26.07.2022
  100


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

КӨКТЕМ

Би билеп бұлақ жаңа тапты көрік,
Өң берді күн жүдеген бақты көріп.
Табиғат жер-ананы жасандырып,
Көз тоймас асыл шапан жапты келіп.
Торғын көк қалай үнсіз бөгеледі,
- Жаныңыз жасарады, көгереді.
Деді де түйдек-түйдек бұлтты үйіріп,
Әтірін жер бетіне себеледі.
Қыр кезіп, жырлап лирик-самал кетті,
Қобызшы-зауаға да хабар жетті.
Сайрады сұңқылдатып бұлбұл жырау,
Көктемгі ынтық етті базар көпті.
Жаршыдай зор дауысты жиындағы,
Заводтың тебірентті қиырды әні,
Көктем кеп думандатқан дүниенің,
Көңілімді желпіндірді күй-ырғағы.





Пікір жазу