26.07.2022
108
Көктем келіп көкпеңбек...
Көктем келіп көкпеңбек,
Аңсап байтақ даламды,
Асығамын жетсем деп,
Дала билеп санамды.
Ұлан дала, төсіңде,
Ұлылықтар жатыр-ау!
Тебіренемін теңіздей,
Боп кетемін Атырау.
Ақтолқындай атылып,
Аймалаймын, құшамын,
Бүкіл елді сүйемін,
Жетіп жатыр құшағым.
Осалы жоқ емге де,
Жаның өңшең жайсаң боп,
Жантағың да, туған жер,
Көрінеді майсаң боп.
Алатауға қараймын.
Атыраумен сөйлесіп.
Жусан исін жұтамын,
Күбірлеймін ой кешіп.
Ақ жаңбырлар жерімді,
Жуындырып өткенде.
Қызғалдақтар қырымды,
Жасандырып жеткенде.
Жап-жасыл боп дүние,
Көктің нұры сіркіреп,
Жан сарайым жаңарып,
Қалам мен де бір түлеп.