26.07.2022
  113


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

Г-қа

Ғашық болдым өлердей-ақ құмартып,
Сенде сондай бір мінезді шығардың.
Жол торыды Бекежан мен Қодарлар,
Бұл заманда болмаса да шығар түк.
Мен даланың тобылғысы,
Сен Тянь-Шанның мойылы ең.
Әдебіңе бір көргеннен тойып ем.
Қол ұстасып, өмір кештік, қыр астық,
Дей алмаймын сол кездерде мойып ең.
Ана болдың, қонақ күттің, жар күттің,
Бәрін ұғып, ата-ене айтқан "жарлықтың".
Ұстаздық кып мектебіңе жүгірдің,
Мігір көрмей өтіпті ғой барлық күн.
Бақыт таптық, парыз артты ел сеніп,
Ұл-қыз өсті Алатауды еңсеріп.
Бес белеске таяу қалған шағымда,
Сырқат шайқап, кетті аяғым теңселіп.
Менің көңілім сынбасын деп арайлым,
Бәрін төгіп, қабағыма қарайсың.
Жүздеріңе жүгіріпті әжімдер.
Шаршады-ау, деп мен де саған қараймын.
Өмір, сенің зейнетіңде көп шығар,
Шапағатың мол жақсылық боп шығар.
Бірін-бірі аялаумен өтуден,
Тіршілікте артық бақыт жоқ шығар.





Пікір жазу