26.07.2022
  93


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ҚҰМ ТҮНІ

Теңізде жүзген сеңдей бір,
Далада қалқып шоқылар.
Сүттей жарық ай нұры
Қоянның жүрген іздері
Жазудай болып оқылар.
Сары құмды билеткен
Сал-сері тентек жел тынып,
Салқындық жайлап даланы,
Шалқиды кеудең желпініп.
Тамызда күндіз балқыған,
Дымданып түнгі салқынға
Жусанның аңқыр жұпары.
Белеске беттеп оттайды,
Шопанның торы "тұлпары".
Әндетер шопан жай ғана,
Еңбектен көңілі от алған.
Тыныштық тегіс айнала,
Жусайды бырт-бырт отарлар.





Пікір жазу