26.07.2022
  125


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ДАЛА

1.
Білместің неге керек сандырағы,
Қоңыр жел мейірімді қандырады.
Даламның дарқан сазы бауырағанда,
Дариға-ай, жүрегімді жандырады.
Неліктен, дала, сені сүйемін мен?
Қуанып қуанышыңа,
Қайғыңа күйемін мен?
Анамнан сүтпен сіңген сезім еді,
Кетер-ау о дүниеге сүйегіммен.
2.
Сары далам, айналайын-ау, сары далам,
Замандар талқысына арымаған.
Сен десе көңілімнің күйі тасып,
Жанымды нұрландырар жарық алам.
Бойымда өзің берген от тұрғанда,
Зілзала маңайыма дарымаған.
Қырандай қияға өрлер қанат берген
Аптабың, айқай желің - бәрі маған.
Аналық мейіріміңді, о, туған жер,
Өлгенше жырлап өтер сары балаң!





Пікір жазу