26.07.2022
  127


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

АДАМ МЕН СУ

Дариға, дала, қашан бір көңілің тыншыған?!
Құмыңда қызыл қияғың жасыл сыңсыған.
Ақтамақ құмды сүйем деп келіп сумаң жел,
Сықылық атып ернімен улы шымшыған.
Содан ба екен, ышқынып кұмдар ырғыған,
Сусыған құмдар - ысқырған бейне бір жылан.
Жеңіл ауыз желменен бірге жүгіріп,
Суларды бөгеп, ой менен қырға зырғыған.
Өзенді жұтар сорғыш бір дерсің бұл құмды,
Құмдарға сіңіп, бота көз көлдер қылғынды.
Көксағал жондар қақталған күнге қайыстай,
Ғасырлар аңсап, "шіркін-ай, су" деп жыр қылды.
Көктемде жасыл төрт түлік мұнда жамырап,
Шұбала көш кеп, көтерілді шаңырақ.
Жаз болса жанған жапан жондар жалаңаш,
Ел кешіп дала ит-құссыз қалды қаңырап.
Сол байтақ дала замандар суды жыр қылды,
Арман бір қылды, қиял бір қылды, сыр қылды.
Сатыр да сұтыр сойылдар сынып, қан шұбап,
Су — өмір үшін адамдар салды қырғынды.
Зарығып жапан "су-ай, - деп, - шіркін" қиын боп,
Көктен бір күткен үміттер өтті құйын боп.
Ақсақал біткен ақсары бас айтысты,
Қол жайып көкке, тасаттық жасап, жиын боп.
Бермеді құдай, сонда да бұл көк тамбады,
Кезеріп ерні, кақсыды өлке жан-жағы.
Тыз еткен бұлт пен қыстағы қырбық қылауға,
Сусаған дала мейірі мүлде қанбады.
Күндер бір өтті, жылдар бір жетті жылыстап,
Өрттей бір жанған жалқын да кызыл ту ұстап.
Бұл кезде, сірә, бұлттар бір емес көктегі,
Батырлар жүрді намысты ерттеп, кұрыстап.
Су үшін адам шындап бір салды дүбірді,
Жандарға жалын түнерген түз де жүгінді —
Қалалар орнап, жайлаған елдер бүгінгі
Жерлерге сулар дедектеп келіп жүгірді.
... Қаншама бастар су үшін осы ағарған?!
Қаншама жүрек үміттің отын жаға алған?!
Өңірге өлі өмір бір алып бармаққа,
Түздерді шарлап, аршындар әлі ақ арман!





Пікір жазу