көлқұдық жазығы,
Кетпейсің есімнен
Ойладым,
Жүрегім тулады.
Сәуірдің сары желі аңырап,
Мұз, қардың көбесі сөгіліп,
Қыс байғұс қалжырап,
Су болып, жылайды егіліп.
Сең жүріп, Жем жүйткіп,
Көлдеу біткенді су алып,
Перзентін күткендей,
Атырау құшағын ашады
Қуанып.
Аң өріп, кұс ән сап жататын
Ботакөз көп көлдер –
Жасыл шөп, саф ауа,
Ғажайып неткен жер!
Құт қоныс Қарақұм,
Көктемде исі аңқыр жап-жасыл жусанның.
Сәскеде кең дала манаурап,
Тұратын ұлан бел бусанып.
Мамырда алуан гүл тағынып,
Құлпырып сан бояу жағынып.
Жататын қып-қызыл шағылың,
Аунағым келіп-ақ кетемін сағынып.
Жел соқса сырнайын сызылтар,
Күйші ғой, әнші ғой қияғы.
Боз дала барабан секілді,
Дүрсілдер шапқан ат тұяғы.
Елестеп өтеді осы күн,
Желкегі, қоянтобығы, көсігі,
Үстін бір кір шалмас ақшаотау,
Жайқалған бидайық - еркегі.
Көрмеген нанбайды
Бұл күнде ертегі.
Бейне бір мұз айдын –
Атақты шалқар тұз көлдер,
Құмменен астасқан жерінде
Тобылғы, жыңғыл, түзгендер.
Мал бағып, аң аулап,
Бабалар жүрген жер!
Тап-таза ауасы
Жаныңның дауасы,
Шөптері құнарлы
Малдары мамырлап қалатын
Қарақұм!
Қарттары дейтұғын
"Қарақұм емес, қарағым!"
Жай еді көз көрген:
Күз болып, күн жауып,
Мал тоңар кездерде
Қарақұм реңі өзгерген.
Үстінен түспесе таба алмас
Бір ауыл сиятын
Ықтысын ойлары.
Жаңбыры жәй бүркіп,
Күз күні тұратын ойланып.
Қарақұм ұстасы Қайшыбай,
Мыржықтың Көбейі
Іс соғар дамылсыз
Жұмысы көбейіп.
Ізқара, Тәжілер — зергері,
Қап-қараңғы түндерде
Жол табар Молдекем –
Кісілер еді ғой
Солардай кім болды екен?!
Тамаша боз дала маңғазы
Дуадақ серуені.
Күз сайын аспанда сұңқылдар
Қараша, қулардың керуені.
Найзадай шағылы,
Қыз емшек төбелер,
Қоян жон белдері
Белдеуден ат кетпес
Қонақжай елдері.
Аспандап ән шалкып, күй тасып,
Жататын ауылым!
Баладай қуанып,
Алдыңнан шығатын бауырым


Азамат - нар еді
Еліне іс түссе,
Иығымен көтерер ауырын.
Кең Жылой,
Ұлы Жем,
Қарақұм -
Жас кездің бесігі.
Өзіңнен басталған
Неше арман, неше үміт?
Сағыныш сарғайтты
Сайрадым шешіліп.
Перзентің — балаң ем,
Бал берген анам ең өсіріп.
Көңілінде бармын ба?
Уақыт та - дүлей жел,
Құмдағы қоянның ізіндей
Кетпегей өшіріп.
Ғафу ет, өскен жер,
Жыр жаздым кешігіп.





Пікір жазу