26.07.2022
97
НАРЫН
Аспаны қандай жап-жарқын,
Түндері қандай сап-салқын.
Желкілдеп өскен желпініп,
Бидайық, жусан, қияғы,
Ауып бір келген ала бұлт
Сатыр да сұтыр құяды.
Толассыз нөсер болса да,
Сияқты-ау сорғыш құм шіркін.
Сотқар жел сүртер лезде,
Соғылса да мөр болып,
Мал тұяғы мың дүркін.
Мөп-мөлдір суы сүзіліп,
Қияғы жырлар сызылып.
Жусанның жұпар ауасы,
Жаныңның шипа, дауасы.
Қарайсың байтақ өңірге,
Қуанып, шалқып, қиялдай,
Тасисың шопан үйінде,
Толқынын жанның тия алмай.
Аттанар шақта тұрасың,
Мекенді осы қия алмай.