26.07.2022
107
ТЕҢІЗ
Бұрын ғана көруші ек суретін,
– Теңіз! – деген осы ма құдіретің!
Толқындары таудай боп тулап, шулап,
Жақпарларға лап беріп жүгіретін.
Жатқандығын кім білген қанша алысып,
Жағаменен жұлқысып, жан салысып?.
Ыза буған жаралы арыстандай,
Ыңыранады күні-түн арпалысып.
Табиғаттың өр ұлы, арқалысы,
Ғасырлардың қаншама қалтарысын.
Түптен тартып, бір сайрап, жырау теңіз,
Келе ме екен терінен тарқағысы.
Өн бойында өрекпіп ағын жүріп,
Төгер еді-ау, шіркін-ай, қағындырып.
Тілін буып табиғат қоймағанда,
Өтер еді-ау талайды табындырып!
Таумен қамап табиғат қойған байлап,
Бұл бір асау, толқынын тасқа қайрап.
Жатыр мәңгі өкіріп, түсінгенге,
Адамша емес, өзінше – басқа сайрап.