26.07.2022
  110


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

КҮЙШІ

Сержан Шәкіратовқа
О, ғажайып, сілтеуін-ай шіркіннің!
Күйлеріңнің тасқынынан сілкіндім.
Нажағайы жай түсіріп күлкіңнің
Күлі көкке ұшты талай бүлкілдің.
О, ғажайып, сілтеуін-ай шіркіннің!
Күй дауылы сілкіп естен тандырып,
Сазға айналып дүние дулап жаңғырық.
Мен де сол кез алаулаймын дамылсыз,
Жаным балқып, жүрегімді жандырып,
Күй дауылы сілкіп естен тандырып!
Дүлдүлдердің тұяғы едің, жарадың,
Күйлеріңе берме тағат, қарағым,
О, халайық, дәл осы үйде отыр ма,
Құрманғазым, Тәттімбетім, Аралым?
Дүлдүлдердің тұяғы едің, жарадың!
Күйлер, күйлер - жанның сазы, алтыным,
Бабалардын ерлігінің жарқылын,
Сайрап берші жүрегінің жалынын,
Қаһарының жанды қарыр салқынын
Күйлер, күйлер — сыр сандығым, алтыным!
Күйлер, саздар - нұр шүғыласы-ау ғаламның,
Бар құдіретін берер сайрап даламның.
Аталардың ақ арманын ағытқан,
Саусағынан айналайын балаңның!





Пікір жазу