26.07.2022
121
АҢСАУ
Ай-хай, дүние, Атырауға жаз келер,
Айдындарға аққу, үйрек, қаз келер.
Кіреукесіз аспаныңнан айналдым,
Жасыл қырға жадыраған саз келер.
Келер жаз да біз көргендей жаз ба екен?
Жастар жағы көргеніне мәз бе екен?
Көңілі түскір құлазитын шығарды,
Аңсап келер аға-жеңгем аз ба екен?
Аңсап барар асылдарым аз қалды-ау,
Жүрек жасып, көздің жасы қозғалды-ау.
Небір жайсаң бұл өмірден кетіпті,
Көңілде тек кешегі айтқан сөз қалды-ау.
Жаз жаңарып, саз жаңарып келер-ау,
Өткеніңді жеткенің кеп төлер-ау.
Ағаларды аңсағанмен амал не,
Қайран жүрек өртенер де, көнер-ау.