ТУҒАН ЖЕР
Туған жер, келем тебіреніп,
Сезіммен лаулап жалын боп.
Алдымнан шығар еміреніп,
Бірақ та сары шалым жоқ.
Есептеп күннің ретін,
Мен келер деп қарайлап.
Төбеге шығып жүретін,
Қалқалап көзін қарай қап.
Үмітін бейне күткендей,
Айтатын: үйім толды, - деп.
Мүддесі мүлде біткендей,
– Аман бір жүрсең болды, - деп.
Ақ селеу шашы селдіреп,
Аймалар еді-ау, анашым.
Іші-бауры елжіреп,
Сүйгендей сәби баласын.
Жан ана-ай, шалқар сезімді,
Көз жасын төгіп те алатын.
– Сырқатып жүрген кезімде,
Келдің бе, -деп, - қанатым?!
Қоңыр үй күйге бөленіп,
Будақтап түтін ұшатын,
Шаттыққа көңіл кенеліп,
Кететін едім құс атып.
Дос, жора болып ерісіп,
Атыма қонып ақтабан.
Қарияларға керісіп,
Жейтінбіз сүрін сақтаған.
Тепсеңге бие байлайтын,
Жаз бойы өңі таймайтын.
Ақ жұмыртқа үйлер күмбірлеп,
Тоғайды ауылым жайлайтын.
Хат жолдап күндіз құрдастан,
Көңілдің күйін жырласқан,
Сүттей бір жарық түнгі аспан,
Құрбы қызбенен сырласқам.
Жатар ең толқып, Жем ару,
Жоныңда жайнап бақша гүл.
Жағаңда қандай демалу,
Шипа ғой шіркін, ақ шағыл!
Туған жер, бәрі есімде,
Жүрген шақ сенде ойнақтап.
Ентелей келіп төсіңде
Тебіреніп кеттім ойлап қап.
Дүниені бүтін жыршы ғып,
Таң келеді тағы арайлап.
Қоздатып күйін тіршілік,
Жаңарып жатыр бар аймақ
Тек қана анау белеңнен,
Қоңыр үй біздің көшіпті.
Сонда да аңсап келем мен,
Аңсаймын туған есікті.
Туған жер, саған келгем жоқ,
Ұзатқан қыздай төркіндеп,
Есігін қақпай әр үйдің,
Өзімси енем еркіндеп.
Шалқар бір құлаш шалдарың
Әкеме мүлде ұсап қап.
Сүйемін абзал жандарын,
Сүйеді мені құшақтап.
Жүрсін деп, аман әманда,
Анамды көрген аналар.
Ақ тілеп жүрген маған да,
Есімнен қалай қала алар?!
Тосырқап жатқан жан бар ма?!
Қанатын қаздай сабалап.
Мен жоқта туған балалар да,
Шабады алдан «ағалап».
Арайың жанға гүл екті,
Аймалап сүйдің құрғатпай.
Өзіңе деген жүректі,
Жүрермін калай жырлатпай?!
Өзіңде қоңыр баламын,
Болсам да аға мыңдарға.
Жүгіргім келіп қаламын,
Жем бойын шарлап құмдарға.
Бәз біреулерше тырсиып,
Демеймін өстім, ержеттім.
Ентелей өскен жыр сүйіп,
Мен саған мәңгі перзентпін.
Іңкәрлік деген күй болып,
Дуылдап, ойнап қанымда.
Айналып өшпес жалынға,
Туған жер, жүрсің жанымда.