26.07.2022
  87


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ҚАЙЫПТЫҢ АЙТҚАНЫ

Туған жер, тепкі көріп кетіп едім,
Кеткенмен не мұратқа жетіп едім?!
Телінген тел жүректен тірі айрылған,
Жалғанда жаны жара жетім едім.
Жүректі ғашық оты тілгіледі,
Жанары жатсам-тұрсам бір жүреді.
Өмірде өксісем де өлімші боп,
Бір медет – Ақбөбектің тірлігі еді.
Мұндар жау күйретерлік күйік еткен,
Көңілдің құлазумен күйі кеткен.
Пенделер малданса да, алданса да,
Рухы рухымды сүйіп өткен.
Қор болған Құралайым кіл мешерге,
Жалғанда заң бар ма екен тіл кесерге?!
Құсамен қурап жатыр дегенді естіп,
Асығыс аттанған ем тілдесерге.
Өзгені өттің көңіл көзіне алмай,
Жүрермін қалай оны сезіне алмай?!
Аяулым, аялаған ақ арманым,
Дариға-ай, өтіпсің-ау кезіге алмай.
Мұз жүрек неге ақпаңды қыс болмағам?
Неге әлде от сезімнен тыс болмағам?
Көшерде бұл дүниеден бақиласар,
Неге, әттең, қанаты бар құс болмағам?
Қыс өтті, қырлар кепті, кек көбейді,
Сөк мейлі "мұңайғыш" деп, сөкпе мейлі.
Шерленіп тас боп қатқан махаббатым,
Жадырап жаз келсе де көктемейді.
Көңілімді жайлау етіп аза-қайғы,
Жаныма ат ойнатып мазалайды.
Құдайы махаббаттың қашан, қашан,
Дүние-ай, бұл ажалды жазалайды?





Пікір жазу